Министрлік «Қазсушар» филиалдарының басшыларына сөгіс жариялады

Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушардың» Қызылорда және Түркістан облыстарындағы филиалдарының директорларына, сондай-ақ Түркістан филиалының Мақтаарал және Шардара өндірістік бөлімшелерінің басшылары мен Жетісай өндірістік бөлімше басшысының орынбасарына қатаң сөгіс жариялады.
Алматы, NEGE. Оған ылғалды көп қажет ететін дақылдардың көлемін арттыру және күріш егістіктерін суару үшін суды заңсыз алу сбеп болды. Түркістан облысында күріш егу жоспары 4,7 есе артық орындалған.
Мемлекет басшысының 2024–2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту тапсырмасын орындау жөніндегі Жол картасына сәйкес, биыл бұл аймақта күріш алқабының көлемі 2 800 гектардан аспауы тиіс еді. Алайда нақты егіс көлемі 13 258 гектарға жеткен. Суармалы судың жетіспеушілігі қаупіне қарамастан, жергілікті «Қазсушар» филиалы шаруалармен күріш алқабын суару туралы келісімшарттарды белсенді түрде жасасқан. Атап айтқанда, Жетісай өндірістік бөлімшесі – 1 528 гектар алқапты суару үшін 77 келісімшарт, Шардара өндірістік бөлімшесі – 6 453 гектарға 499 келісімшарт, ал Мақтаарал өндірістік бөлімшесі – 5 277 гектар күріш алқабын суаруға 471 келісімшарт жасаған.
Қызылорда облысында Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмыс тобы 126 шаруа қожалығының жергілікті «Қазсушар» филиалымен келісімшартсыз 4 908 гектар күріш алқабын суарғанын анықтады. Тексеру жүргізілгенге дейін бұл шаруашылықтар рұқсатсыз шамамен 52 млн текше метр су пайдаланған. Мұндай заңсыз су алу жағдайлары қосымша 180 млн текше метр су қажеттілігін тудырып отыр. Бұл ретте су алу көлемі рұқсат етілген шектен 220 млн текше метрге артып кету қаупі бар.
Суды заңсыз пайдалану және «Қазсушар» филиалдары басшылары тарапынан ылғалды көп қажет ететін дақылдарды азайту бойынша бақылаудың жеткіліксіз болуы су ресурстарына үлкен салмақ түсіріп отыр. Бұл өз кезегінде заңды келісімшарт бойынша су алып отырған адал тұтынушылардың жағдайын қиындатады.
Қазақстанның оңтүстігінде суару маусымы биыл 20 күнге ерте басталғанын еске сала кетейік. Бұған себеп — ауа температурасының жоғары болуы мен жауын-шашынның болмауы. Осыған байланысты өңірде суармалы суды әділ бөлуді қамтамасыз ету мақсатында егіс алқаптарын кезекпен суару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда еліміздің оңтүстігіндегі бес өңірде ауыл шаруашылығы қажеттілігіне алынған су көлемі шамамен 7 млрд текше метр. Оның ішінде Түркістан облысы – 2,82 млрд текше метр, Қызылорда облысы – 2,5 млрд текше метр, Алматы облысында бұл көрсеткіш 527 млн текше метрден астам, Жетісу облысында – 631,7 млн текше метр, ал Жамбыл облысында – 512 млн текше метр.