22 Қаңтар 16:39
...

Сәкен Әміреев, эпидемиолог: Биыл былтырғыдан да ауыр жыл болады

Фото:

Эпидемиолог, профессор Сәкен Әміреев Медицина журналистикасы мектебінің онлайн-лекциясында коронавирустың өршу жағдайы былтырғы жылдан да қатты болатынын айтты. Оның пікірінше, бұдан құтылатын бір ғана жол бар, ол – екпе. Тілшіміз эпидемиолог Сәкен Әміреевке хабарласты.

– Сәкен Әмірұлы, бұған дейін мамандар «коронавирустың тарауы наурыз айында шарықтау шегіне жетеді» деген еді. Ал сіз биыл вирустың өршуі былтырғы жылдан да қатты болады депсіз. Мұны неге сүйеніп айттыңыз?

– Қазір халық еркінсіп, маска режимін дұрыс сақтамайтын болды. Вирустың қайтадан көбейіп кетуіне Ұлыбританиядан, Оңтүстік Африкадан шығып, тарап жатқан жаңа штаммдар әсер етті. Бұл жаңа вирустар тез жұғады және салдары ауыр болады.

Тағы бір мәселе – коронавирусты жұқтырғандардың ішінде клиникалық белгісі білінбейтіндер көп. Олардың көрсеткіші – 70 пайыз. Олар таратушы ретінде халық арасында өріп жүр. Осының бәрі эпидемиологиялық жағдайды ушықтыра түсуде. Бұған дейін мұндай болжам айтылды. Көрмейсіз бе, тура келіп жатыр ғой.

– Сонда ғалымдар жаңа штаммдардың тарайтынын алдын ала білді ме?

– Бұл туралы бүкіл әлемде айтылды. Бірақ оның біздің елге келген-келмегенін білмедік. Қазір де бар-жоғы белгісіз. Таяу күндері 40 шақты елге тарады деп еді, қазір 50 елге тарап үлгерді. Бұл жаңа вирустың басты ерекшелігі – тез мутацияланады.

Еліміздегі дәл қазіргі эпидемиологиялық жағдай қалай?

– Жалпы, Қазақстандағы жағдай  бірқалыпты деуге болады. Бірақ вирус тез таралуда. Енді мына жаңа штаммдар бізге жетсе, бұл одан да қауіпті болуы мүмкін.

– Министрлік те, мамандар да «алдыңғы толқында жинақтаған тәжірибеміз бар» деп арқаны кеңге салып жүрген сияқты...

– Бұл вирус барлығына да ауыр тиеді. Неге десеңіз, тез жұғады, тез өзгереді. Мұны бекерден-бекер қайталап айтып отырғам жоқ. Клиникалық белгісі жоқтар да вирусты тез жұқтырады. Бір өкініштісі, оларды біле алмаймыз, анықтай алмаймыз. Дәл қазір солар қауіптірек.

– Бұл вируспен қалай күресеміз?

– Мұның бәрінен құтылатын бір жол қалды. Ол – екпе салдыру. Басқа шара жоқ. Бәріне екпе ғана қарсы тұра алады. Қазір Ресейдің екі екпесі қолданысқа еніп жатыр. Қазақстанда да дайындалуда. Шетелде де тезірек салуды қолға алды.

Фото: radiokp.ru

Карантиндік шектеулер алынып тасталмауы керек. Қазір біз мұны жеңілдетіп алдық. Әрине, өндіріс тоқтады, мұның салдары экономикаға қатты соққы боп тиді. Әлем экономикасы 7 трлн доллар жоғалтып алды. Сондықтан жұмысты да тоқтатпай, вирусты да жұқтырмауға тырысу керек.

–  Демек, қатаң карантин енгізудің қажеті жоқ қой...

– Бәрін тоқтатып тастау экономикаға қиын тиеді. Өнеркәсіп, азық-түлік өндірісі тұралап қалса, халық не істейді? Жұмыссыздық белең алса, әлеуметтік жағдай күрт төмендейді. Сондықтан жұмысты істей отырып, сақтық шарасын қатаң ұстану керек. Қандай аурудан да сақтану керек. Ал мына вирустан ерекше сақтанған абзал. Кейбір мемлекеттерде коменданттық сағат енгізуге тура келді. Демократия, адам құқығы сақталатын Еуропа елдерінің халқы көшеге шығып, тыңдамай жатыр.

–​ Алдыңғы толқында көп адам ауырды. Қазір олар «біздің ағзамызда антидене бар, енді ауырмаймыз» деп бейқам жүр. Осы дұрыс па?

– Ауырып тұрғаннан кейін қайтадан жұқтырып алатындар бар. Иә, вируспен ауырғандарда антидене болуы керек. Бірақ антидене вируспен қатты ауырғандарда ғана көбірек болады. Ал жеңіл түріне шалдыққандарда антидене қалыптаспауы мүмкін. Десек те, антидененің сақтандырғыш қасиеті екпеге қарағанда төмен. Екпенің сақтандырғыш қасиеті – 90-95 пайыз.

Қазір АҚШ-тың Pfizer екпесін мақтап жатыр. Ресейдің Спутник-V екпесі де жаман емес. Әр елдің технологиясы әртүрлі ғой. ДДСҰ-ның рұқсатсынсыз ешқандай екпе қолданысқа енгізілмейді. Бізге сапалы екпе сатып алу керек.

– Сіздіңше, екпені жаппай салдыру керек пе? Өткенде бірлі-екілі адамға салынып, көз жұмды деген ақпарат та шықты...

– Алдымен қауіпті топтар –  медицина қызметкерлері, ұстаздар мен оқытушылар, яғни қоғамда қарым-қатынасқа көп түсетін мамандарға салынуы керек делінді. Қазір мұндай принцип жақсы нәтиже бермеуі мүмкін. Екпені жаппай салдыру керек. Әрине, ешкімнің қолын байлап, зорлап салмайды ғой. Бірақ міндетті болуы тиіс. Әр адам түйсігімен сезініп, салдыруы керек.

Кейбір мемлекетте екпеден қайтыс болған дерек тіркелді. Олардың көпшілігі 80-нен асқан қарттар екен. Әлбетте, егде жастағы кісілерге екпе салып, сақтандырған дұрыс. Десек те, жанама аурулары өршіп тұрған сәтте, дене қызуы көтеріліп тұрғанда екпе егуге болмайды. Елімізде де бірен-саран жағдай тіркелді. Екпе саларда кез келген адамның денсаулығын жіті тексеру қажет. 1-2 пайыз қайғылы оқиға үшін халықтың 90-100 пайызының өміріне қауіп төндіруге болмайды. «Салдырмаймын, қарсымын» деген адамға зорлық жоқ.

– Өзіңіз екпені салдыруға дайынсыз ба?

– Әрине, садырамын. Өйткені, жасы келген адамдар да қауіпті топқа жатады. Меніңше, министрлік 1 ақпаннан бастап Спутник-V екпесін салдыруға рұқсат беретін шығар. Қазір сынама жұмыстарының үш сатысы аяқталып қалды.

–​ Бізде дайындалып жатқан екпенің тиімділігі қанша уақытқа жетеді? Бұл туралы ақпарат неге жоқ?

– Мұның бәрін тексеру алдағы уақыттың еншісінде. Оның сақтандырғыш қасиеті қанша уақытқа дейін жететінін айту мүмкін емес. 6 ай, 1 жылдан кейін қандағы антиденені тексеріп қана айта алады. Бірақ екпе 18 жастан бастап салынады деген. Оған дейінгі балалар мен жасөпірімдерді не істейміз? Бұл әлі сұрақ күйінде қалып отыр. Алайда, балалар вирусты аз жұқтырып жатыр. Олар жас мөлшері бойынша тізімдегі екпені уақытында алуда. Яғни, содан иммундық жүйесі қалыптасқан болуы мүмкін.

Тегтер: