22 Қазан 16:44
...

Мұнай-газ саласындағы тендерлер. Елдегі халықаралық компаниялар НЕГЕ ашықтық принципінен бас тартып отыр?

Фото:

Қазақстанда мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың тауарлар мен қызметтерді сатып алудағы ашықтығы біздің мұнай мен газды игеріп отырған халықаралық компаниялардан әлдеқайда көш ілгері. Себебі олар өз тендерлеріне отандық өндірушілерді кіргізуге әлі күнге дейін құлықсыз.

Бұл туралы CSI жүргізген арнайы зерттеуде айтылады. Жалпы, мұнай-газ саласында жұмыс істейтін халықаралық компаниялардың отандық тауар мен қызметті пайдалануы «жергілікті қамту» деп аталады және оған қатысты мемлекеттің бекіткен нормалары бар.

«Жергілікті қамту» бойынша халықаралық компаниялар жыл сайын есеп беріп отырады. Аталған норма тұңғыш рет 1995 жылы қабылданған «Мұнай туралы» заңда формалды түрде, нақты көрсеткіштерсіз бекітілді. Кейіннен, 2010 жылы қабылданған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңда оның негізгі алғышарттары көрсетілген еді. 2018 жылы осы заң Кодекске айналып, жер қойнауын пайдаланатын компанияларға өздері сатып алатын тауарлар мен қызметтердің кемінде 50 пайызы отандық болуы тиіс деген талап қойылған болатын.

Бірақ қазіргі әңгіме халықаралық мұнай-газ компанияларының осы талапты қалай орындап жатқанында болып отыр. Себебі олардың тендерлік байқауларының барлығы жабық түрде өтеді.

Дереккөз: CSI зерттеуі

Мысалы, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» (КПО) өзінің жергілікті қамту бойынша есебінде мердігерлермен 500-ден астам келісімшарт жасасқанын, оның ішінде 80%-ы жергілікті кәсіпорындар екенін жазады. Есепке сай, Қарашығанақ жобасындағы жергілікті қамту үлесі 2020 жылы 59,3%-ды құрады. КПО-ның жергілікті қамтудағы көлемі 586,7 миллион АҚШ долларына жеткен.

КПО жергілікті қамту көлемінің динамикасы. Дереккөз: kpo.kz

КПО мәліметінше, олар 2020 жылы жалпы сомасы 399 миллион доллар болатын 35 тендерді тек қана қазақстандық компаниялар арасында өткізген. Бірақ оның ішінен тек 10 келісімшартты жергілікті компанияларға берген. Ол қандай компаниялар? Не үшін дәл сол компаниялар таңдалды? КПО-мен арадағы сыбайлас байланысы жоқ па? Ол туралы ашық деректер кездеспейді.

Дереккөз: CSI зерттеуі

Жалпы, КПО-ның тендер процедурасын жабық түрде өткізетіні көптеген сұрақ туындатады. Компания ішіндегі жемқорлық фактілерінің алдын-алу бойынша қандай шаралар өтті, оның нәтижелері қандай, кімдерге қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатыр деген ақпараттар жоқтың қасы. Осы орайда жергілікті әкімдіктер мен мемлекеттік органдардың сатып алуларын жіті тексеретін, «Сорос» қорының тренингтері мен түрлі гранттық бағдарламаларына қатысып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың халықаралық мұнай-газ консорциумдарына тісі батпайтыны анық байқалып отыр. Оның бір себебі – консорциумның ірі акционерлері АҚШ пен Еуропаның мұнай-газ алпауыттары.

КПО бас директоры Джанкарло Рую. Фото: kazpravda.kz

S&P халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстан үшін мұнай-газ секторындағы тәуекелдің аз еместігіне назар аударып отыр. Қашаған мен Теңізден басқа бізде ауқымды мұнай жобалары жоқ. Және алдағы уақытта ірі кен орны табылып, оны игеретін масштабты жобаның пайда болуы да неғайбыл. Демек «2025 жылдан кейін мұнайдың жалпы бюджетке қаражат әкелетін әлеуеті қала ма?» деген сұрақ туындайды.

Бұл ретте, қазір мұнай дәуірінің соңғы кезеңінде отырғандықтан, отандық компаниялардың пайда тауып дамуына барынша мүмкіндік ашуымыз қажет еді. Оған шетелдік алпауыт акционерлердің ішкі қарсылығы бар екені жасырын емес. Бірақ олардың көңіліне қарап жүргенше мұнай дәуірі бітіп, шетелдіктер орасан зор табыспен өз елдеріне қайтса, біз байлығы әбден сорылып, түгі қалмаған тақыр далада отыруымыз мүмкін...

Тегтер: