5 Тамыз 13:00
...

Мұнай-газ саласындағы жергілікті қамту: мемлекет қандай шаралар атқаруда?

Фото:

Үкімет мұнай-газ саласындағы жергілікті қамту үлесін арттыруға арналған маңызды бастамаларды жүзеге асыра бастады. Оның ішінде, біз үшін ең маңыздысы Халықаралық мұнай-газ машина жасау және дамыту орталығын құру болып отыр.

Былтыр тиісті шешім қабылданып, Үкімет шетелдік инвесторлармен меморандумға қол қойды. Оған елдегі ең ірі инвестор болып табылатын үш оператор – NCOC (Қашаған кен орны), КПО (Қарашығанақ кен орны) және ТШО (Теңіз кен орны) ат салысатын болады. Теңдесі жоқ мұндай орталық жергілікті тауар өндірушілерге өнімдер мен қызметтердің жаңа түрлерін дамытуға мүмкіндік бермек.

Шетелдік инвесторлармен меморандумға қол қою сәті. Фото: 24.kz

Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар бұл құжатқа Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев, Мұнай сервистік компаниялар одағының басшысы Бекет Избастин, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг (КПО) жобасының басшысы Эдвин Блом, Норт Каспиан Оперейтинг Компани (NCOC) басшысы Ричард Хоув және Теңізшевройл (ТШО) жобасының басшысы Имер Боннер қол қойған болатын. Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы жұмысының негізгі мақсаты - үш оператордың мұқтаждығы үшін, атап айтқанда, жаңа өндірістер құру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту арқылы отандық мұнай-газ саласы үшін жергілікті тауарлар өндірісін дамыту. Төртжақты келісім бойынша, орталықты мұнай-газ жобаларының операторлары қаржыландырады және ол коммерциялық емес негізде жұмыс істейтін болады. Бұл бюджетке салмақ салмайды, әрі жергілікті өндіріс ошақтарын дамытып, жаңа технологиялар әкеліп, жұмыс орындарын ашады. Сарапшылар оны Қазақстан үшін өте тиімді келісім деп бағалап отыр.

Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың айтуынша, Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығын құру отандық тауар өндірушілерге қосымша қолдау болады және оларды мұнай-газ жобалары операторлары өткізетін сатып алуға барынша тартпақ.

«Орталықты құру мәселесі тек халықаралық мұнай-газ операторларының жоғары технологиялық өнім өндіру бойынша қазақстандық мұнай-газ машинасын жасау өнімдерінің қажеттілігін толықтыру үшін ғана емес, сондай-ақ экспортқа шығуды қамтамасыз етудегі нақты қадам болып саналады, бұл Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында айтылған өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін бес жылда кемінде 1,5 есе ұлғайту және отандық өңделген өнім экспортын ұлғайту жөніндегі тапсырмалармен сәйкес келеді»

Мамандар, бастаманың аяқсыз қалмайтынына бірауыздан сеніп отыр. Бірақ бұл ретте, мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы табысты қызмет ету үшін барлық мүдделі тараптар, атап айтқанда, мемлекеттік органдар, Қазақстанның машина жасаушылар Одағы мен сала кәсіпорындарымен үйлесімді жұмыс істеуі тиіс.

Бұл жергілікті қамту бойынша үш оператордың бірлескен жобасы екенін ескеруіміз керек. Бірақ одан бөлек әр инвестор өзінің жергілікті қамту бойынша дербес жобаларын сәтті жүзеге асырып келеді. Оларға да тоқталып кеткеніміз жөн.

КПО. Қарашығанақта жергілікті қамту қалай жүзеге асуда?

Осыдан 40 жыл бұрын ашылған Қарашығанақ газ конденсат кен орны айрықша маңызға ие. Бүгінде Қарашығанақ - бұл миллиардтаған доллар инвестициялары бар, өндірістің рекордтық деңгейі мен инновациялық технологиялары бар әлемдік деңгейдегі жоба. Өнімді бөлісу туралы ақырғы келісімге 1997 жылы қол қойылған сәттен бастап КПО акционерлері кен орнын дамытуға 27 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салған.

Өткен жыл жалпы мұнай өндірушілер үшін өте қиын жыл болды. Коронавирустық пандемия барлық елдердің экономикасына үлкен әсер етті. Қазақстан да бұл үрдістен сырт қалмады. Көмірсутегі шикізатына деген әлемдік сұраныс бірден 30 пайызға күрт төмендеуі энергетика секторына қатты әсер етті. Соның өзінде КПО, COVID-19 енгізген барлық қиындықтар мен шектеулерге қарамастан, аймақтағы бизнестің тұрақтылығы мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жергілікті мердігерлерге қолдау көрсетуді жалғастыра білді.

Фото: kpo.kz

КПО коронадағдарыс жылында 15-тен астам өндірістік рекордтар орнатқан. Жергілікті қамтуды дамытудың нақты көрінісі ретінде екі ірі өндірістік жоба іске асырыла бастады. Бұл Қарашығанақ өңдеу кешеніндегі газға өндірістік шектеулерді жою жобасы және 4-ші қайта айдау компрессорының жобасы.

Газ өндірісін шектеуді жою жобасы кен орнын одан әрі дамытудағы тарихи кезең болып табылады. Ол қауіпсіздік пен шығындардың тиімділігі бойынша жоғары стандарттарды алға тарта отырып, салалық көрсеткіштерді жақсартты. Осы бастама сонымен қатар Қарашығанақтағы басқа кеңейту жобаларына мүмкіндік ашып беретін болады. Бұл жобалар Қазақстан Республикасы мен Қарашығанақтың серіктес компаниялары үшін елеулі экономикалық нәтиже бермек. Ең алдымен олар табыстың үздіксіз өсуін қамтамасыз етеді, сонымен қатар кен орнындағы инвестициялық жобалардың ресурстарын қамтамасыз етеді және жергілікті қамтудың ұлғаюына ықпал етеді.

Бұл жобаларда жергілікті қамту қалай жүзеге асырылады? Кеңейту жобаларын іске асыру шеңберінде КПО, ең алдымен, қазақстандық компаниялармен ынтымақтастықты дамытпақ. Бұл біздің отандық компаниялардың дамуы мен қалыптасуына оң нәтиже береді. КПО-мен ынтымақтастықтың арқасында бұл компаниялар өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа технологияларды тасымалдауға, консорциумдар немесе бірлескен кәсіпорындар құру үшін серіктестер табуға мүмкіндік алып отыр. Индустриялық дамудың жаңа кезеңіне көтерілген жергілікті компаниялар Қазақстандағы барлық ірі мұнай-газ жобалары бойынша сұранысқа ие мердігерлерге айналды және қызмет аясын кеңейтуде.

Мысал ретінде, газбен айдаудың 4-ші компрессоры бойынша келісімді алайық. Ол бойынша жобаға жергілікті дәнекерлеушілер барынша тартылуы тиіс болды. Сондай арнайы шарт қойылды. Нәтижесінде жоба басталғаннан бері қауіпсіз жұмысты орындау дағдыларын дамыту, тиімділік пен өнімділікті арттыру мақсатында консорциум жергілікті мамандарды даярлауды бастады. Консорциум тарапынан жергілікті азаматтар арасында қолмен дәнекерлеу операторлары мен дәнекерлеушілер арнайы дайындалды. Олардың барлығы қазір жобаға қатысуда. Айлық жалақысы жоғары маман болып өсті. Көпшілігі Батыс Қазақстан облысында тұрады.

Фото: kpo.kz

Бүгінде КПО жергілікті өндіруші компанияларға бірлескен кәсіпорындар мен консорциумдар құру үшін шетелдік серіктестерді табуға көмектесіп отыр. Бұл тек жаңа жұмыс орындарын құруға ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы технологиялардың трансфертіне және жаңа өндірістердің дамуына ықпал етеді. Әрі жергілікті компаниялардың халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келуіне күш салады. Бұл, өз кезегінде, халықаралық нарықтарда жергілікті компаниялардың өнімдерін сату нарығын одан әрі кеңейтуге тамаша мүмкіндік ашпақ.

2020 жылдың желтоқсанында Қарашығанақты кеңейту жобасын консорциум акционерлері мақұлдаған болатын. 5-ші газ айдау компрессоры мен басқа да онымен байланысты қондырғылардың құрылысын қарастыратын жоба сұйық көмірсутектер өндірісінің сөресін кеңейтуге бағытталған, бұл өз кезегінде Қазақстан Республикасы мен Қарашығанақтағы серіктестер үшін қосымша пайда әкеледі. Мұнда да жергілікті қамтуға басты назар аударылып отыр. Мысалы, шарт бойынша жұмыстың кемінде 40 пайызын бірлескен кәсіпорынның қазақстандық серіктесі жүргізуі тиіс. Ал «міндетті пакет» тізіміне енгізілген тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көлемін тек қазақстандық компаниялар жүзеге асырады. Келісімшарт сомасының кемінде 40 пайызы жергілікті қамтудан тұруы тиіс.

Осыған қарап, біз КПО-ның ұзақ жылдар бойы тұрақты түрде жергілікті қамтуды арттырып келе жатқанын байқаймыз. КПО-да жергілікті үлес 2014 жылы 47 пайызды көрсетсе, 2020 жылы 59 пайызға дейін көтерілген. 2020 жылы КПО облыста жұмыс істейтін компанияларға тауарлар, жұмыстар мен қызметтер жеткізуге 319 миллион доллар төледі, оның ішінде жергілікті қамту үлесі 226 миллион долларды немесе 71 пайызды құрады. Тұтастай алғанда, Қазақстанға келгеннен бастап КПО-ның жергілікті қамту үлесі 8 миллиард АҚШ долларынан асты.

NCOC. Қашағанда жергілікті қамтуды қалай дамытып жатыр?

Қашаған кен орнын игеру жобасы Қазақстанда теңіздегі мұнай кен орындарын игеруге жол ашты. Осы техникалық жағынан күрделі жоба бойынша шешім қабылданған шақта Каспий өңірінде жобаны жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылымы мен құрылыс жабдықтары бар қолдау базалары да, теңіз кемелері немесе бұрғылау қондырғылары болған жоқ.

Жергілікті жабдықтаушыларды, мамандарды және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялар Қазақстанда бірқатар кәсіпорындар құруға және олардың дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Елде жұмыс істей бастаған уақыттан бері NCOC қатысушыларды жалпы жобамен және келісімшарт талаптарымен таныстыру, сонымен қатар тендерлік ұсыныстарды дайындау мен кәсіби жарамдылықты алдын ала бағалаудан өту туралы толығырақ мағлұмат беру мақсатында ұйымдастырған семинарлары мен форумдарына 1 600 жергілікті компания қатысты. NCOC 220 жергілікті компанияға тауарлар мен қызметтерді басқару, олардың сапасы саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестік сертификаттарын алу бойынша барынша қолдау көрсеткен. Соның арқасында көптеген отандық компаниялар NCOC-пен келісім-шарттар жасасып, өз біліктілігін арттыруға, дамуға мүмкіндік алды. Консорциум жергілікті компаниялардың өндірістік алаңдарына бара отырып, Солтүстік Каспий жобасының тендерлері шеңберінде ұсынылатын материалдар мен қызметтердің жоғары техникалық талаптарға және халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкестігін бағалау мақсатында 430-ға жуық техникалық аудит өткізді.

Сонымен бірге, жергілікті компаниялардың 4 900-дан астам қызметкері үшін «Тұйық кеңістікте жұмыс істеу», «Дәнекерлеу жұмыстарының өндірістік қауіпсіздігі», «Электрондық жүйелер мен құрылғылар», «Биіктіктегі жұмыстар», «Жылжымалы кранды пайдалану» сынды ең жоғары сұранысқа ие салаларда кәсіби-техникалық оқыту шараларын ұйымдастырды.

Жергілікті компаниялардың 450-ге жуық қызметкері NCOC компаниясымен ұйымдастырылған бүтіндікті сақтап тексеру бойынша оқу курстары мен сертификаттаудан ойдағыдай өтті. АЛ 2020 жылы NCOC жергілікті компанияға Америка инженер-механиктер қоғамымен тауарлар мен қызметтерге берілетін халықаралық сертификат алу бойынша қол ұшын тигізіп, қаржылық қолдау көрсетті.

ТШО. Теңіздегі жергілікті қамту

ТШО – елдегі ең ірі алпауыт инвестор. Қазір Энергетика министрлігінің деректері бойынша, «Теңізшевройл» қайта инвестициялау міндеттемелері шеңберінде бөлінетін 248,5 миллион долларды үш бағытқа тартпақ. Олар: технологиялар және IT технологиялар, негізгі тауарларды өндіру және мұнай-газ секторына арналған жабдықтардың жекелеген түрлерін құрастыру және қоршаған ортаны қорғау. ТШО-ның осы инвестициясының алдағы 10 жыл ішінде Қазақстан Республикасының экономикасына беретін әсері 642 миллион долларды құрайды деп күтілуде.  Импортталатын тауарлар мен қызметтердің отандық өндірісін жоспарлы түрде дамытуға байланысты импорттың 86 миллион долларға төмендеуі болжануда.

ТШО жұмысшылары болашаққа сеніммен қарайды. Фото: Dalanews.kz

Ең бастысы, ТШО Қазақстанда жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қорын құрмақ. Тікелей инвестиция қажетті отандық өндіріске тез қаржы тартуға мүмкіндік беретін болады.

«Ең маңыздысы – шетелдік компанияның жергілікті тікелей инвестицияға назар аударуы. Көздеген индикаторына жететін болса, мұндай орталықтың үлкен пайдасы бар», – дейді UIB Graduate Business School директоры Мақсат Халық. Оның айтуынша, импортты алмастыратын тауарларды өзімізде өндіре берсек, экономикаға үлкен өсім береді. Бұл бағыттағы жұмыстарымызды тоқтатпау керек.

«Біз диверсификация бойынша кешігіп келеміз. 2013 жылдан басталған индустриялдық бағдарламалар өз нәтижесін бере алмады. Ертең шикізатымыз бітетін болса, біз өзімізді қалай қамтамасыз етеміз? Импортты алмастыру біз үшін қысқа мерзімді міндет болуы тиіс»

Аталған жұмыстар нәтижесінде импортталатын тауарлар мен қызметтердің белгілі бір бөлігі ел ішінде өндіріледі деп жоспарланып отыр. Энергетика министрлігі есебінше, бұл импортты 36 миллиард теңгеге азайтуға мүмкіндік береді. Импортты алмастыруға бағытталған кез-келген қадам өзінің нақты нәтижесін беретін болса, ол экономиканың өсуі және сыртқы сауда балансының оң сальдосына алып келмек. Құрылатын тікелей инвестиция қоры елдің жалпы ішкі өніміне 270 миллиард теңгеге «қан жүгіртеді» деп болжанып отыр.

Салалық министрлік жергілікті қамтудың дамуын қалай бақылап отыр?

Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін сатып алудағы жергілікті қамтуды дамытуға көп көңіл бөледі. 2020 жылдың қорытындылары бойынша көмірсутек шикізатын жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алудың және уран өндірудің жалпы көлемі шамамен 5,4 триллион теңгені құраған Бұл ретте сатып алулардағы жергілікті қамтудың үлесі 46 пайызға дейін көтерілді. Бұл өте жақсы көрсеткіш.

Үкімет құрамының Chevron басшыларымен кездесуі. Фото: primeminister.kz

Министрліктің ұйытқы болуымен жергілікті кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шеңберінде пандемия кезеңінде жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлердің сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Демек, олар отандық өндірушінің тауарлары мен қызметін ешқандай конкурс өткізбей, тікелей бір көзбен сатып алуға рұқсат алды. Министрлік ережелерді жеңілдетіп бергеннен кейін, қазір шетелдік консорциумдарға қазақстандық қызмет пен тауарды сатып алу өте жеңіл әрі тиімді болып отыр.

Осылайша, мемлекет пен ірі инвесторлар бірігіп, Қазақстандағы жергілікті қамтуды жүйелі түрде дамытып келеді. Осы кешенді жұмыс алдағы жылдарда міндетті түрде өз жемісін беретіні анық.

Тегтер: