3 Қараша 09:31
...

ҚМА Omarket платформасындағы күмәнді мәмілелерге талдау жүргізіп жатыр

АФМ
Фото: gov.kz

Қаржы мониторингі агенттігі әзірге Omarket электронды дүкені арқылы жүргізілген күмәнді мемлекеттік сатып алулар бойынша қылмыстық іс қозғау-қозғамау туралы шешім қабылдаған жоқ.

Астана, NEGE.  Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов Omarket платформасында шамамен 4 млрд теңгеге тауар бағаларының артық қойылғаны анықталғанын хабарлаған еді. Оның айтуынша, кейбір жеткізушілер қарапайым скотчтың бір орамын 2 теңгеден сатса, басқалары дәл сол тауарды 99 мың теңгеден ұсынған. Сондай-ақ 7,5 мың жағдайда баға ұсыныстары келісімшарт жасалғаннан кейін бірден жойылып кеткен.

NEGE редакциясы агенттікке ресми сауал жолдап, осы 4 млрд теңге мемлекетке келтірілген залал ретінде қарастырылып-қарастырылмайтынын және платформаның құрылтайшыларына ұрлық күдігімен іс қозғалған-қозғалмағанын сұрады.

Қаржы мониторингі агенттігі ресми жауапта былай деді:

«Omarket.kz платформасы арқылы жүргізілген күмәнді мәмілелерге қатысты сауалыңызды қарап, қазіргі уақытта тауарларды сатып алу кезінде бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына талдау жүргізіліп жатыр. Талдау нәтижесі бойынша Үкіметке тиісті шаралар қабылдау үшін ақпарат беріледі. Егер қылмыстық құқықбұзушылық белгілері анықталса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады».

Бұған дейін мемлекеттік сатып алу жөніндегі сарапшы Бибек Жүнісов осы портал арқылы тапсырыс берушілер көптеген тендерлерді өздерімен байланысы бар компанияларға беріп отырғанын мәлімдеген болатын.

Сынға Omarket негізін қалаушы Дархан Біржанов жауап берді. Айта кетсек, ол бұрын Қаржы министрлігінде жұмыс істеген: 2012–2014 жылдары Ақпараттық технологиялар департаментінде жетекші сарапшы және директордың орынбасары қызметтерін атқарып, кейін өз еркімен жұмыстан кеткен.

Дархан Біржановтың айтуынша, платформада жеткізушілер бір-бірінің бағасын ашық көріп, тапсырысты алу үшін бағаны төмендету арқылы бәсекеге түсе алады. Сондай-ақ ол Қаржы министрлігі басшылығымен туыстық байланысы бар деген күдікті жоққа шығарды. Бұл пікір оның тегі вице-министр Ержан Біржановпен ұқсас болғандықтан туындаған. Кейін вице-министрдің өзі де Дархан Біржановпен туыстық қатысы жоқ екенін айтып, олардың жай ғана аттас екенін растады.

Тегтер: