19 Наурыз 12:00

Қарашығанақтағы газды өндіруге технологиялық шектеулер жойылды

Фото:

«Karachaganak Petroleum Operating B.V.» (КПО) Қарашығанақ кен орнында газ өндіруді шектеуді жою (СПОГ) жобасының сәтті аяқталғандығы туралы хабарлады. Бұл – осы өңір мен жалпы Қазақстан экономикасы үшін өте жағымды жаңалық.

Шектеулер алынғаннан кейін, СПОГ жобасының өндірістік нысандары іске қосыла бастамақ. «Біз Президенттің Қарашығанақ кен орнының болашағы туралы жоспарына сәйкес келетін осы маңызды жетістік туралы қуана хабарлағымыз келеді», – дейді КПО бас директоры Эдвин Блом.

Жалпы бұдан кейін Қарашығанақ кен орнын әлемдегі технологиялық тұрғыда дамыған ошақтар қатарына жатқызуға болады. Эдвин Бломның сөзінше, сұйық газ жобасы КПО-ның қауіпсіздік пен үнемдеудің, әрі экономикалық тиімділіктің жоғары стандарттарын сақтап отырғанын аңғартады.

«СПОГ жобасы өндірістік қуатымызды арттырады. Ол өз кезегінде Қарашығанақта сұйық көмірсутектердің өндіру мерзімін ұзартып, соның арқасында айтарлықтай пайда алып келеді. Осы саладағы инвестициялық жобаларға ресурстық мүмкіндік бере отырып, жергілікті қамтуды ұлғайтады»

КПО бас директоры Эдвин Блом. Фото: Kursiv.kz

КПО – Батыс Қазақстан өңіріндегі негізгі салық төлеуші компаниялардың бірі. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтың мәліметінше, тек өткен жылдың өзінде КПО-ның арқасында жергілікті бюджетке 34 миллиард теңге салық келген.

Коронавирус пандемиясына қарамастан, СПОГ жобасы барлық жобаларға сай уақытылы жүріп, дер кезінде аяқталды. Бүгінгі күнге дейін КПО-ның Қарашығанақ кен орнын игеруге салған инвестиция көлемі 27 миллиард доллардан асып отыр. Оның ішінде 8,2 миллиард доллар Қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалды.

Фото: kpo.kz

Ал СПОГ жобасындағы жергілікті қамтудың үлесі 57 пайызға жетті. Бұл өте жоғары көрсеткіш және осының арқасында Батыс Қазақстан облысының экономикалық әлеуеті өте жоғары деңгейге көтеріліп отыр.

Тегтер: