Karachaganak Petroleum Operating B.V. жарты жылда не бітірді?
Karachaganak Petroleum Operating B.V. (КПО) бірінші жартыжылдықтың нәтижелерін жариялады. Шынымызды айтсақ, жаман емес.
Осы кезеңде КПО көмірсутектер мен тазартылған газ түрінде 75 миллион баррельден астам мұнай эквивалентін өндірген. Сонымен қатар, қоймаға 5 миллиард текше метр шикі газ құйылды. Ол өндірілген газдың 49,3 процентін құрады.
Осы уақытқа дейін Қарашығанақты игеріп жатқан серіктес компаниялар инвестиция ретінде 26,6 миллиард доллар қаражат жұмсаған. Бұл елдегі инвестициялар қатарындағы жоғарғы саты десе болады.
Коронавирус пандемиясы мен жалпы әлемде мұнай-газ саласының құлдырауына қарамастан, компанияның өндіріс орындары барлық қауіпсіздік талаптары мен 2020 жылға арналған өндірістік жоспарларды қатаң сақтай білді. «КПО 2020 жылы бекітілген жылдық жұмыс бағдарламасы мен бюджетіне сәйкес сұйық көмірсутектер мен газ өндіру бойынша өз міндеттемелерін толығымен орындауды жоспарлап отыр», - дейді, КПОның бас директоры Эдвин Блом. Оның айтуынша, СOVID-19 пандемиясынан туындаған тәуекелдерді ескере отырып, КПО өз кірістілігін жоғалтпау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.
«Біз осы мүмкіндікті пайдаланып, қазіргі дағдарыс әсер еткен бизнес-процестерді оңтайландыру үшін жаңа цифрлық технологияларды енгізуіміз керек. Бұл төзімділікті, ерекше ойлауды және жан-тәнімен берілген жұмысты қажет етеді. КПО осы дағдарыстан сабақ алып, болашаққа жақсы дайындалған одан да күшті компанияға айналады деп сенемін»
Бізді қуантып отырғаны, КПОның қазақстандық азаматтардың кәсіби өсуі мен біліктілігін арттыру мәселелерін мықтап қолға алуы. Бірнеше жыл бұрын КПО болашағынан үміт күттіретін отандық мамандарды анықтау және оларды өсіру үшін персоналды дамытудың жедел бағдарламасын бастап кетті. Нәтижесінде қатысушылардың 50% -дан астамы қызметте жоғарылады. КПО - қазақстандықтар ең көп жұмыс істейтін компаниялардың бірі. Мысалы біздің азаматтар инженерлер мен техниктердің жалпы санының 96 пайызын, ал басшылардың 81%-ын құрайды.
Сонымен бірге КПО қызметі отандық бизнеске үлкен қолдау болып отыр. Себебі, КПО жергілікті өндіруші компаниялардан тауарлар мен қызметтерді көп көлемде сатып алады. Бұл көрсеткіш бойынша ол Қазақстандағы жетекші компаниялардың бірі. Жарты жылдың ішінде КПО отандық бизнес өкілдерінен шамамен 140 миллиард теңгеге тауарлар мен қызметтер сатып алған. Ал Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту үшін 416 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестиция бөлген. Пандемия кезінде КПО тарапынан аймақтық денсаулық сақтау мекемелеріне қажетті құрал-жабдықтар, соның ішінде қарқынды терапия бөлімшелеріне қолдау көрсетіліп, «Біргеміз-Орал» аймақтық қоғамдық қорына жедел ақша аударылды.