25 Ақпан 12:20
...

Бізде тек қана алаяқтар жақсы жұмыс істейді

Фото:

Ресми статистика бойынша соңғы он жылда 130 мыңға жуық қазақстандық алаяқтардың арбауына түскен. Бірақ бұл - "ерінбей" құқық қорғау органдарына арыз жазған азаматтардың саны. Ал қолын бір сермеген, өзінің алданып қалғанын жария етуден ұялғандар қаншама? Шын мәнінде алданғандар ресми статистикадан бес есе көп дейді, сарапшылар.

Ендеше ресми статистиканы беске көбейтеміз де, 2010-2020 жылдар аралығында шамамен 650 мың азамат алаяқтарға жем болғанын шамалаймыз. Олар 350 млрд теңгеден астам (1 миллиард доллар!) ақшасын жоғалтқан. Сонда әр адам кем дегенде 500 мың теңгеге алданған болып тұр. Алаяқтардың әрекеті қаншама отбасыны бұзып, қасіреттен қанша жанның өмірін қиғаны, қаншама баланы жетім, қанша әйелді жесір қылғаны статистикаға тіркелмесе де, осы сандардан кем дегенде жарты миллиондай отбасының зәбір көргенін байқауға болады.

Ең қорқыныштысы, тіркелген алаяқтық фактілері жыл санап көбейіп барады. Мысалы 2010 жылы 2888 қылмыс тіркелсе, 2012 жылы - 8930, 2015 жылы - 11 230, ал 2019 жылы алаяқтардың лаңы 25 мыңға бір-ақ көтерілген. Сонда тіпті "екінің бірі алаяқ болып кеткен бе" деген ойға қаласыз. 

Ай сайын алаяқтарға қатысты кем дегенде қоғамда бір шу көтерілетін болған. Соңғысы - ломбардтар оқиғасы. Оған тіпті жұлдыздар да қатысып, жарнамалап, артынан опық жегенін ақпарат құралдары жарыса жазды. 

Тақырыпқа орай: Вайнер Мейіржан Төребаев «Estate Ломбард» үстінен арыз түсірді

Оның алдында қаржылық пирамиданың жаңа түрі пайда болып, WhatsApp желісі арқылы бүкіл елді дүрліктірді. Идеясы керемет. Қызғылт сары бағанадағы адамдар көгілдір аймақтағы Златаға мынадай нөмір бойынша банк шотына (нөмірі көрсетіледі) 14300 теңге жібереді. Қызғылт сары жақтағы ұяшықтар толған бойда Злата 114000 теңгесін алып, ойыннан шығады. Ал жасыл аймақтағылар жеке чат құрып, көгілдір аймаққа өтеді. Ұйымдастырушылары ақшаны қағып алады де, елеңдеп артынан келгендері сорлап қалмақ. 

Фото: fingramota.kz

Қаржы пирамидасы қылмыс санатында алаяқтықтың ішіне кіреді. 2019 жылдың сегіз айында Қазақстанда ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы «Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару» бойынша 14 қылмыстық іс қозғалған. Ішкі істер министрлігі 2017 жылы мұндай 63 іс, 2018 жылы 103 іс қозғалғанын айтады. ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаменті директорының орынбасары Олег Иващенконың дерегі бойынша, тек 2017-2019 жылдары қозғалған қылмыстық істер бойынша келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 8,3 миллиард теңгеден астам  (2017 жылы 6,341 миллиард теңге, 2018 жылы 1,863 миллиард теңге, 2019 жылдың 8 айында 147,8 миллион теңге ). 8,3 миллиард теңгенің тек 400 миллионы ғана азаматтарға қайтарылған.

Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігіне қарасты Финграмота ресурсын саралай отырып, Nege.kz алаяқтардың елімізде жиі қолданып жүрген әдістерін әшкерелеуді жөн санады.

1. Қаржы пирамидасы

Қаржы пирамидасы – Қазақстандағы адамды алдаудың ең хит болып тұрған тәсілі. Мемлекет жан жақтан ескертіп жатса, адамдар опық жеуін қояр емес. Инвестициялық пирамида – бұл кіріс алу моделі, мұнда жаңадан тартылған қатысушылардан түскен ақшаны пирамиданың «ұшар басы» деп аталатын – жоғарыда тұрғандар алып отырады. Қатысушылар кәдімгідей жиналып, қомақты соманың басы құрылғанда алаяқ ұйымдастырушы ақшаны алып жоқ болып кетеді. 

Сондай-ақ көп деңгейлі қаржы пирамидасы бар. Ол желі маркетингін еске салады, онда тіпті тауарлар да кездеседі. Сапасы төмен тауарлар, әдетте, көтеріңкі бағамен сатылады. Әрбір қатысушы, бұл ретте ұйымға кіру жарнасын төлейді. Нәтижесінде пирамида ұйымдастырушысы, бірінші жағдайда, барлық ақшаны алып, жоғалып кетеді. Онсыз пирамида біраз уақытқа дейін жұмыс істей береді, бірақ одан кейін міндетті түрде шығынға батып, қатысушылары ештеңесіз қалады.

2. Ломбард пирамидасы

Ломбард клиент тарту үшін алаяқтық және қаржы пирамидасы белгілері бар бағдарламалар жүргізеді. Мәселен, ломбард салымшыларға 480% мөлшерінде жылдық сыйақы береміз деп уәде етіп, салымшыларды тартады. Азаматтар өз кезегінде кепілге жылжымалы және жылжымайтын мүлкін, кредиттер ресімдеп, бар тапқан ақшасын ломбардқа салады. Ломбард қожайыны ақыр аяғында тайып тұрады. 

Мейіржан Төребаев, Айқын сынды әртістердің алданып жүргені де осы әдіс. Соңғы шу кезінде «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард», «Gold», «Выгодный депозит» сияқты ұйымдар анықталып, қазір олармен құқық қорғау органдары айналыса бастады. Ломбардтардың алаяқтық схемаларынан 2 мыңнан аса азамат зардап шеккен.

3. Интернет-қақпан

Алаяқтар да дамып кеткен. Интернетті ұршықша үйіреді. Өз құрбанымен тікелей байланыспайды. Әлеуметтік желілерде қандай да бір тауардың сатылатыны туралы хабарландыру береді. Сатып алушыға заттың бағасы алдын-ала 100 пайыз төленгеннен кейін ғана жеткізілетін айтады. Аңқау клиенттер тауарды да, сатушыны да көрмей тұрып ақша аударады. Тауар да жоқ, ақша да жоқ болғанын түсінген кезде, жылап, полицияға барады.

4. Авто-алаяқтық

Алаяқтар арнайы сайттардағы көлік сату туралы хабарландыруларды іздейді және ортадан жоғары бағадағы машиналарды таңдауға тырысады. Телефонмен болатын әңгіменің сценарийі де дайын. Сатып алушы хабарласып, көлікті сатып алуға дайын екенін айтады, бірақ ол басқа қала жүргендіктен, ақының бір бөлігін алдын ала жіберуді ұсынады. Сатушының банктік шот туралы деректерін алып алғаннан кейін, алаяқ телефон арқылы СМСпен келген кодты айтуын сұрайды. Ол кодты біліп алса, сатушы азаматтың карточкадағы, банктегі бар ақшасы ұшты-күйлі жоғалады.

5. Үйге қатысты алаяқтық

Мәселен, алаяқтар төмен бағамен кепілде тұрған пәтерді сатып алуды ұсынады. Банк алдындағы қарызды жабу үшін алдын-ала төлем сұрайды. Бірақ, алдын-ала жасалған сатып алу-сату шарты сатып алушыға тұрғын үйді иеленуге кепілдік бермейтінін ескеріңіз.

Тағы бір көп қолданылып жүрген әдіс -  пәтерді жалға алып, сол пәтерді сатып жіберу. Ондай жағдайлар елімізде көптеп кездесті.

6. Кредитке кіргізу

Жоғалған құжаттарды пайдаланып, өзгенің атынан кредит алу. Бұл да көп кездесетін қылмыстың түрі. Алаяқтар "аңқау клиент" туралы көп ақпарат жинаған сайын, оларға қарыз алу оңайырақ болады. Сондықтан, егер құжаттарыңыз жоғалған болса, шұғыл түрде ХҚКО-ға хабарласуыңыз керек. Онда сіздің жоғалған құжаттарыңыздың күшін жойып, тиісті анықтама береді. Сонымен бірге ішкі істер органдарына құжаттардың жоғалғаны туралы өтінішті бере отырып хабарласыңыз, онда сізге өтініштің берілген уақыты мен күні көрсетілген ресми анықтама беріледі. Осылайша, болашақта сіз қарыз алмағаныңызды дәлелдей аласыз.

Редакция кеңесі

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін өз құжаттарыңызды қараусыз қалдырмаңыз, тауарларды немесе қызметтерді жалға алу үшін құжаттарыңызды кепілге бермеуге тырысыңыз. Ешқашан бейтаныс адамдарға өзіңіздің жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңыздың көшірмесімен қоса жеке деректеріңізді айтпаңыз және жібермеңіз. Дербес ақпаратты беру талап етілетін күмәнді интернет-конкурстарға және лотереяларға қатыспаңыз. Төлем карточкаларының деректемелерін ешқашан, оның ішінде әлеуметтік желілерде де жарияламаңыз. «Жалған» қарыздардың бар-жоғын қадағалау үшін өзіңіздің кредит тарихыңызды үнемі тексеріп отырыңыз.

Тегтер: