«Үкімет алдымен жолды жөндесін!» – Өнер өкілдері жаңадан енгізілген жол ережесін сынады
6 мамырдан бастап жол ережесіне қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Оған сәйкес бұдан былай біржолақты жолда, көлікті басып озғандарға жаза қатаңдатылады. Енді жүргізушілер бұрынғыдай айыппұлмен құтылмайды. Жарты жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады. Аталған жаңа ережеге қатысты шоу-бизнестегі темір тұлпар тізгіндеп жүрген тәжірибелі жүргізушілерлдің пікірін білген едік.
Саят МЕДЕУОВ, әнші:
Төбелес тамашалап отырмаймыз ғой
– Бұл ереже камераға қатысты емес, жағдайға қатысты шешімін табу керек. Мысалы, жолда келе жатқанда алдыңда қандайда бір көлік бұзылып тұрып қалса, айналып өтпеске шара жоқ. Сол сияқты кей жағдайда алдыңда келе жатқан көлік баяу жүріп келе жатуы мүмкін. Ондай кезде итеріп өте алмайсың ғой, еріксіз басып озуыңа тура келеді. Осындай жағдайда алдыңғы көлік апаттық сигналын қосып келе жатса, басып озу жағына мүмкіндік берілсе.
Тағы бір мәселе – кейбір жүргізушілер дәл солға бұрылатын кезде ғана бұрылыс сигналын жағады. Одан кейін жолда жаға жыртысып жататындар бар. Ондай кезде де төбелесті тамашалап отыратын емес, еріксіз айналып өтуге тырысасың.
Сол сияқты жүргізуші үйінде қандайда бір жағдай болғандықтан, жылдамдықты шектен асыруы мүмкін. Ондай жандарға да бірден айыппұл салмай, жол ережесін бұзуына не себеп болғанын дәлелдеуге мүмкіндік беру керек. Мысалы, қай бір мемлекетте бір ақсақал көлікпен мектептің жанынан зу етіп өте шығыпты. Сотта «алпыстағы баламды ауруханаға жедел жеткізуге тиіс болдым» деген екен. Сөйтіп, баласының шынымен сол күні медициналық мекемеге жеткізілгеніне көзі жеткен заң өкілдері әлгі қарияны жауаптан босатыпты. Бастысы, бас жарылып, көз шықпайтын мәселе туындамаса болғаны. Үйі өртеніп, баласы ауырып, немесе қандайда бір жақынынан айырылғанын естіген адам «маған айыппұл түседі екен» деп баяу жүрмейді ғой. Осы орайда жүргізушілерге жол ережесін бұзуына не түрткі болғанын дәлелдеуге мүмкіндік беру қажет деп санаймын.
Бір жылдары көлік терезесін күңгірттеуге мүлде тыйым салды. Бәлкім, жүргізушінің күнге аллергиясы бар шығар. Ол үшін неге айыппұл арқалауға тиіс. Ондай жандарға мүгедектігі бар адамдарға берілетіндей арнайы белгі қойып жүру жағын қарастыруға болатын шығар. Бірақ ертең біздегі медициналық мекемелердің дені ондай белгіні саудаға салуы тағы мүмкін. Былай тартсаң – өгіз өледі, былай тартсаң – арба сынадының кері.
Жыл сайын төленетін салық тағы бар. Мысалы, күніге жұмысқа баратын жас жігіт те, аптасына бір рет қалаға шығатын қария да бірдей маркалы көлік мінуі мүмкін. Бірақ жеме-жемге келгенде екеуіне бірдей сомада салық төлеуге тура келеді. Әділетсіздік емей немене?!
Гүлшарат ЖҰБАЕВА, актриса:
Алдымен елдегі жемқорлықты тыю керек
– Қалада не көп, камера көп. Тіпті аралары да тым жақын. Қазір тіпті аулалардың ішіне қойып жатыр. Ол да дұрыс шығар. Дегенмен, жолдардың сапасы соған сай болса, шіркін!
Көп жағдайда шұрық-шұңқырларды еріксіз айналып өтуіңе тура келеді. Кешкісін қалада ит тісі батпас тығын орнайды. Сол кезде кейбір кедергіні айналып өтесің. Оның бәріне айыппұл арқалай берсек, шашымыз шақ емес.
Содан кейінгі бір мәселе – айыппұлдардың мөлшері өте көп. 150-200 мың теңге жалақымен күн көріп жүрген қара халық оны қалай төлейді?! Жол ережесін қатаңдатқанымен, кей жағдайда оған да қарамайтын жүргізушілерді кездестіріп жүрміз. Айыппұл төлеуге немесе оның мәселесін шешуге күші жетіп тұрған адам камераны да парық қылмайтын тәрізді. Неге десеңіз, күні кеше Алматы қаласы әл-Фараби даңғылының бойында 80 км/сағ шектеу тұрғанымен, 120 км/сағ-пен ұшып бара жатқан көлікті көріп, жағамды ұстадым. Такси болып күнелтіп жүрген қатардағы адам олай жүре алмайды. Себебі, маңдай термен тапқан ақшасын айыппұлға бергісі келмейді. Яғни, ішіндегі адам өзіне сенімді деген сөз.
Осы ретте айтпағым – алдымен елдегі жемқорлықты тыю керек. Жол апатын жасап, аға-көкесіне телефон шалу арқылы жағдайды шешуге тырысатындарды талай көрдік. МАИ мекемелерінде отырған азаматтар ешкімнің мәселесін шешуге араласпауы қажет. Заң баршаға ортақ болуы тиіс.
Нұрлан ӨНЕРБАЕВ, әнші:
Үкімет мінсіз жол жасасын
– Күнделікті жол үстінде жүрген жүргізуші ретінде айтарым, әр елу метр сайын ойыққа тап боласың. Дөңгелегімді жарып алмау үшін біресе оңға, біресе солға қашамын. Сондай сәтте жолақты басып кетсем, айыпты болып шығамын ба?
Алдымен, біздің Үкімет мінсіз жол жасасын. Сонда жұрттың бәрі тәртіп бұзбастан, тура жолақтың үстімен жүйткитін болады. Бізде қар жауғанға дейін асфальт төсеп әлек болады, ал қар ерігенде жолдың бәрі қайта шұрық-шұрық күйге енеді.
Марат АСҚАРБЕКОВ, заңгер:
Халықты қанаудың бір түрі
– Үзік емес жолақты басуға тыйым салу – заңдық тұрғыда былай тұрсын, жай ойласаң да миға сыйғысыз. Мысалы, жүргізуші тік жолақ бойымен келе жатқанда алдында біреудің көлігі бұзылып тұрса немесе жол ойық болса, айналып өтуі керек болады. Бізде мәселені шешетін МАИ қызметкерлері де жедел келе қоймайды. Сосын алдыңғы көлікті не үшін басып озғаныңның себебін дәлелдеу жолында қаншама уақыт, қаншама шығын кетеді. Өйткені кез келген әкімшілік істі қарату үшін қып-қызыл қаржы төлеуіңе тура келеді. Ол арқалаған айыппұлдан бірнеше есе асып түсетін болғандықтан, еріксіз камера кескен соманы төлейсің.
Одан кейін қазақтың жері жетпейтіндей, біздегі көше атаулының бәрі тар. Ташкенттегі тегіс әрі кең жол біздің жүргізушілердің түсіне де кірмейді. Сондықтан айыппұл атаулыны амалы жоқ жүргізушілерге емес, бюджетті тонағандарға салған жөн. Жалпы біздің елдегі жол жүру ережесі адамды көлікпен жүргізбейтін жағдайға алып келе жатыр. Камерадан өзге, көше бойын торуылдаған жол полицейлері жүйкеңді тоздырады.
Мысалы, Үндістанға барғанда бірде-бір жол полициясын көрмедім. Тіпті, ұзын-сонар орналасқан жол белгісі де жоқ. Қажет кезде бір-біріне сигнал беріп, әр қайсысы өз жөнімен жүре береді. Апатты жағдай болып немесе бір-бірінің жағасын жыртып жатқан жүргізушіні де көрмейсің. Ал бізде жүрмей тұрған көлігіңе де салық төлейсің. Адамның жеке көлігі – жеке территориясы саналады. Осы ретте қауіпсіздік белбеуін тақтыру да заңға қайшы. Ол жүргізушінің өз құқығында болуға тиіс мәселе. Бұл үшін айыппұл салу – халықты қанаудың бір түрі.
Баланы алдыңғы орындыққа отырғызуға да шектеу қойылған. Жөн делік. Дегенмен, оны не үшін артқы орындықта арнайы креслоға матап қою міндеттеледі. Арттағы адам ұстап отыра ма, жатқызып қоя ма, өз еркі болуға тиіс. Қорыта айтарым, біздің елдегі жол жүру ережесін қайта қарау қажет. Ал депутаттар осы мәселені көтеруге тиіс.