11 Қараша 14:58

Еуразиялық экономикалық одақ: түйткіл, түйін және күңкіл

Фото:
Бұрын «бас жарылса, бөрік ішінде» деп, бүркемеленіп келген Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің мүдде қайшылықтары ақыры су бетіне қалқып шығып отыр. Бүгінде үкіметаралық басқосулар нағыз майдан алаңын еске түсіреді. Рас, кейбір сарапшылар Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстанның өзара

қарым-қатынасын бастапқыда-ақ «Израиль мен Палестинаға» теңеген кездері бар. Енді бұл дүрдараздық еуразиялық интеграцияның жаршысы болып келген қазақ басылымдарында да сыни тұрғыдан ашық айтыла бастады. Қазақ билігі бұдан әрі көне беруге болмайтынын, ел экономикасы жар жағасына тақалғанын шын түсінген секілді.

Тұяқ серпу

Шынтуайтында, 2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап құрылған бұл одақ өмірге келген күннен бастап дау-дамайдан басы бір арылған емес. Тіпті, жыл өткен сайын күшеймесе, кикілжіңдердің азаятын түрі көрінбейді. Мәселен, 2019 жылы 25 қазанда Мәскеуде өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында Қазақстан бірқатар стратегиялық мәселелер көтерді. ҚР Премьер-министрі Асқар Мәмин басқарған қазақстандық делагация дәрілерді тіркеу куәліктерін автоматты түрде тану, одақ нарығына  қазақ тауарларын экспортын жеңілдету, одақтың алкоголь нарығына тең құқық беру мәселелерін көтерді. Мұның алдында серіктес елдер біздің өнімдеріміздің еркін сатылуына кедергі жасап, нарығын ашпаса, қарымта қайтаруға әзір екенін айтып қатаң ескерту, яғни, ультиматум жасаған-ды. Тіпті, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов: «Қазақстан шаң қауып отырмайды. Серіктес елдер қолданып отырған қамсыздандыру төлемі және Беларусьтегі арнайы импортер институты секілді ішкі нарықты қорғау шаралары ЕАЭС-тегі ортақ алкоголь нарығын құру мақсатына түбегейлі қайшы келеді», – деп мәлімдеме жасады.

Ал Омбы қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысқан еліміздің сауда министрлігі ресейлік әріптестерін сын тезіне салды. Осы ведомствоның Сыртқы сауда қызметі департаментінің директоры Уасиля Байқадамова екі ел тауарлары арасындағы бәсекелестік әділетті болуы керек екенін алға тартып, негізсіз кедергілерді алып тастауға шақырды: «Ресейдің тағам өнімдері Қазақстанның дүкендерінде самсап тұр. Біздің сүт өнімдеріміз, ет жартылайфабрикаттары, өсімдік майын өндірушілеріміз, тіпті қазақ автопромы да Ресей нарығына шығады. Бірақ, өкінішке қарай, өнім өндірушілеріміз Ресей тұтынушыларына толық қол жеткізе алмай, бірқатар кедергіге тап болып отыр. ЕАЭО-да протекционистік көңіл-күй әлі де күшті», – деді ол. Қазақ жағының талаптары мынадай. Біріншісі – өзара саудаға кедергі келтіретін құқықтық «ақтаңдақтарды» жою, екіншіден, сауда инфрақұрылымдарын дамыту жұмыстарын бірізге түсіру, сауда көлеміне сәйкес жолдар мен шекара өткелдерін салу.

Қазақ тарабының бұл талаптары қыр көрсетуден гөрі тұяқ серпуге көбірек ұқсайтындай ма, қалай?

Қазақтың назы

Өндірісіміз аяқтан тік тұрып, шығарған өнімдерімізді қайда жіберетінімізді білмей дал болып отырғандай, «одаққа кірсек, 180 миллион тұтынушысы бар нарыққа кіреміз, бұл біздің тауар өндірушілерімізге серпін береді» деген үкілі үміт бүгінде сағымға айналып барады. Ресейдің күнделікті тұрмысқа қажет заттары, азық-түлік және тағы басқа тауарлары біздің өнім өндіруге бағытталған шағын және орта бизнесті мүлде тұралатып тастады. Ал Ресей нарығына шыққандар түрлі сылтаумен үлкен кедергілерге тап болуда.

Сөздің тоқ етері, бүгінгі күні еуразиялық интеграцияға қарсы сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің бұдан бірнеше жыл бұрын айтылған болжамдары айна қатесіз алдымыздан шығып отыр. Бұған ЕАЭО ішкі саудасының көрсеткіштері дәлел. Мысалы, Еуразиялық экономикалық комиссияның деректеріне сүйенсек, былтырғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы қорытынды бойынша, ЕАЭО елдерінің жиынтық ЖІӨ-сі шамамен 1,39 трлн доллар болған көрінеді. Оның 1,21 трлн доллары, яғни, 87,2%-ы Ресейге тиесілі. Ал Қазақстанның үлесі небәрі 8,5 %. Одақ көлеміндегі ел экспортының үлесі бар-жоғы 9,7% болса, импорты жалпы импорттың 40 пайызына жеткен. Және түгел дерлік Ресейден.

«ЕАЭО-ны Ресей Қазақстанды тек қана өз өнімдерін өткізетін нарық ретінде көреді», – деген пікірді есеп-қисаптардың өзі растап отыр. Қазақстанның Ресейге экспорты 2014 жылы 6,4 млрд АҚШ доллары болса, 2016 жылы 3,4 млрд-қа дейін құлдырап кетті. 2018 жылы әупірімдеп 5,2 млрд-қа жуықтады.

Ресейдің Батыс елдерімен қырғи-қабақтығы, Қырым мәселесі, соның салдарынын салынып жатқан экономикалық санкциялар, рубльдің құлдырауы және басқа да жағымсыз әсерлер қазақ үкіметінің қытығына тиетіні анық. Осы жылдар ішінде рубльдің соңынан теңгенің құнсыздануы бұрын-соңды болмаған шекке жетті. Алайда, девальвация Ресеймен салыстырғанда, Қазақстанның экономикасына қаттырақ соққы болып тигені байқалды. Билік ел экономикасының басына үйірілген қара бұлтты Ресейден көретінін жасырып жатқан жоқ. Үкіметтің алдағы уақытқа жасаған түрлі болжамдары мен жоспарларында бұл нақты көрсетілген.

Орыстың уәжі

Бір қызығы, Ресей сарапшыларының, ақпарат көздерінен еуразиялық интеграцияның түйткілдері туралы ақпарат жоқтың қасы. Есесіне, «қарыштап дамып барамыз, бұл интеграциялық құрылымның тартымдылығы сонша өзге елдер қатты қызығып отыр, болашақта Өзбекстан да кіріп қалады», – деген көтеріңкі ауанда сөз қозғалады. 

Қазақтың таққан айыптарына орыстың өз уәжі бар. Ұзын-ырғасы мынадай:

«Рас, Одақ қиын кезде іске қосылды. Алғаш құрылған кезде мұнай бағасының әлемдік нарқы құлдырап кетті. Ресей мен Қазақстан да мұнай экспортына тәуелді. Мұның арты теңге мен рубльдің құнсыздануына әкеп соқты. Халықтың төлем қабілеті де азайды.

Бірақ Армения мен Қырғызстан азық-түлік, ауылшарушылық өнімдері мен тауарларын, текстиль өнімдерін және аяқ киімдерін еркін өткізіп жатыр. Армения мен Қырғызстан Ресей нарығына шығып қана қоймай, көлемін де арттырып келеді. Қазақстан шаң қауып отыр. 

Беларусь болса, ауылшаруашылық және машина жасау өнімдерін сатуда. Қазақстан одақ ішіндегі экономикасының көлемі жағынан екінші орында. ЖІӨ-сі Беларусьтен үш есе үлкен. Алайда, 2018 жылы Беларусьтен келген импорт тауарының жалпы құны сендердің импортарыңнан 5 млрд АҚШ долларына көп. Өйткені, Беларусь нарығы, экономикасы едеуір әртараптандырылған. 

Армения соңғы үш жылда серіктес елдерге экспорты 2, 7 есеге артты. Армения, Қырғызстан мен Беларусьтің де экономикалары Ресеймен тығыз байланыста емес пе? Бірақ армянның драмы 19 пайызға, қырғыздың сомы 41 пайызға ғана құнсызданды. Теңге 2,5 есеге дейін құнсызданып, одақта көш бастап тұр. Теңге долларға ғана емес, рубльмен де салыстырғанда құнын жоғалтып отыр.

Ресейге қарсы салынып жатқан санкциялар өзге елдерді айналып өтіп, тек қана Қазақстанға әсер етуі мүмкін емес тәрізді. Теңгенің құсыздануы Қазақстанның ішкі қаржылық мәселелерінен шығып жатыр. 

Экономикаларың минералды шикізатты экспорттарға негізделген. Одақ ішінде қазақстандық өнімдердің негізгі импортері Ресей емес пе? Тіпті, ЕАЭО шеңберінде де шикізат сатудан өзгеге шамаларың жетпей жатса, оған біздің кінәміз не?».

Ресей сарапшыларының сөзіне сенсек, одақта мін жоқ. Бар гәп қазақ үкіметінің жүргізіп жатқан тиімсіз экономикалық саятында жатыр дегенге саяды.

Одақ ішінде экспортты арттырудың қиындығын Қазақстанның шикізатқа тәуелділігінің тереңдеуімен, қазақстандықтардың тұтынушылық деңгейінің құлдырауымен байланыстырады.

Ақиқаты қайсы?

Екі тараптың да сөзінде шындық бар. Ресейдің көздегені – санкциялық қыспаққа түскен экономикасының тамырына серіктес елдердің есебінен қан жүгірту. Протекционистік саясаттың астары осында.

Әу баста-ақ «Ресейге шығарып сататын неміз бар?» деген қарапайым сұраққа интеграцияны қос қолдап қолдап жүрген мүйізі қарағайдай сарапшыларымыздың «Рахаттың» тәтті-пәттілерінен басқа аузына сөз түспеген еді. Ендеше, өкпемізге не жорық?

Қазақ шенділері болса, өз қателіктерін сыртқы факторларға жауып, жауапкершілікті өз мойнына алудан қашып отырғаны да ақиқат. Бұл елдегі ахуалды одан әрі ушықтыратыны сөзсіз. Кейбір сарапшылардың сөзіне қарағанда, қазақ билігі болашақта жұмысын жақсартып, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырады дегенге сенімсіздікпен қарайды. Жар жиегіне келгенде, одақтан шығу, шықпау мәселесі де көтерілуі әбден мүмкін. Оған Ресейдің де жауабы дайын. Ол – құбыр бекіту. Шикізатқа барынша тәуелді елдің әлем нарығына шығар жалғыз жолы орыс жерімен өтеді. Сондықтан қиғылық салсақ та, шорт кету қиынырақ. Ендігі үміт біреу. Еуразиялық интеграцияны қолдамайтындардың қарасы Ресейде де аз емес. Бұл елдің көзқарасының, өзінің өзгеруін күтуден басқа лаж жоқ секілді.


Шадияр Өстемірұлы

Тегтер: