6 Тамыз 09:30
...

Бразилиядан Португалияға дейін. Мемлекет осы жазда қалай инвестиция тартты?

Фото:

30 жыл ішінде Қазақстан тарта білген инвестиция көлемі 365 миллиард доллардан асқан. Оның басым бөлігі шикізат саласына келсе де, соңғы жылдары Қазақстан шикізаттан тыс салаларға да белсенді инвестиция тарта бастады.

Адам басына шаққандағы инвестиция көрсеткіші бойынша еліміз әлем рейтингтерінің алдыңғы қатарына кіретінін осының алдында жазған болатынбыз. Қазір мемлекетіміз инвестициялық қолайлы ортаны сақтап, және инвесторларды көбінесе шикізат секторынан басқа қайта өңдеу, машина жасау сынды қосымша құны жоғары салаларға бағыттағысы келеді.

Қазақстанның адам басына шаққандағы қарқынды инвестиция тартуы әлемдік рейтингтерде де көрініс тауып, елдің жоғарғы сатыларға жайғасуына септігін тигізді. Атап айтқанда, олар жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі, Doing Business индексі мен экономикалық еркіндік индексі.

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мәліметінше, соңғы 30 жылда Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 13 есе өскен. Мысалы, 2020 жылдың аяғында бір жылда тартылған инвестиция көлемі 17 миллиард АҚШ долларына жетсе, 1993 жылы инвестиция сомасы бар-жоғы 1,3 миллиард долларды құраған еді.

Шетел инвесторлары кеңесінің отырысы. Фото: strategy2050.kz

Қазақстан инвестиция тартудың халықаралық заңнамалық аясында жұмыс істейді. Еліміз 2017 жылы ОЭСР Халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар туралы декларациясына қосылып, осы ұйымның Инвестициялық комитетінің ассоциацияланған мүшесі мәртебесін алды. Дәл сол жылы Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, тікелей шетелдік инвестициялар ағынының едәуір ұлғаюын көздейтін 2018-2022 жылдарға арналған ұлттық инвестициялар стратегиясын қабылдады. Қазір бізге тартылатын барлық инвестициялар осы стратегиялық құжат аясында қарастырылатын болған.

Халықаралық сарапшылар Қазақстанның қолайлы инвестициялық климат құра алғанын растайды. Соның арқасында 2019 жылы Doing Business - бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінде еліміз 190 елдің арасында 25-ші орынға көтерілді. Рейтингтің артуына себеп ретінде Қазақстан Республикасында инвесторлар үшін заңнаманың айтарлықтай жеңілдеп, оңайлатылған салық режимі қолданыла бастағаны көрсетілді.

Мемлекеттің атынан инвестиция тарту міндеті осы мақсатта арнайы құрылған «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясына жүктелген болатын. Басты тапсырма – шикізаттан тыс, қайта өңдеу, басқа да технологиялық салаларға қаржыландыру табу. Ұлттық компания инвестиция тарту жолында осы жазда не істеді? Қандай келіссөздер жүргізді? Оның нәтижелері бар ма? Nege.kz ұлттық компанияның өткен екі айдағы қызметін саралап көрген.

Нидерланд елінен инвестиция тарту

KAZAKH INVEST Нидерландының биология саласындағы ірі компаниялары болып табылатын «KOPPERT Biological Systems» мен «Dutch Greenhouse Delta» басшыларын Қазақстанға кездесуге шақыра білді. Осы кездесуде «KOPPERT Biological Systems» компаниясының бас директоры Генри Остук зиянкестермен кешенді күресу үшін органикалық өнімдер мен қызметтерді өндіру жобасын көздеп отырғанын айтып қалды. Оның сөзінше, жоба пестицидтер мен химиялық тыңайтқыштарды қолдануды азайтуға және топырақ пен өсімдіктердің табиғи иммунитетін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін жабысқақ тұзақтар мен феромон тұзақтары сияқты биологиялық өнімдерді өндіруді қарастырады.

Айта кету керек, бүгінгі таңда «KOPPERT Biological Systems» өсімдіктерді биологиялық қорғау нарығында жетекші орын алады. Компанияның өнімдері әлемнің 100-ден астам елінде сәтті қолданысқа ие. 

Сонымен қатар, Нидерланд делегаттарының жұмыс сапары аясында «Дала күні» іс-шарасы ұйымдастырылды, оның барысында инвесторлар «Армавирский» ЖШС демонстрациялық алаңына барды. Іс-шарада ауыл шаруашылығына арналған тұрақты технологиялар және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапасын арттыру үшін оларды қорғаудың біріктірілген жүйесі таныстырылды. Сапар аясында Нидерландыдан келген делегаттар «KAZAKH INVEST» компаниясының мұрындық болуымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен, «Астана» халықаралық қаржы орталығымен және «QazIndustry» акционерлік қоғамымен кездесулер өткізді. 

Нидерланды мемлекеті Қазақстанның Еуропа Одағындағы басты серіктестерінің бірі болып табылады. Ол отандық экономикаға жасалған инвестициялар көлемі бойынша бірінші орын алады және сауда серіктестері арасында да жетекші орынға ие. Осыны ескере отырып, өткен маусым айында KAZAKH INVEST 15-ке жуық Нидерланд компанияларын жинап, Қазақстан-Нидерланд дөңгелек үстелін ұйымдастырды. Бұл шара өзінің нақты нәтижесін берді деуге болады. Себебі Нидерландылық әріптестермен Қазақстандағы жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша бірқатар коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

Бразилиядан инвестиция тарту

Бразилиялық «WEG» машина жасау алыбы Қазақстанға инвестиция салуды жоспарлап отыр. Мұны байқаған KAZAKH INVEST бразиялық компаниямен электр машина жасау саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары, сондай-ақ Қазақстан өнеркәсібіне цифрлық шешімдерді енгізу бойынша келелі келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында KAZAKH INVEST басшысы Мейіржан Юсупов түрлі салалық жеңілдіктер мен преференцияларды қамтитын шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау жүйесі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.  Сонымен қатар, ол Бразилия тарапымен инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың жоғары әлеуетін атап өтті. Орталық Азиядағы «WEG» бас директоры Сергей Мущенко компанияның Қазақстандағы машина жасау саласындағы ірі инвестор болғысы келетінін білдірді.

Бірінші кезеңде техникалық қызмет көрсету, оқыту, технологиялар трансферті сияқты жұмыстарды қамтитын сервистік хаб құру жоспарлануда. Сонымен қатар, екінші кезең аясында инвесторлар Қазақстанда электр жабдықтарын өндіретін зауытты оқшаулау мүмкіндігін қарастырады.

Инвестор атап өткендей, бұл жобаны іске асыру қазақстандық өнеркәсіпке сапаны бақылаудың озық технологияларына қол жеткізуге, предиктивтік мониторингті қоса алғанда өндірістің өнімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде, KAZAKH INVEST осы жобаны іске асыру үшін жергілікті әріптесті іріктеуді, тиісті мемлекеттік қолдау шараларын алуды және мүдделі мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізуді өз мойнына алды.

Бразилия Қазақстанның Оңтүстік Америкадағы ірі экономикалық әріптесі болып табылатынын атап өту қажет. 2016 жылы қарашада «Бразилия-Қазақстан» сауда-өнеркәсіп палатасы ашылды. 

Бізге инвестор болғысы келіп отырған "WEG" компаниясы электр жабдықтарын өндіру бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. Компания өнімдері 135 елдің 5 құрлығында ұсынылған. Күн сайын «WEG» шамамен 120 мың электр қозғалтқышын шығарады. Компанияның 14 елде 40-тан астам өндірістік алаңдары және 36 елде коммерциялық филиалдары бар. WEG қызметі 5 өндірістік бағытқа бағытталған: электр қозғалтқыштары мен редукторлар, автоматтандыру технологиялары, энергияны беру және тарату жабдықтары, энергияны өндіру жабдықтары, өнеркәсіптік сұйықтықтар мен бояуға арналған ұнтақтар. 2019 жылдан бері Алматы қаласында Орталық Азиядағы «WEG» компаниясының аймақтық филиалы жұмыс істейді. Өкілдік KAZAKH INVEST пен Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігі қолдауымен ашылған болатын.

Португалиядан инвестиция тарту

KAZAKH INVEST Португалиядан да инвестиция тартуды көздеп отыр. Португалия біздің күн энергиясын өндірудегі жақсы серіктесіміз болуы мүмкін. Осы жазда ұлттық компания мен Португалияның сауда және инвестициялар жөніндегі агенттігі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Экономикалық ынтымақтастық перспективалары мен инвестициялық жобаларды іске асырудағы жаңа тәсілдер Португалияның сауда және инвестициялар жөніндегі агенттігі (AICEP) басшылығының Қазақстанға сапары барысында талқыланды. Жұмыс сапары аясында AICEP төрағасы Луиш Филипе де Каштру Энрикеш мырза KAZAKH INVEST басшылығымен кездесті. Кездесуге сондай-ақ Португалия Республикасының Қазақстандағы Уақытша Сенімді өкілі Аделина Вийейра да Кунья да Силва және AICEP Төрағасының кеңесшісі Луиш Мария Пинту де Мешкита Ребелу де Соуза қатысты.

Келіссөздер барысында KAZAKH INVEST басшысы Мейіржан Юсупов Португалия тарапына түрлі салалық жеңілдіктерді, преференцияларды, сондай-ақ ҚР Үкіметімен инвестициялық келісім жасасу мүмкіндігін қамтитын Қазақстандағы шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау жүйесі туралы ақпаратты ұсынды. Өз кезегінде AICEP басшысы делегацияның Қазақстанға сапарының негізгі мақсаты Португалиямен екіжақты ынтымақтастыққа қатысты ел Үкіметі мен бизнесінің басымдықтарын зерттеу болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ, AICEP Президенті Луиш Филипе де Каштру Энрикеш екі ел арасындағы машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, көлік және логистика салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды дамытудың үлкен әлеуетін айтты.

«Португалия - Еуропа елдері арасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша көш бастап тұрған елдердің бірі. Біздің елімізде Еуропадағы ең ірі күн электр станцияларының бірі жұмыс істейді. Біздің компаниялар Қазақстанда осы саладағы инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделі болады деп есептеймін»,- деді, Луиш Филипе де Каштру Энрикеш.

Қол қойылған Меморандум тараптарға инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі бойынша бастамаларды қолдауға, сондай-ақ өзара ынтымақтастықтың жаңа перспективалық бағыттары туралы бір-бірін хабардар етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тараптар одан әрі өзара іс-қимыл жасау, байланыстарды жолға қою және бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру туралы уағдаласты.

2007 жылы құрылған Португалияның Инвестициялар және сыртқы сауда агенттігі (AICEP) мемлекеттік ұйым болып табылады. Оның негізгі мақсаты - Португал тауарларының экспортын ілгерілету, ұлттық компаниялардың сыртқы нарықтарға шығуы және шетелдік инвестицияларды тарту. AICEP өз қызметін Португалияның Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп жүзеге асырады. Оның шетелде 53 өкілдігі бар.

Таиландтан инвестиция тарту

Тай инвесторлары Қазақстанда күн энергетикасы мен құрылыс салаларында бірқатар жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы KAZAKH INVEST ұйымдастырған кездесу барысында Таиланд Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Чатчаван Сакорнсин мырза хабарлады.

KAZAKH INVEST басшылығымен кездесуде Тай тарапына инвестициялық ахуал, қаржы құралдары, жобаларды іске асырудың негізгі артықшылықтары және Қазақстандағы инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат берілді. Бұдан басқа, делегаттар «Астана-Технополис» АЭА үлгісінде арнайы экономикалық аймақтар қызметінің шарттары, Қазақстандағы ЖЭК нарығына шолу жасау және аукциондар жүйесін ұйымдастыру туралы білді. «Wyncoast Industrial Park» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Жак Чамикорн мырза Қазақстандағы баламалы энергетика саласындағы бизнесті дамытқысы келетінін, инвестициялық жобаларды іске асыруға дайын екенін айтты.

Инвесторлар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде жобалар бастауға дайын. Кездесу нақты уағдаластықпен аяқталды.

Wyncoast Industrial Park-Бангкоктан 52 км, ауданы 11 га индустриялық аймақты иеленеді және басқарады, 5 түрлі алаңдарды ұсынады, олардың ішінде кеңселер мен конференц-залдар, қойма үй-жайлары, ашық алаңдар, шатыр алаңдары мен апартаменттер бар.

Германиядан инвестиция тарту

Неміс трансұлттық компаниялары Қазақстанда «жасыл» сутегі өндіру мүмкіндігін қарастыруға дайын. Олар Қазақстан бұл мақсатқа лайық жер деп есептеп отыр. KAZAKH INVEST «Linde» неміс трансұлттық компаниясының өкілдерімен кездесіп, олардың осындай жоспарын біліп алды.

Кездесу барысында «Linde» компаниясының Таяу Шығыс және Шығыс Еуропа бойынша Президенті Оливер Пфанн осы салаға инвестиция салу мүмкіндігін қарауға мүдделі екенін хабарлады. Сонымен қатар, ол "жасыл" сутегін өндіру жобасын стратегиялық тиімді географиялық жағдайы бар Қазақстанда іске асырған жөн деп санайды.

«Сутегі энергиясы өте өнімді, технологиялық және тиімді. Бұл энергияны көлікте, күнделікті өмірде, энергетикада және теміржол саласында қолдануға болады. Мұның бәрі төмен көміртекті дамуға ықпал етеді. Әлем баяу, бірақ сөзсіз жаңартылатын энергия көздеріне көшетіндіктен, жақын арада жасыл энергияға жоғары сұраныс пайда болады және Қазақстан өз сутегін Қытайға да, Еуропаға да тасымалдайтын ел бола алады», - дейді, Оливер Пфанн.

Егер бұл жоба іске асып кетсе, онда біз технологиялық ел болуға бір қадам жақындаймыз. Еуропалық Одақ елдерінің сутегі экономикасына көшуі аясында сутегі өндірісі перспективалы және маңызды бағыт болып табылады. Оның арқасында Қазақстан әлемдік сутегі нарығында өз үлесіне ие болады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде одан әрі тығыз өзара іс-қимыл жасау туралы уағдаласты.

Айта кету керек, неміс инвесторлары бұған дейін Қазақстанда Қарағанды облысында шамамен 150 миллион еуро сомаға техникалық газ өндіру бойынша екі жобаны іске асырды.

Linde - өнеркәсіптік, медициналық газдар мен инжиниринг саласындағы жетекші әлемдік компания. 2019 жылы айналымы 28 миллиард долларды құрады. Оның өнімдері аэроғарыш, химия, тамақ саласында, электроника өндірісінде, энергетика саласында, денсаулық сақтау және металлургияда пайдаланылады. Компания әлемнің 100-ден астам елінде жұмыс істейді.

Осы кездесулерден нақты келісімдер туындап, инвесторлар жаңа жобаларды бастайтын болса, онда арнайы ұлттық компания құру шешімінің дұрыс болғаны. Nege.kz пандемия жылдары үзіліп қалған инвестиция көшінің 2022 жылдан бастап қайтадан оңалатынын болжап отыр. Бірақ ол үшін мемлекет тарапынан инвесторларға құжаттарды рәсімдеу, салық режимі, цифрландыру мен мемлекеттік органдармен қарым-қатынасты жеңілдету үрдісін одан әрі дамыта беру қажет.

Сонымен бірге, рейдерлік әрекеттерді тоқтату керек. Қазақстанның халықаралық соттарда инвесторлармен соттасып жататын ұятты жағдайлары жиі кездеседі. Оның біздің инвестициялық климатты нашарлатып отырғаны жасырын емес.

Тегтер: