16 Маусым 18:30
...

Тым жұмбақ мекеме. НЕГЕ «Freedom Finance» схемалары күдік туғызады?

Фото:

Мәскеуде азаматтардың 30 миллиард теңгеден астам қаржысын жинап алған QBF инвестициялық компаниясының басшылығы ұсталды. Тергеу амалдары олардың қаржы пирамидасы мен алаяқтыққа қатысын анықтамақ. QBF арқылы жиналған қаржының біразы FFIN BROKERAGE SERVICES INC (Белиз) оффшорына аударылып отырған. Ол компанияның елімізде жұмыс істейтін «Freedom Finance» акционерлік қоғамына қатысы бар.

«Коммерсант» жазуынша, алаяқтық әрекет жасады деген күдікпен ұсталғандар инвесторлардан қаржы жинап, оны үш шетелдік компанияның есеп-шотына аударумен айналысқан. Олардың бірі Белизде тіркелген FFIN BROKERAGE SERVICES INC. Онымен бірге Маршалл аралдарында тіркелген LA CASA INTERNATIONAL LTD мен Никосияда тіркелген NOA Circle LTD компаниялары арқылы ақша оффшорға кетіп отырған. Ұсталғандардың азаматтар алдындағы қарызы 5-7 миллиард рубльді құрайды.

Осының ішінде бізге FFIN BROKERAGE SERVICES INC қызықты болып отыр. Себебі елімізде ресми түрде инвестициялық қызметпен айналысатын «Freedom Finance» сауда платформасындағы қаржы айналымы да осы FFIN BROKERAGE SERVICES INC арқылы жүреді. Оны дәлелдеу қиын емес.

Tradernet платформасындағы бенефициар тізімі

Арнайы лицензиясы бар «KassaNova» қаржылық ұйымын сатып алған Freedom Finance оны «Банк Фридом Финанс Қазақстан» деген атаумен қайта тіркетіп, банк қызметін жүргізуге мүмкіндік алып отыр. Тез арада жүйеқұрушы қаржы институтына айнала бастағаннан кейін, оның жұмысын ҚНРДА қатаң бақылауға алатын болады. Мұның алдында қаржы реттеушісі «Fixed Income» аралық инвестициялық пай қорының қызметі туралы толық емес және шатастыруға әкеп соғатын ақпарат таратуда көрініс тапқан әкімшілік құқық бұзушылық үшін Freedom Finance-қа айыппұл салып, жазалаған болатын.

ҚНРДА тексеру есебі. Дереккөз: www.gov.kz

2020 жылдың қортындысы бойынша «Freedom Finance» таза пайдасы 6,7 миллиард теңгеге жетті. Бұл бар-жоғы 900 миллион теңге кіріс түскен 2019 жылға қарағанда анағұрлым жақсы көрсеткіш. Қаржылық топ активтері 138,7 миллиард теңге, ал міндеттемелері 95,8 миллиард теңгені құрап отыр.

«Freedom Finance» АҚ 2020 жылдың аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Deloitte

Ал «Банк Фридом Финанс Қазақстанның» былтырғы жылдың қортындысы бойынша таза кірісі 1 миллиард теңгені құраған болатын. Бірақ ол көбіне Fortebank бақылауында болған «KassaNova» мұрасы, сондықтан банктің нағыз әлеуетін 2021 жылдың қортындысы бойынша байқайтын боламыз.

Ел азаматтарының инвестициялық мақсатпен «Freedom Finance» АҚ-ға қаржы құйған кезде оның оффшордағы FFIN BROKERAGE SERVICES INC есеп-шотына кететіні ҚНРДА назарын өзіне аударуы тиіс деп ойлаймыз.

Әңгіме азаматтардың қаржылық қауыпсіздігінде болып отыр.

Тегтер: