IPO «ҚазМұнайГаздың» тек түсіне кіреді. Дивиденд төлемейтін компания НЕГЕ ешкімге керек емес?
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жылдағы әдетіне басып, табысының азғантай бөлігін ғана дивиденд төлеуге жұмсамақ. Одан мемлекеттік бюджет зиян шегіп отыр. Мемлекетке пайда әкелмей отырған компания енді IPO-ға шықса, одан жеке инвесторларға не пайда?
Былтыр «ҚазМұнайГаз» 1,2 триллион теңге таза табыс тапты. Компанияның бір жылдық выручкасы 5,8 триллион теңге болған. Таза табыс 1,2 триллион теңгені құраса да, компания дивиденд төлеуге небары 200 миллиард теңге бөлмек. Ол таза табыстың бар-жоғы 16,5 пайызын құрайды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет өзіне тиісті 1 триллион теңгеден қағылып отыр.
«ҚазМұнайГаз» АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young
«ҚазМұнайГаз» толықтай мемлекетке бағынады. Оның акцияларының 90,42%-ы «Самұрық-Қазына» Әл-ауқат қорына, 9,58 пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қарайды. 2020 жылдың қортындысы бойынша ұлттық компания 172 миллиард теңге таза табыс тауып, оның тек 50 миллиардын ғана мемлекетке дивиденд ретінде қайтарған болатын.
-
Тақырыпқа орай: «ЕБИТДА-сы» шықты. «ҚазМұнайГаз» НЕГЕ қарызға белшеден батты?
«ҚазМұнайГаз» дәстүрлі түрде дивидендті аз төлейді. Былтыр да осылай болды. Жалақы мен ескірген кен орындарынан мұнай өндіруге кететін шығындары өте жоғары болып отыр», - дейді, Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген сарапшы Андрей Чеботарев. Бұл тұрғыдан алғанда, ондағы еңбек өнімділігі өте төмен.
«Мемлекетте өзінің ұжымдық компанияларына деген түсініксіз көзқарас қалыптасқан. Олар ұлттық компанияға олардың профиліне еш қиыспайтын түрлі әлеуметтік жүктеме артады. Мысалы, ғимараттар мен нысандар салып беру, құбыр тарту, тб.»
Тура «ҚазМұнайГаз» сынды, «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы да биыл таза табыстың шағын бөлігін ғана дивиденд ретінде төлемек. Бірақ ондағы жағдай, акциялардың біраз бөлігі жеке инвесторлардың қолында болғандықтан, тіпті шиеленісіп барады. Себебі, жеке инвесторлар әр акциядан табысты көбірек тапқысы келеді және «ҚазТрансОйлдың» мұндай шешімімен келіспей отыр.
«ҚазТрансОйлдың» дивидендті аз төлейін деп отырғанының бір себебі, олар Ресейден Қазақстанға су құбырын тартуы тиіс. Ол пайдасы жоқ, шығыны көп әлеуметтік жүктеме екенін бәріміз түсініп отырмыз», - дейді, Андрей Чеботарев. «Қаңтар оқиғасынан» кейін мемлекет газ бағасын қайтадан арзандатқанда, субсидия түріндегі осы шығындарды «ҚазМұнайГаз» көтеріп отыр. Бұл дұрыс емес».
«Сондықтан, бұл жағдайда Үкіметке егер сіздер әлеуметтік шаруаларды бюджетке салмақ салмай ұлттық компаниялар арқылы өткізгіңіз келсе, онда «ҚазМұнайГазды» Энергетика министрлігінің мұнай өндіру департаментіне айналдырыңыздар деп кеңес берер едім. Сонда, әкімшілік шығындар біршама азаяды. Департаментте айлығы жоғары емес мемлекеттік қызметкерлер жұмыс істейтін болады. Бонустар төленбей, үнемдеуге мүмкіндік ашылады»
Өткен жылдың соңында «Самұрық-Қазына» 2022 жылы «ҚазМұнайГаз» халықтық IPO-ға шығады деп хабарлаған болатын. Түпкілікті шешім алдағы жазда қабылданбақ. Бірақ, инвесторлар жарытып дивиденд төлемейтін мұндай компанияға қызыға қоя ма?
«ҚазТрансОйлдың» биылғы қылығынан кейін, көптеген жеке инвестор ойланып қалды. Біздегі ұлттық компаниялардың өзінің ішкі тәртібі мен нарықта қалыптасқан заңдылықтарды сақтамайтындығы өте қауіпті тенденцияға айналып барады.