5 Қазан 16:10
...

Саудаң жүрсін! Қазақстан үшін НЕГЕ сауданы дамыту басты назарда болуы тиіс?

Фото:

Электронды коммерцияның дамуы еліміз үшін сауда-саттықты жандыруға барынша мүмкіндік ашып берді. Бірақ сауданың даму деңгейін бағалайтын халықаралық рейтинг - GRDI индексі бойынша 15-ші орындамыз. Ол рейтингті көтеруге болады және оған мемлекет те мүдделі болып отыр.

Екі индустриялық бесжылдықты іске асыру қорытындысы бойынша бүгінгі таңда Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың оң серпіні қалыптасты. Өндіріс көлемі 2,7 есеге артып, 70 триллион теңге сомасына отандық өнім өндірілді. Өндіріс құрылымында металлургия саласының, тамақ өнімдерінің, машина жасау, химия өнеркәсібінің тауарлары басым.

2020 жылдан бастап индустрияландырудың жаңа бесжылдығын іске асыру басталды, онда басты назар өндіріс көлемін ұлғайтуға және ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өңделген тауарлар номенклатурасын кеңейтуге бағдарланған өңдеуші сектордың тиімді кәсіпорындарына бағытталған.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тамақ өнімдері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өнімдерінің өндірісін дамыту көзделген. Өндірістің серпінді дамуымен қатар, мемлекет ішкі және сыртқы нарықтарда өз тауарын тиімді, кепілді, болжамды өткізуді қамтамасыз ету бойынша әрбір өндіруші үшін тең әрі қолайлы жағдайлар жасайды.

2020 жыл жаһандық экономиканың өсуінің баяулаудан басталды, оның жағдайында әлемдік саудада сақталып отырған шиеленіс әлемдік жеткізілімдер мен бүкіл әлемдегі одан арғы экономикалық интеграция үшін кедергі жасайтынын айта кету керек. COVID-19 пандемиясының таралуы көптеген елдерде өндірістің тоқтауына алып келді, әлемнің экономикалық белсенділігінің төмендеуіне, сондай-ақ жеткізілімдер тізбегіне кіретін көптеген компаниялардың өнімділігіне әсер етті. Үкімет қабылдаған шешімдер қалпына келтірудің болашақ нысанын және Қазақстанның сыртқы және ішкі саудасының өсу перспективаларын айқындайды. Қуатты, тұрақты және инклюзивті экономиканы қалпына келтірудің негізі қаланады.

Үкіметтің қазіргі позициясы бойынша, сауда фискалдық және ақша-несие саясатымен бірге маңызды компонент болуы керек. Ашық және болжамды нарықтарды ұстап тұру, сондай-ақ бизнес үшін неғұрлым қолайлы ортаны құруға ықпал ету Қазақстан үшін қажетті жаңа инвестицияларды ынталандыру үшін маңызды болады. Осы жолда үкімет арнайы құжат әзірлеп, өзінің сауда саласы бойынша даму сатысын айқындап алды. Ол құжат «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары» деп аталады. Жоспарда сауда инфрақұрылымын дамыту, электрондық коммерция арналарын, көрсетілетін сауда қызметтерін кеңейту, тауарлар экспортын ілгерілету және сыртқы сауданы дамыту жөніндегі нақты міндеттер айқындалған.

Мемлекеттің ойы бойынша, бірінші кезекте, тұтынушы үшін оның жоғары сапалы отандық тауар мен көрсетілетін қызметтерді әділ бағамен сатып алу жөніндегі қажеттілігін қанағаттандыратын қолайлы орта қалыптастыру керек. Осыған байланысты, ішкі сауда саясаты қолайлы тұтыну ортасын құру үшін сауданың әртүрлі форматтарын, қазіргі заманғы көтерме буын мен сауда инфрақұрылымын дамытуға бағдарлануға тиіс. Сонымен бірге тұтынушылардың құқықтарын қорғау институтын нығайту бойынша кешенді жұмыс қажет, ол бұзылған тұтынушылардың құқықтарын қалпына келтіруге және оған келтірілген залалдың кедергісіз өтелуін қамтамасыз етуге міндетті.

Отандық өндірісті жедел дамыту өнімді өндірушіден тұтынушыға дейін жеткізу тізбегін оңтайландыруға, тауар шығындарын қысқартуға және ел халқының барлық топтары үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретін тиімді тауар өткізетін инфрақұрылым құру есебінен мүмкін болады. Сонымен қатар, тауар өткізетін инфрақұрылым қазақстандық тауарлардың экспортына және шетелдік тауарлардың Қазақстан арқылы транзитіне бағдарлануға тиіс.

Ал тауарлардың бағасын тұрақтандыру, болашақ бағаларды сапалы түрде болжау және оларды сақтандыру мүмкіндіктері, сауданы көлеңкеден шығару мәселелерін шешу, оның ішінде қазіргі уақытта ішкі, сол сияқты сыртқы нарықтарда да қарқынды дамып келе жатқан биржалық сауданы дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде шешу жалғасады.

Сонымен қатар, ел ішінде, сол сияқты трансшекаралық тұрғыдан электрондық сауданы дамыту ауқымы қарқынды өсіп келеді. Барлық сәлемдемелерді тұтынушыға дейін үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін қажетті инфрақұрылым құрылуда. Қазақстан үшін сауда жүргізу шарттарының өзгеруіне байланысты әлемдік нарықтағы ағымдағы үрдістерді, қатерлер мен сын-қатерлерді ескере отырып, осы сын-қатерлерге уақтылы ден қою және олардың ел экономикасына әсерін азайту, сондай-ақ экономикалық әріптестер мен әлеуетті бәсекелестердің сауда және өнеркәсіптік жоспарларын ескеру де маңызды.

Түрлі халықаралық ұйымдардың саудаға тигізер әсері қандай?

Ұлттық сыртқы сауда саясаты елдің сыртқы экономикалық байланыстарын жолға қою және нығайту, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өзара тиімді сауда құру, қазақстандық компаниялардың басым бөлігін сыртқы сауда қызметіне тарту, саудадағы рәсімдерді оңайлату және кедергілерді жою, сондай-ақ Қазақстанға қарсы протекционистік шараларды қолданатын елдерге қатысты жауап шараларын енгізу арқылы елдің экономикалық өсуі мен дамуына жәрдемдесуге бағытталатын болады.

Әлемде болып жатқан саяси және экономикалық өзгерістерге байланысты реформалардың қажеттігіне қарамастан, бүгінгі күні Дүниежүзілік сауда ұйымына еш балама жоқ. Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуы, ең алдымен, осы ұйымның жұмысына белсенді қатысу арқылы қол жеткізілетін оның сауда-экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету үшін бірқатар мүмкіндіктерді көздейді. Осыған байланысты елдің әлемдік нарықта артықшылықтарға ие болуына және ішкі нарықта отандық өндірушілердің мүдделерін қорғауға бағытталған бірқатар шараларды қамтитын халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастыққа еліміздің қатысу стратегиясын әзірлеу қажет. Тұтастай алғанда, қазір мемлекет сыртқы сауда және ішкі бәсекеге қабілеттіліктегі артықшылықтарын біледі. Әрі өткізу нарықтарын саралап отырып, қандай тауарлар мен көрсетілетін қызметтерде ұлттық сауда саясатын жүргізулі ойластырып отыр. Халықаралық нарықтағы өзгеріп отыратын жағдайларды ескере отырып, өңделген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша Ұлттық экспорттық стратегияда ұсынылған тәсілдер мен шаралар өзектілендіріліп, елдің экспорттық әлеуетін толық іске асыру үшін пайдаланылатын болады.

Өңірлік және жергілікті деңгейде мемлекет Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы, «Орталық Азия» сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығы базаларын пайдаланып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыта бермек.

Қазір саудадағы жағдайымыз нешік?

Сауда жалпы ішкі өнімнің өсуіне жақсы әсер береді. Бастысы ол экономикалық даму драйвері болып табылады. Әлемдік жалпы ішкі өнімдегі сауданың орташа үлесі 58,6 пайызды құраған. Демек байлықтың тең жартысын сауда береді. Бірақ, сауданың Қазақстандағы ішкі жалпы өнімдегі үлесі небары 0,13 пайыз болып отыр. Демек осы көрсеткішті арттыру мемлекет үшін өте маңызды. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында бұл үлес 6,6%, ал Қытайда 6%, Германияда 4,1 пайызды құрайды.

Қазақстандық өнім сапалы ма?

Мемлекеттік стратегиялық жоспарында өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етудің маңызды құралы техникалық реттеу, аккредиттеу, сертификаттау, стандарттау және өңделген тауарлардың экспортын ынталандыратын өлшемдердің біркелкілігін қамтамасыз ету, сонымен қатар импортталатын өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету, техникалық кедергілерді азайту, саны мен сапасын ескеру кезінде біркелкі тәсілдерді қолдану екені жазылады. Былайша айтқанда, мемлекет өнімнің дайындалу барысын қатаң қадағаламақ. Мұндай ортақ нарықтағы бірыңғай талаптардың артықшылықтары практикада бірнеше рет дәлелденген. Өндірушілер үшін артық әкімшілік кедергілер жойылады. Қазіргі заманғы талаптарды қолдану тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, ал тұтынушылар үшін өнімнің техникалық регламенттерге сәйкес келетін қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. Қазір, шынымызды айтқанда, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде жетекші орындардың бірін сапа иеленіп отыр. Тұтынушы үшін пайда мен тартымдылықты және нарықтағы бәсекелестік мүмкіндіктерді айқындайтын сыныптама, сұрыптылық және басқа да сапалық көрсеткіштер. Мұндай стандарттар өнімнің әрбір түрі үшін кешенді түрде әзірленуге тиіс. Тауар сапасының Қазақстан аумағында қолданылатын нормалар мен стандарттарға сәйкестігін айқындау арқылы жүргізілген сәйкестікті бағалау сапаны арттыруда маңызды рөл атқарады.  «Стандарттау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында халықаралық модель негізінде ұлттық стандарттау жүйесі субъектілерінің құзыреттері мен функцияларының ара жігін нақты ажырататын жаңа ұлттық стандарттау жүйесі айқындалған болатын. Бәсекеге қабілетті отандық өнімнің сапасын арттыру және өндірушілердің экспортқа бағдарлануын қолдау мақсатында экономика салаларының басым бағыттарына сүйене отырып, Ұлттық стандарттау жоспары қалыптаспақ. Енді бұдан былай Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қоры жұмыс істейді. Ол қорда барлық техникалық құжаттар бар.

Стандарттау бойынша жүргізілетін жұмыстар шеңберінде стандарттау жөніндегі халықаралық және өңірлік ұйымдармен, сондай-ақ халықаралық стандарттарды ұлттық стандарттар ретінде қолдану мүмкіндігі мақсатында ISO, IEC, CEN, CENELEC сияқты стандарттау жөніндегі ұлттық органдармен өзара ынтымақтастық туралы 29 лицензиялық келісім мен 16 меморандум жасалды.

Ал қазір елімізде сәйкестікті бағалау саласында аккредиттеу жөніндегі орган - Ұлттық аккредиттеу орталығы жұмыс істейді, ол ILAC MRA-ның сынақтар, калибрлеу және медициналық зертханалар бойынша өзара тануы туралы келісімнің, Өнім және менеджмент жүйесі бойынша IAF MLA келісімінің толық құқықты мүшесі және қол қоюшысы, Халал аккредиттеу жөніндегі халықаралық форумның толық құқықты мүшесі болып табылады. Бұл өз кезегінде Қазақстанда халал сертификаттау жүйесін жедел енгізуге, сондай-ақ отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін және қазақстандық тауарлардың Парсы шығанағы елдері мен IHAF-қа мүше мемлекеттердің нарығына экспортын арттыруға өте жағымды ықпал етті.

Өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін еліміз жыл сайын сынақ базаларын дамытып келеді. Қазіргі уақытта елімізде 875 сынақ зертханасы және 83 сертификаттау органы жұмыс істейді. Кеден одағының сәйкестікті растау жөніндегі органдары мен сынақ зертханаларының бірыңғай тізілімінің, сондай-ақ Сәйкестік сертификаттары мен декларациялардың Кеден Одағына сәйкестігі туралы бірыңғай тізілімнің ұлттық бөліктерін  электрондық нысанда қалыптастыру арқылы ЕАЭО шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыс аса маңызды болып табылады. Осы арқылы Қазақстан одақ ішіндегі тауарлардың еркін саудасына жағымды ықпал етіп отыр.  

Бүгінгі күні өнімнің қауіпсіздігіне қатысты ЕАЭО-ның 48 техникалық регламенті қабылданды. Ал оның ішінде 43 техникалық регламент күшіне енді. Қазақстан тек 4 техникалық регламентті сақтамаған. Олар аттракциондар, шағын көлемді кемелер, автокөлік құралдарының құрамдастары мен темекі өнімдерінің кейбір көрсеткіштері. Ал қалған 39 техникалық регламенттің барлығын Қазақстан сақтайды және ол бойынша өз тауарын еркін сата алады.

Қазақстан және контрафакт. Қалай қорғанамыз?

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының қолданыстағы мемлекеттік бақылау жүйесі сәйкес келмейтін өнімді әкелуге жол бермеу үшін алдын алу шараларын қолдануға мүмкіндік бермейді және қауіпсіз емес және сапасыз өнім айналымына байланысты анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтардың салдарларын жоюға бағытталған. Қазақстан нарығында айналымда болатын, нарықта өнімнің әкелінуі мен айналымын толыққанды қадағалауға мүмкіндік беретін өнімдер туралы бірыңғай интеграцияланған ақпараттық жүйенің болмауынан жағдай күрделене түсуде. Нарықты қорғау бойынша қабылданып жатқан ретсіз шаралар қауіпсіз емес және контрафактілік өнімдердің жолы кесілетініне кепілдік бермейді, кедендік режимде шартты түрде шығаруға жататын тауарлардың кеңейтілген тізбесі тауарды үшінші елдерден сынақтарсыз әкелуге мүмкіндік береді.

Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты аккредиттеу субъектілері мен мүдделі пайдаланушыларды мемлекеттік эталондар мен өлшеу құралдарының эталондық базасымен қамту, сол сияқты өлшеу дәлдігі түрлерін ұлғайту бөлігінде өндірісті метрологиялық қамтамасыз ету деңгейіне қойылатын талаптар күрт өсті. Кәсіпорындарда шығарылатын өнімнің сапасы өлшеулердің саны мен сапасына байланысты болады, олардың көмегімен өндірістік процестердің технологиялық параметрлері, сол сияқты алынатын бұйымдардың параметрлері, сипаттамалары мен қасиеттері де бақыланып отыр.

Эталондарды жаңарту бізге ауадай қажет. Себебі, эталондарды жаңғырту елімізде өлшеулер деңгейін арттыру жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеді, метрологияны сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп, Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарында озық технологияларды енгізу үшін жағдай жасайды.Озық технологиялар өлшеулердің жаңа түрлеріне оқытуды, ал жаппай енгізілген өлшеу құралдарын калибрлеу – жаңа калибрлеуді игеруді талап етеді.

Қазіргі уақытта қазақстандық өнім өндірушілер бүкіл әлем бойынша елдермен сауда қатынастарын жолға қоюда. Оларға өздері өндіретін өнімнің халықаралық стандарттардың барлық талаптарына сай келетінін дәлелдеуге тура келеді. Осыған орай, өлшеу құралдарын тексеруден оларды калибрлеуге көшу кезеңінде өлшеу нәтижелерін халықаралық эталондарға қадағалау мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Бұл қадағалау метрология жөніндегі өңірлік және халықаралық ұйымдар ұйымдастыратын халықаралық салыстыруларға ұлттық метрологиялық институттың қатысуы, салыстыру және олардың белгісіздігін бағалау кезінде өлшеудің нақты нәтижелерін алу жолымен көрсетілуі мүмкін. Сәйкесінше олардың негізінде халықаралық шаралар мен таразылар Бюросының деректер базасында өлшеу және калибрлеу мүмкіндіктері жарияланады. Ұлттық эталондық базаның жаңғыруы бізге осы үшін керек.

Бір сөзбен айтқанда, сауда саласы еліміз үшін өте маңызды. Ұлы Жібек жолының торабында отырып, қазірдің өзінде сауданың көптеген шешілмеген проблемаларына кезігіп отырмыз. Келесі материалда мемлекеттің сауданы дамытудың нақты жоспарын қалай көріп отырғанын шолып шықпақпыз.

Тегтер: