Қазақ халқының бірегейлігі неде?

Қазақтың сырт көзге тарихы тереңде жатқан ұлт екенін қалай көрсете аламыз? Бір сөзбен айтқанда, үлттың бірегейлігін әйгілейтін рухани құндылықтарға не жатады?
Сан ғасырлық тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, болмысы мен дүниетанымы арқылы ерек қазақ халқы небір алмағайып дәуірді бастан өткізді. Қаншама ұрыстан, тарихтың түрлі зобалаңынан аман қалып, өзіне тән мәдени кодын жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа аманаттаған ұлттың бірегейлігі неде?
Біз осы сұрақтың жауабын жан-жақты ашуға тырысып көрелік. Әуелі қазақтың бірегейлігін «мен мұндалап» көрсететін ең басты ерекшелігі – көшпенділер өркениеті, рухани құндылықтары, қонақжайлылығы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы.
Ал тарқатып айтқанда, көшпенділер өркениеті біздің түп-тамырымыз саналатын Ұлы дала мәдениетінен бастау алады. Көшпенді өмір салты қазақ халқын еркіндікті сүйетін, табиғатпен етене жақын байланыста өмір сүретін халыққа айналдырды.

Бұл ерекшелік жерге деген құрметті туындатады. Сол сияқты кең, жазық дала қазақ халқы үшін жай ғана емес, еркіндік пен ерекше рухтың символдық мекені. Осы көшпенді өмір қауымдастығы қазақ халқын ортақ дәстүр мен заң арқылы өмір сүрудің бірегей үлгісін қалыптастырды. Мәселен, «Жеті жарғы» заңының өзі тәртіп пен талаптың ортақ екенін сол заманда-ақ көрсете білді. Бұл заң көшпенділердің қоғамдық қатынасын реттеп, әділдікті сақтауға бағытталды. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген қағида көшпенді қоғамның ұстанымына айналды.
Сонау XV ғасырда құрылған Қазақ хандығы тұсында Керей мен Жәнібек бастаған көшпенді тайпалар біртұтас халық ретінде бірігіп, ұйыса білгенде қазақ ұлты саяси және мәдени тұрғыдан қалыптаса бастағаны белгілі.
Қазақ халқының бірегейлігін көрсететін екінші фактор – тілі мен ауыз әдебиеті. Қазақ тілі – әлемдегі ең әуезді, бейнелі тіл. Алдымен дами түскен ауыз әдебиетінде халықтың тарихы, болмыс-бітімі мен мінез-құлқы, дүниетанымы, рухани құндылығы мен мәдениеті астасып жатыр. Қазақтың рухани қазынасына айналған «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» сынды жырлары мен эпостары халықтың батырлық рух-жігерін кейінгі ұрпаққа жеткізді. Ал «Тоқсан ауыз сөздің тобйықтай түйініне» айналған мақал-мәтелдер мен шешендік сөздер – халық даналығының қазынасы.
Қазақ мәдениеті мен білімінің айнасы атанған ақындар мен ойшылдардың рух сыйлайтын өлеңдері мен терең ойлары қазақ тілінің бай екенін, құдыретті тіл екенін әлемге әйгіледі. Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Мағжан Жұмабаевты жата-жастана оқып, әр сөзінен тәрбие, рухани азық, патриоттық жігер алған ұрпақ кемде-кем.

Үшінші бірегейлілік – қазақ халқының қонақжайлылығы мен кеңпейілділігі. «Қырықтың бірі – Қыдыр», «Қонақ келсе – құт» деген түсінік халықтың рухани мәдениетін паш етеді. Қонағына ас та төк дастарқан жайып, көңілінен шығуға жанын салатын қазақ ұлтының бұл бірегейлігін елге табаны тиген әрбір шетелдік таңданыспен айта жүреді. Бұл қазақтың кейпейілді, адамгершілігі биік ұлт екенін дәлелдей түседі. Және бұл бірлік пен татулыққа, ынтымақ пен ымырашылдыққа үндейді.
Төртінші бірегейлік – ұлттық өнер мен салт-дәстүр. Ауыз әдебиетінен бастау алған жырлар ән мен күйдің, би мен айтыс өнерінің дамуына жол ашты. Кетбұға, Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Тәттімбет сияқты күйшілер қазақтың күй өнерінің дамуына атсалысты. Ал салт-дәстүріміз – беташар, тұсаукесер, шілдехана, сондай-ақ ұлттық ойындар – қыз қуу, асық ату, көкпар, ұлттық мереке – Наурыз мейрамы қазақ халқының тарихы мен тұрмыс-тіршілігінен сыр шертіп, өмір салты мен батырлық рухының айғағы саналады.
NEGE тілшісі этнограф Айнұр Бейсеғұлованың пікірін білді.

Этнограф Айнұр Бейсеғұлованың пікірінше, әр ұлттың туғаннан бастап берілетін құндылығы мен ұлттық коды болады.
«Қазақ халқында жеті атаны білуі, салт-дәстүрді ұмытпауы, ана тілін құрметтеуі маңызды. Адам өмірге келгенде өзіне «Мен кіммін?» деген сұрақты қоюы заңдылық. Қазақ ұлтының өкілі ретінде басқа ұлттан қандай айырмашылығым бар? Менің антропологиялық типім, түрім, тілім басқаша деген ойдан адамның сана-сезімі мен синологиясы айқындалады. Мәселен, өзімді қазақтыққа бейімдеу үшін психологиялық құндылығым да сол ортаға сәйкес келеді. Тілді, дәстүрді, мәдениетті, діл мен ділді білуім. Әрбір этностың басқадан ерекшелейтін тіл мен түр ғана емес, ұлттық психология», – дегенді айтты.
Сондай-ақ, этнограф қазақ ретінде жеті атаны, шежірені, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты білу маңызды екенін тілге тиек етті.
«Қазақтың қыз бен жігітінің жарасып, отбасы құруына деген алғашқы қадам қан тазалығынан басталады. Тіпті, шетелге шыққан қазақтың көк туды ұстап жүруі – ұлттық бірегейліктің көрінісі. Бірегейленудің өз азаматтық, ұлттық, этникалық сияқты түрге бөлінеді. Айталық, этникалық бірегейлену – өзге ұлттан ерекшелігіңді көрсету.

Бұл тілің, антропологиялық типіңе ғана қатысты емес. Өмір сүру салтың, киім үлгің, ұлттық тағамың. Одан қала берді, үйіңізді ұлттық нақыштағы бұйымдарға толтыру, құрақ көрпе төсеу, оюлы кесте ілу – этникалық бірегейленудің көрінісі. Бұл әрбір ұлтқа тән дүние. Яғни, ұлт түрге ғана бірегейленбейді, ұлттық салт-сана және психологиямен де ерекшеленуге болады. Ал ұлттық бірегейлену – Қазақстанда тұратын ұлт екеніңді әйгілеу. Бұл Қазақстанда тұратын басқа этнос өкілдеріне де қатысты болуы тиіс.
Азаматтық бірегейлену – «Мен қазақстандықпын» дегенді паш ету. Додаға түскен спортшылар жеңіске жетіп, рух сезімі бойын билегенде қазақстандық екенін мақтан тұтады. Бұл өз елінің атын шығарып, еңбегін сіңірем деген мақсатқа жетелейді», – дейді этнограф Айнұр Бейсеғұлова.
Демек, қазақ халқы ғасырлар бойы қалыптасып, бізге жеткен мәдениетін, рухани мұрасын, бір сөзбен айтқанда ұлттық бірегейлілігін жоғалтпауы тиіс.