9 Шілде 08:58
...

Саясат рингіндегі үшеу

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Елдің бірі тойлап, бірі тойламай, бірақ бәрі демалған «Астана һәм Елбасы күні» қарсаңында президент Қ.Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің кезекті отырысын өткізді.

Сөз жоқ, отыз жылда орта жолда тұралап қалған ортақ отарбамызға мықты реформалар керек-ақ.

Бірақ, бір өкініштісі – сол реформалар туралы әңгіме бізде сиырқұйымшақтанып бара жатқан сияқты.

Оның себебі мынада: біздегі реформалар рингінде үш негізгі күш бар. Әрине, адам аласы ішінде. Бірақ клан аласы... сыртында: әр күштің, бір топтың түпкі ниеті түсінген адамның көзіне ұрып тұрады.

«Айрандай ұйып тұрған, тұтас та тұрақты қоғамдағы ол неғылған күштер?», – дейсіз бе?

Реформалар жөнгіндегі жоғарғы кеңестің отырысы. Фото: primeminister.kz

Жоғарыдағы сұрақты таратып айтып берейін.

Бірінші күш – шартты түрде айтқанда, ренегаттар (латынша «renego» – «бас тартамын»). Баса айтайын – биліктегі ренегаттар. Яғни бұрын жария етілген саяси бастамаларды мансұқ етіп, олардың басты бағыттарын бұра тартатындар.

Президент сайлауы қарсаңында және одан кейін Тоқаев өзінің саяси реформаларды қолға алатынын ашық түрде мәлімдеген еді. Оған көп адам сеніп, үміт артты. Әлі де ондайлар баршылық. Рас, көңілге қонымды біршама істер атқарылып та жатыр. Бірақ уақыт өткен сайын сол реформаларға қатысты оптимизм азайып барады. Және де оның өз себептері бар.

Мәселен, осы Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің құрамында неге тек президентке «ақсақты тыңдай, өтірікті шындай қып» көрсететін шенеуніктер ғана отыр? Реформа деген, ең алдымен – талай жылдан бері халық аңсап, көксеп келе жатқан демократия. Олай болса, ол кеңесте неге демократиялық күштер өкілдері жоқ?

Президент аракідік кеңес отырыстарын өткізіп, реформа барысы туралы есептерді тыңдап жатады. Мысалы, күні кешегі ақпаратта «президентке әзірленіп жатқан 10 ұлттық жоба туралы айтылды» делінген.

Сайда саны, құмда ізі жоқ ол не жобалар? Ұлттық жобалардың жазылуы мен қабылдануына ұлттың өзі атсалысуы керек емес пе? Ал кез келген ұлттың саяси спикерлері мен атқарушылары тек қана өкімет емес, қоғамдық ұйымдар, тәуелсіз БАҚ, саяси партиялар, соның ішінде, заңды оппозиция емес пе? Ол жобаларды неге қоғам боп ашық та өткір пікірталас жағдайында талқыламасқа? Ұлттық телеарналарда арнайы хабарлар ашып, сол жобаларды күні-түнгі неге қызу талқыға салмасқа? Келісіп пішкен реформа тоны келте болмас!

Фото: kommersant.ru

Саясатта «лоббизм» деген ұғым бар. Яғни, белгілі бір шешім қабылданар алдында нақты топ не тап өз мүддесін қорғаштап, соны негіздеп, соны ғана насихаттап жатады. Тек қана билік өкілдерінен тұратын сол Кеңес әзірлеп жатқан ол жобаларда шенділердің діттегені жазылып, алуанпікірлі қоғам мүддесі ескерілмей қалса, не істейміз? Ондай жасанды реформаға халық сене ме? Ал халық қолдамаған реформаның тағдыры не болмақ? Ұсынған реформасын өз халқы қолдамаған президенттің жағдайы не болмақ?

Ең бастысы – Кеңес жұмысы туралы ресми ақпаратқа салсақ, ол қарастырып жатқан тақырыптардың ішінде шынайы демократиялық өзгерістердің – әділ де бәсекелі сайлау, көппартиялықты, қоғамдағы пікіралуандығын, соның ішінде, оппозицияны легитимді ету, заңдастыру – он екіде бір нұсқасы жоқ.

Көп нәрсе қалыптасқан авторитарлық жүйе аясында жасалатын сияқты. Яғни, ренегаттар «өркениеттік дамуда алға басамыз» деген президенттің бастамасына қарсылық жасап қана қоймай, оның өңін айналдырып жатыр. Оны саясаттануда «имитация» дейді. Қазақша ол «көзбояушылыққа» келеді. Сөз жүзінде қолдағанмен, іс жүзінде ренегаттар президент жариялаған игі қадамдардан бас тартып жатыр. Ренегаттық емей не бұл сонда?!

Елбасы мен Президент.

Екінші күш – «өзгерістер дәл қазір болуы тиіс!» деп, билікпен еш мәмілеге келгісі жоқ, «біздікі ғана дұрыс, қалғандарынікі – бұрыс!» деп, қасарысып тұрып алған радикалдар (латынша «radical» «түбір»).

Ел ішінде және сыртында олардың да өз лидерлері баршылық. Кейбіреуінің бітіспес саяси күресі жекебас вендеттаға ұқсаңқырап жатады. Яғни, олардың мақсаты құбыжық жүйені өзгерту емес, нақты адамды құлату, одан кек алу секілді. Екі олигархтың текетіресі кезінде халық құрбан болуы мүмкін екенін олар айта бермейді.

Осы жерде орайы келетін-ақ «екі түйе сүйкенсе, шыбын өледі» деген мақалды мен әдейі қолданып отырған жоқпын, өйткені олар түйе емес, халық – шыбын емес! Ондай қантөгістің бір нышанын Жаңаөзенде көргенбіз. Радикалдардың идеологтары «қан төгілмей, ешнәрсе өзгермейді!» деген уәжді ел ішіне сіңіріп те жатыр! Бір шошитыным – осы теріс тезисті қабыл алып жатқандардың саны күн сайын артуда!

Бір қызығы – дәл осындай революцияшыл көзқарастағы адамға: «Билікке қарсы баррикадаға шығасыз ба?», – десем, «Жоқ, менің бала-шағам бар, шейіт боп кетсем, оларды кім асырайды?», – деп күмілжиді. Ал өзі Фейсбукта отырып, жаңаруды қалап, қантөгісті қаламайтын, эволюцияшыл қауымды жерден, алып жерге салып жатады.

Жалпыдемократиялық үдеріс пен стандарттар тұрғысынан алғанда радикалдардың ұрандарының көбісі көңілге қонымды-ақ. Ол туралы қазақ демократтары айтып келе жатқанына да отыз жылдан асты. Бірақ ондай шектен шыққан радикализм кей жағдайда Қазақстан тәуелсіздігіне төніп тұрған ішкі және сыртқы қауіптерді ескере бермейді.

Ең бастысы – билік өз халқынан неғұрлым алыстай түскен сайын соғұрлым қоғамда ымырасыз, бітіспес көзқарастағы, соның ішінде, төңкерісшіл пиғылдар мен күштер көбейе түседі. Саясаттың әркездік әрі әмбебап бір заңы сол!

Үшінші күш – реалистер (латынша «realis» «нақты болмыс, зат»).

Олар қоғамдағы процестер мен оқиғаларға мейлінше реалистік тұрғыдан қарайды, мейлінше объективті де әділ баға беруге ұмтылады. Олар ренегаттардың мемлекетті артқа сүйрейтін, кертартпа ұстанымдарына қарсы. Өйткені ол дегеніңіз – кезекті тоқырау. Сонымен бірге, олар шынайы демократиялық реформаларды кейінге қалдырмау қажеттігін түсінеді, онсыз Қазақстанның болашағы жоқ.

Арқа еті арша, борбай еті борша боп, әбден шаршаған жұрт тағы да 30 (20 не 10) жыл күте алмайды! Бірақ та реалистер қоғам мен билікте қалыптасқан аса қиын ахуалды да ескереді, ол факторлармен санасады. Олар радикалдар жоққа шығармай отырған қантөгіске қарсы. Өйткені, әр қазақ – олардың жалғызы.

Сонымен бірге олар Тәуелсіз елімізге көз алартушы, азуын Айға білеген «геосаяси гиганттардың» да бар екенін біледі. Осы және басқа да жайттарды ескеріп, олар принципті, табанды позиция ұстанады да, сонымен қатар сол реформаларды жүзеге асыруда биліктің де рөлін жоққа шығармайды.

Осы үш күштің өкілдері қоғамда да, билікте де, оппозицияда да бар.

Реформалар рингіндегі идеялар мен ұстанымдар шайқасы жалғасуда...

Тегтер: