18 Наурыз 09:00

«NCOC N.V.» компаниясының көмегімен Қазақстан мен Ресей ғалымдары каспий итбалығы популяциясын кешенді түрде зерттеп жатыр

Фото:

Каспийдегі итбалық жойылып кету алдында тұр. Ғалымдар 20 ғасырдың басынан 2005 жыл аралығында итбалықтар саны 1,2 миллионнан 104 мыңға дейін қысқарғанын айтып дабыл қағуда. 2008 жылдан бері каспий итбалығы Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл тізіміне енді.

Ал былтыр каспий итбалығы Қазақстан мен Ресейдің Қызыл кітаптарына енгізілді. Солтүстік Каспий аумағы теңіздің ресейлік батыс және қазақстандық шығыс бөліктерін қамтиды және осы жер мұз үстінде күшіктейтін итбалықтар үшін ерекше маңызды. Итбалық күшіктері мұз үстінде өсіп, жетіледі. Жетілген жас итбалықтар мұз ерігеннен кейін ересектермен бірге түлеу және қоңдану үшін Солтүстік Каспийдің шағын аралдарына қоныс аударады.

Өкінішке орай, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін әр мемлекет итбалықтарды зерттеу жұмыстарын өзінің су аумағында түрлі әдістемелерін пайдалана отырып дербес зерттеу жүргізді. Қазақстан мен Ресей ғалымдарының бірлескен зерттеулері итбалықтарды Солтүстік Каспийдің бүкіл акваториясында зерделеуге мүмкіндік берді. 

2020 жылдың ақпан айында, 2012 жылдан бері алғаш рет Солтүстік-шығыс Каспийдің мұз алқабындағы итбалықтарға әуеден санақ жұмыстары және көктемнің басында Солтүстік Каспийдің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі түлеу жатақтарында арнайы зерттеулер жүргізілді.

Фото: «NCOC N.V.» компаниясының баспасөз-қызметі

Итбалықтардың 2019-2020 жж. қысқы санағы итбалықтар үшін қолайсыз жылы қысқа тап келді. Қыс мезгілі үшін жоғары ауа температурасы мен дауыл жел Солтүстік Каспийдің батыс бөлігіндегі мұз жамылғысын бұзып, популяцияның күшіктеуші басым бөлігі теңіздің солтүстік-шығыс бөлігінде шоғырланды. Климаттық катаклизмдерге қарамастан әуе санағы итбалықтардың шығыстағы мұз бетіндегі барлық жатақтарында жүргізілді және қысқа мерзімдерде популяцияның саны есептелді.

Каспий итбалығын халықаралық деңгейде кешенді зерттеу ғылыми қоғамдастықтың осы бірегей теңіз сүтқоректісі популяциясының жағдай-күйі туралы алаңдаушылығына жауап болды. 2017 жылы 100-ден астам ел, соның ішінде Әзірбайжан 1993 жылы және Түркіменстан 2011 жылы каспий итбалығын жойылу қатері төнген түрге жатқызды.

Фото: «NCOC N.V.» компаниясының баспасөз-қызметі

Осы зерттеулерді «NCOC N.V.» компаниясы Қазақстан және Ресей ғалымдарымен бірлесіп қолға алып, ұйымдастырды. Қазақстан жағынан Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы (БШҒӨО), Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу орталығы (МжВҒЗО), «Қазақстандық Қолданбалы Экология Агенттігі» ЖШС,  «Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты» ЖШС, Ресей жағынан – Бүкілресейлік балық шаруашылығы және мұхиттану ғылыми-зерттеу институты («ВНИРО») және  А.Н. Северцов атындағы Экология және эволюция проблемалары институты (ЭЭПИ) федералдық мемлекеттік ғылыми мекемелері жұмыс істеді. Екі елдің ғалымдарының зерттеулері екі елдегі уәкілетті мемлекеттік органдардың – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің және РФ Балық аулау жөніндегі федералдық агенттігінің жетекші мамандарымен келісілді.

Бағдарламаның мақсаты - каспий итбалығы популяциясының қазіргі күйін Каспий теңізі жануарлар әлемінің эндемигі және Каспийдің экожүйесі ахуалының индикатор түрі ретінде зерделеу.

Ал негізгі бағыттары - популяцияның санын, әл-ауқатын, итбалықтардың қорек қорын, мекендеу орындарының күйін, жануарларға жағымсыз әсер ететін факторларды зерделеу және, ең бастысы, каспий итбалығы популяциясын және оның мекендеу ортасын сақтау жөніндегі перспективалар мен іс-шараларды белгілеп анықтау.

Каспий итбалығы популяциясының күйін анағұрлым толық түсіну мақсатында зерттеу жұмыстары алдында халықаралық ғалымдар тобы көптеген белгілі әдеби мәліметтерді, сондай-ақ NCOC компаниясы 1994 - 2018 жылдар аралығындағы кезеңде итбалықтарды жоспарлы және дәйекті түрде кешенді зерттеулер барысында жинаған каспий итбалығы туралы ақпаратты мұқият зерделеді.

Популяция санын есептеу Солтүстік Каспийдегі мұз алқабында аналық ересек жануарлардың басым бөлігі күшіктеу үшін жиналған кезде итбалықтардың қысқы авиасанағы кезінде жүргізіледі. Санақтар зертхана-ұшақтың көмегімен алдын ала есептелген арнайы координаттар - трансекттер бойынша жүргізіледі. Санақ жүргізу үшін заманауи техникалық құралдар – зертхана-ұшақтың бортына орнатылған, мұз алқабындағы итбалықтардың нақты санын дәлірек  анықтауға мүмкіндік беретін арнайы фотоаппараттар, бейне (видео) аппаратура, жылу сезгіш инфра-қызыл құрылғылары пайдаланылады. Осындай есептеу жүйесі біздің өңірде алғаш рет қолданылды.

Авиасанақтар сонымен қатар көктемде түлеу жатақтарында және күзде итбалықтар қыс алдында шоғырланатын шалыгаларда (шағын құмды аралдарда) жүргізіледі.

Фото: «NCOC N.V.» компаниясының баспасөз-қызметі

Көктемде және күзде итбалықтар Солтүстік Каспийдің шығыс және батыс жағалауы маңындағы шағын аралдарда шоғырланады. Бұл аралдар зерттеушілер үшін қолжетімді, олар осы аралдарда кешенді зерттеулердің басқа бөлігін жүргізеді. Шағын араларда итбалықтарға жерсеріктік ендер (таңбалар) орнатылады, олар итбалықтардың белгілі бір уақытта қайда екенін және теңіздегі миграциялық жолын анықтауға мүмкіндік береді. Итбалықтарға ен салумен қатар биологиялық сынамалар алынады – итбалықтардың түгінен және қанынан, шырышты қабығынан алынған сынамалар бойынша кейін паразитологиялық, микробиологиялық, иммунологиялық, токсикологиялық, генетикалық және вирусологиялық талдаулар жүргізіледі. Биологиялық сынамалар алу популяцияның аман-саулығын, оның түрлі инфекциялар мен ауруларға қарсы тұру қабілетін бағалау үшін қажет. Токсикологиялық талдау итбалықтардың қанында, ағзаларында және тіндерінде қандай ластаушы заттардың және қандай концентрацияда барын анықтауға мүмкіндік береді. Итбалық популяциясы бірегей ме, ал егер жоқ болса, субпопуляциялардың қайсысы күйзеліске көбірек шалдыққаны - еліктіретін мәселе. Осы проблеманы шешу үшін генетикалық зерттеулер жүргізіледі.

Қазіргі уақытта Бағдарлама аясында бірнеше зерттеу орындалып болды.

2019 бен 2020 жылдардың күз айларында итбалықтарды таңбалау жұмыстары салу ойдағыдай өтті - 20 итбалық ауланып, оларға ен салынды, бесжылдық жоспарларға сай әлі 50 ен орнатылады. Сонымен қатар, Солтүстік Каспийдің ресейлік және қазақстандық акваторияларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған кемелердің борттарынан итбалықтарға санақтар жүргізілді. 2020 жылдың қыс айларында каспий итбалығының күшіктеп жатқан бөлігіне және көктемгі түлеу кезеңінде арнайы авиасанақ жұмыстары жүргізілді. Бұл теңіз мақұлығының санын нақты анықтау үшін кемінде 3 жыл бойына санақ-зерттеу жұмыстарын үзбей жүргізу қажет. Зерттеу жұмыстары ғалымдарға итбалық популяциясының тек санын емес, сонымен қатар оның жалпы күйін де бағалауға мүмкіндік береді.

NCOC компаниясы қаржыландырып жатқан бесжылдық бағдарлама каспий итбалығын сақтау жолында негізделген табиғат қорғау іс-шараларын әзірлеу үшін негіз қалаушы ақпарат беретінін атап өту қажет.

Келешекте Каспий маңындағы барлық елдердің ғылыми әлеуетін біріктіру жоспарланып отыр, бұл өзгеріп жатқан климат пен Каспий қайраңын шаруашылық игерудің өсуі жағдайларында каспий итбалығының популяциясын және теңізді мекендеуші басқа да түрлерді сақтау шараларын әзірлеуге және енгізуге, Каспийдің теңдесі жоқ осал экожүйесін, оның қайталанбас бірегейлігін сақтауға мүмкіндік береді.

Тегтер: