WSJ: НАТО соғысқа дайындалып жатыр
НАТО Ресейдің агрессивті әрекеттерінен қауіптеніп, соғысқа дайындықты бастап кетті. Шығыстан төнген қатерге қарсы альянсқа мүше-елдер алауыздықты тоқтатып, бір жұдырық болып жұмылуы тиіс. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді...
Бұл туралы The Wall Street Journal (WSJ) жазды.
Басылымның пікірінше, НАТО ішінде түбегейлі қайшылықтар бар. Альянсқа мүше елдердің көзқарастары да ала-құла. Әсіресе, бұл терроризм мен Ресейдің әрекеттерінен туындайтын қатерге қатысты. НАТО сарапшыларының пікірінше, жақын болашақта Ресейдің шекаралас жатқан альянсқа мүше елдердің біріне баса көктеп кіруі неғайбыл. Дейтұрғанмен, альянс қауіптің алдын алуы үшін тағы да соғысқа әзірлікті бастап кеткен.
Жақында ғана Еуропаның кейбір әскери шенеуніктері «бірнеше жылдан кейін НАТО елдеріне шабуыл жасауға Мәскеудің күші де, батылы да жетуі ғажап емес» деп мәлімдеген болатын. Қақтығыстың сценарийі де дайын. Оған сенсек, Ресей араласуға ілік табу үшін жергілікті орыстарды итермелеп, жағдайды ушықтырып, көрші елдерде жанжал шығаруы мүмкін.
«Кремль мұндай жоспарын он шақты жыл бұрын Украинаның шығысында жүзеге асырған», – деп жазады басылым.
WSJ-ның жазуынша, қазір коалицияның бір жұдырық болып жұмылып, соғысқа дайындалуы НАТО-ның басымдық берген бағыты болып отыр. Сондықтан альянс ырың-жырыңды қойып, барлық одақтастарды бір сапта тұрып күресуге дайындауды мақсат етеді. Сол себепті НАТО биыл Еуропа жерінде «Табанды қорғаушы» (Steadfast Defender) атты кең ауқымды әскери жаттығу өткізіп отыр. Бұл шара ақпан айынан бастап мамырға дейін созылмақ. Оған түрлі елдерден келген 90 мың әскер қатысып жатыр. Бір қызығы, мұндай жаттығу 1988 жылдан бері өткізілмеген көрінеді.
2024 жылы альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресей тарапынан тікелей қауіп көрмейтінін айтқан-ды. Десе де, 2023 жылдың қараша айында Чехияның президенті Петр Павел НАТО-ның «Ресей – Еуропа үшін нөмірі бірінші қатер» деп есептейтінін айтқан. Ақпан айында Bild Ресейдің НАТО елдеріне шабуылдау кезеңдері туралы материал жариялаған еді. Ол мақала Германия билігінің болжамына сүйенеді. Онда Ресей әскерінің Германия жеріне басып кіру мүмкін екені де ашық айтылған.
НАТО-ның кең көлемді жаттығуы Кремльді де алаңдатып отыр. Ресейдің қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев «бұл жаттығу кезінде Ресеймен қарулы қақтығыс сценарийі әзірленіп жатқанын» айтты.
Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу де «Ресейдің НАТО елдеріне шабуыл жасау жоспары ешқашан болмағанын» мәлімдеген еді. Бірақ Мәскеудің үгіт-насихаты «Ресей Украинада украиндықтармен емес, НАТО әскерімен соғысып жатқанын» айтады.
Батыс пен Ресей арасындағы араздық Украинаны өртке орағаны құпия емес. Әйтеуір, соғыстың жалыны украин жерінен шығып, Еуропаға тарау қаупі күшейіп барады. Қазіргі үрдіс осыны көрсетіп отыр.