22 Шілде 16:00
...

Jańa Dala / Green Day 2025 көрмесі: Ауыл шаруашылығының болашағы қандай?

Агро
Фото: Jańa Dala / Green Day

17-18 шілде күндері Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Нұресіл ауылында орналасқан «Ақтық» АҚ демонстрациялық алқаптарында ауыл шаруашылығы саласының ең ірі оқиғасы – «Jańa Dala / Green Day 2025» мамандандырылған көрме-демонстрациясы өтті. Ауқымы жағынан да, мазмұны мен инновациялық жаңалықтары тұрғысынан да бұл шара ауыл шаруашылығының болашағын айқындап берді.

Ұйымдастырушылар мақсаты – шараны аграрлық мерекеге айналдыру

«Jańa Dala / Green Day» және «Jańa Dala / Vet Astana» жобаларының жетекшісі
expotime.kz

«Jaña Dala / Green Day шарасының негізгі мақсаты – бұл шараны фермерлер үшін нағыз мерекеге айналдыру. Біз іс-шараны бір күнмен шектелмейтін форматта өткізуді көздейміз. Фермер екі күн қатарынан көрмеге келіп, экспозициямен толық танысып, жаңа білім мен практикалық тәжірибе алу мүмкіндігіне ие болғаны біз үшін маңызды. Біз агросекторды ескірген көзқарастан арылтып, оның заманауи, технологиялық және болашағы зор сала екенін көрсеткіміз келеді. Ең бастысы – бұл күн тек техника мен тұқымдар туралы емес. Бұл күн – елді алға сүйреп жүрген еңбек адамдары туралы.Халқымыз айтқандай: «Еңбек – береке бастауы». Осындай мерекелік күндер – еңбектің шынайы бағаланатын әрі қадір-қасиетке ие болатын сәті», – дейді NEGE тілшісіне түсініктеме берген жоба жетекшісі Динара Әбішева. 

Агробизнес пен агротехнологиялар саласындағы дәстүрлі көрме алғаш рет өз тарихында он мыңнан астам маманды, фермерді, кәсіпорын басшыларын, сала сарапшыларын, мемлекеттік органдар өкілдерін, шетелдік делегацияларды және жас буын – мектеп оқушыларын бір алаңға жинады. Жалпы көрме іс-шаралары 383 гектар аумақты қамтыды. Келушілер назарына 500-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары ұсынылды. Арнайы бөлінген егістік алқаптарда олардың нақты жұмыс процесі көрсетіліп, аграрлық технологиялардың мүмкіндіктері тәжірибе жүзінде таныстырылды.

Агроөнеркәсіп
Jańa Dala / Green Day

Көрменің ең тартымды әрі тартысты тұсы – «Үздік бұқа» ұлттық байқауы болды. Халықаралық сарапшылардың шешімімен ангус тұқымды «Maverick» бұқасы абсолютті чемпион атанды. Оның иелері бас демеуші – «АГРОТЕХМЕНЕДЖМЕНТ» компаниясы ұсынған жаңа YTO дөңгелекті тракторына ие болды. Сонымен қатар, көрме тарихында алғаш рет асыл тұқымды бұқа 6 миллион теңгеге сатылды. Бұл рекордты 17 айлық Qazaq Aqbas тұқымды «Жойқын» есімді бұқа орнатты.

Байқаудың әділ қазылар алқасына АҚШ, Ұлыбритания, Ресей және Қазақстаннан келген халықаралық сарапшылар қатысты. Айталық, Стефен Джонс (Ұлыбритания) – асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында 35 жылдан астам тәжірибесі бар маман, ал Фрэнк Грейвс (АҚШ) – мал маркетингі мен сатылым жүйелерін енгізген сарапшы, Светлана Серова (Ресей)  болса – «Самараплем» АҚ бас директоры.

Көрме аясында Қазақстанда алғаш рет ветеринарлық мамандардың Құрылтайы өтті. Аталған жиынға 150-ден астам маман қатысты. Олар ауыл шаруашылығы жануарларының ауруларын емдеу, алдын алу және санитарлық жағдайды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Құрылтайды ҚР Ветеринария палатасы және барлық республикалық ІҚМ тұқымдық палаталары ұйымдастырды.

Jańa Dala / Green Day
Jańa Dala / Green Day

Ұйымдастырушылардың арнайы шақыруымен көрмеге Астана мен Ақмола облысының 500-ден астам оқушысы қатысты. Олар үшін экскурсиялар, білім беру бағдарламалары және естелік сыйлықтар ұйымдастырылды. Бұл бастама жас ұрпақтың ауыл шаруашылығына деген қызығушылығын оятып, агроөнеркәсіптің болашағына инвестиция болары анық.

Көрмеге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Франция, Германия, Ұлыбритания, Беларусь, Нидерланд және Ресей Федерациясының елшілері қатысты.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз сөзінде былай деді: «Jańa Dala / Green Day сияқты алаңдар бізге бір-бірімізді естуге, қолдау шараларын жетілдіруге, шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді».

Ал Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов: «Ақмола облысы елдегі жетекші аграрлық өңір мәртебесін сенімді түрде сақтап келеді. 2024 жылы біз 6,5 млн тонна көлемінде рекордтық астық жинадық. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі – 1 трлн теңге», – деп атап өтті.

Айта кетейік, пандемия жылдары жабық ғимараттарда көрмелер өткізу мүмкін болмаған кезде ұйымдастырушылар жағдайды тиімді пайдаланып, көрмені дала форматында қайта қолға алған болатын. Ашық аспан астында өтетін бұл формат қатысушылар тарапынан жылы қабылданып, техниканы, жабдықты және агротехнологияларды нақты жұмыс жағдайында көрсетуге жол ашты. Тұқым мен тыңайтқыш өндірушілері үшін де бұл формат өз шешімдерінің тиімділігін тікелей егіс алқаптарында, арнайы демонстрациялық учаскелерде көрсетуге мүмкіндік берді. Осылайша, 2021 жылы, сегіз жылдық үзілістен кейін қайта өткен алғашқы «Дала күні» үлкен жетістікке айналды. Бұл формат бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай, аграрлық сектор өкілдері үшін маңызды кәсіби кездесу алаңына айналып отыр.

2025 жылғы 31 шілде мен 1 тамыз аралығында «Jańa Dala / Qarqyn ‘2025» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі Қостанай облысы, Мендіқара ауданы, Степановка ауылында өтеді.