28 Шілде 10:55

Қазақстан және Ресей. Өзара сауданы қалай жандандыруға болады?

Фото:

Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі қарама-қайшылықтары, оған мүше мемлекеттердің протекционизмі өзара тауар айналымын еселеп өсіруге мүмкіндік бермей отыр. Бірақ Қазақстан барлық кедергілерден өтіп, сауданы жандандыруға мүдделі. Одаққа мүше қалған елдер ше?   

Еуроодақ, басқа да экономикалық интеграцияның құрылымдарына қарағанда Еуразиялық экономикалық одақтың өзіне ғана тән ішкі проблемалары бар екенін сарапшылар көптен бері жазып жүр. Оның бірі және бірегейі – валюталық проблема.

«Одаққа мүше елдердің ұлттық валюталарының тұрақсыздығы ЕАЭО аясындағы интеграцияны тереңдетуге кедергі болып отыр. Ұлттық валюталар құнының АҚШ долларына және бір-бірінің валютасына қатысты құбыла беруі нақты сауда көлемдері туралы деректердің бұрмалануына әкеліп соқты», - деп атап көрсетіледі, АЕRC жүргізген «Қазақстан мен Ресейдің ЕАЭО аясындағы экономикалық байланыс проблемалары» атты кешенді зерттеуде.

«2010 жылы Ресей, Қазақстан және Беларусь мемлекеттері арасында валюта саясатының бекітілген принциптері туралы келісімге қол қойылды. Кейінірек валюта саясатының мәселелері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 14-ші бөлімінде көрініс тапты. Бұл құжат ортақ валюта саясатының негізгі мақсаттары мен қағидаларын және одаққа қатысушы елдердің осы саладағы ынтымақтастық бағыттарын көрсетеді. Бұл қадамдар ЕАЭО елдерінің валюта саласындағы ынтымақтастықты түсінуіне байланысты қабылданған еді. Ол өзара сауданың дамуына қосымша түрткі бола алады. Бірақ, осыған қарамастан, әр елдің валюталық реттеуі мен бақылауы, ақша-несие саясаттары айтарлықтай ерекшеленеді. Осы фактор валюта интеграциясына кедергі келтіруде»

«Нәтижесінде, ЕАЭО экономикасының құрылымы интеграциялық бірлестікті, атап айтқанда, Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты өз бетінше қамтамасыз ете алмайды», - дейді, өз сөзінде АЕRC ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев. Оның айтуынша, шикізаттың әлемдік бағаларының құбылуы Ресей мен Қазақстандағы валюта курстарына бірден әсер етеді.

«Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 98,9 доллардан 52,4 долларға дейін құлдыраған 2015 жыл осыған айқын дәлел бола алады. Осы кезеңде статистикалық мәліметтерге сәйкес, ЕАЭО мүшесі болып табылатын барлық елдер дағдарыс тенденцияларына тап болды. Әркімнің құлдырауы әртүрлі болды. Егер Ресейде 2015 жылы жалпы ішкі өнімнің құлауы 2 пайызды құраса, Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға дейін төмендеді. Ол өз кезегінде, ЕАЭО шеңберіндегі жалпы тауар айналымының 25,4 пайызға құлдырауына алып келді»

Дәл осы проблема COVID-19 пандемиясына қарсы күрес шаралары бүкіл әлем бойынша экономикалық белсенділіктің төмендеуіне алып келген 2020 жылы қайта пайда болды. Оның нәтижесінде Brent маркалы мұнай бағасы 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 38,2 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, елдер коронавирустың одан әрі таралуына жол бермеу үшін өз экономикаларын жауып тастады. Нәтижесінде 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ЕАЭО елдерінің өзара саудасы 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,8 пайызға төмендеді. Сонымен бірге, Ресейден Қазақстанға импорт осы кезеңде 9,3 пайызға, ал Қазақстанның Ресейге экспорты - 16,5 пайызға құлады.

Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері 2014 жылы Еуразиялық экономикалық қауымдастық самммитінде. Сол жылы қауымдастық одақ ретінде қайта құрылды. Фото: ИТАР-ТАСС

«Қазақстан мен Ресейдің экономикалық құрылымдары бір-біріне ұқсас және екеуі де әлемдегі шикізат бағасына қатты тәуелді», - дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «Екі елдің үлес салмағы Еуразиялық экономикалық одақтың 90 пайызынан астамын құрайды, сондықтан Ресей мен Қазақстан экономикасының құлауы өзімен бірге бүкіл одақтың құлдырауына алып келеді. Ондай картинаны біз коронадағдарыс уақытында көрдік».

«Одаққа мүше бес мемлекеттің ақша-несие саясаттарын теңдестірмей, валюталық балансқа қол жеткізу мүмкін емес. Қазір біріңғай эмиссияның мүмкін еместігін Ресейден басқа мүше елдер өздерінің айқын позициясымен білдіріп отыр. Әр елдің орталық банктері жағдайға қарай түрліше әрекет етуде. Бұл жағдайда валюталық тепе-теңдік орнатып, сол арқылы сауда байланысын күшейту қиынға соғады»

Шынында да, ЕАЭО елдерінің валюта бағамдарын түзетіп отыруы бір-бірінен алшақ түрлі уақытта орын алды. Өз кезегінде, бұл елдердің макроэкономикалық көрсеткіштерінің құбылмалылығына әкелді. Мысалы, Ресей рублінің долларға шаққанда арзандауы, ал Қазақстанда ол процесстің кешігіп басталуы валюта дисбалансын туғызып, Қазақстан азаматтарының көрші елден пәтер, автокөлік, тұрмыстық техниканы жаппай сатып алуына алып келді.

«Бұл уақытша сәйкессіздік валюта бағамының әртүрлі режимдеріне байланысты. Осылайша, 2006 жылдың қаңтарынан бастап Армения өзгермелі айырбастау режимін қолданды, бірақ 2014 жылы айырбас бағамының құбылмалылығын төмендету үшін АҚШ долларына байланған жұмсақ сяасатқа ауысты. Қырғызстанда жүзілмелі режим қолданылады. Ресей өзгермелі айырбастау режиміне тек 2014 жылдың қарашасында, ал Қазақстан болса 2015 жылдың тамызында ауысты. Беларусь, керісінше, белгіленген режимді сақтап қалды: 2015 жылдың басында ел беларусь рублін АҚШ долларына байлаудан бас тартып, Ресей рублі 40 пайызды иемденетін валюта қоржынын бекітті», - деп атап көрсетеді, зерттеу авторлары.

Қазіргі уақытта Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып табылады және жыл сайын екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар қарқынды дамып келеді. Оның объективті себептері бар. Біріншіден, Ресей мен Қазақстан ТМД елдерінің ішіндегі аумағы бойынша да, ішкі нарықтың көлемі жағынан да ең ірі мемлекеттер ретінде көптеген салаларда дәстүрлі байланыс орнатып үлгерген. Бұл ретте Ресей экономикасының масштабы Қазақстан экономикасынан 9 есе үлкен екенін ескеру керек. Соған қарамастан, Қазақстаннан Ресейге бағытталған инвестициялар аз емес. Ресейден бізге 20 миллиард доллар инвестиция тартылса, Қазақстан Ресейге 4 миллиард доллар инвестиция салған. Екі елдің іскер топтары арасындағы байланыс өте тығыз.

Соңғы жылдары ЕАЭО елдерінің бірыңғай нарығының жұмыс істеуі үшін заңнамалық базаны кеңейтудің арқасында Ресей мен Қазақстанның кәсіпкерлері жаңа мүмкіндіктерге ие болды. Соның арқасында біріккен кәсіпорындары саны артқан. 2020 жылы Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 10653 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Оның ішінде, 10 513 кәсіпкерлік нысаны, 98 орта бизнес және 42 ірі бизнес нысандары бар.

Тегтер: