8 Қазан 12:50

Отандық полиэтиленнің жарықа шығуына аз уақыт қалды. НЕГЕ бұл мұнай-химия саласы үшін жақсы жаңалық болмақ?

Фото:

XIV KAZENERGY Еуразиялық форумы аясында СИБУР, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы арасында Атырау қаласындағы Ұлттық өнеркәсіптік мұнай-химия технопаркі арнайы экономикалық аймақ аумағында мұнай-химия жобалары бойынша ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы келісім жасалды. Оның отандық экономиканы әртараптандыруда ерекше маңызы бар.

Қол қойылған құжаттарға сәйкес, тараптар интеграцияланған газ-химия кешені негізінде бірлескен кәсіпорындар құру шарттарын анықтады. Атап айтқанда, СИБУР қуаттылығы жылына 1,2 миллион тонна полиэтилен шығаратын зауыт, одан бөлек жылына 500 мың тонна полипропилен шығаратын зауыт құрылысына 40 пайыз үлеспен қатыспақ.

Қазір полипропилен шығаратын зауыттың құрылысы 90 пайызға аяқталған. Оны Атырауда «KPI Inc.» компаниясы салып жатыр. Әзірге үлкен біріктірілген газ-химиялық кешеннің құрылысындағы бірінші кезең аясында пропанды ағызудың теміржол эстакадасы, пропанды сақтау паркі, бас электр қосалқы стансасы, пропанды дегидрлеу және пропиленді полимерлеу қондырғылары, дайын өнімді жинақтау мен жөнелту нысандары пысықталуда.

«Жалпы құрылыс жұмыстары аяқталып қалды. Мысалы, цехаралық инженерлік желілерді монтаждау және сынақтан өткізу жұмысын бітірдік. Әрі металл құрылымдарының шамамен 28 мың тоннасы және технологиялық құбырлардың 435 мың дюймы монтаждалып, бетон құю жұмыстары толығымен бітті», -  дейді, «KPI Inc.» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дамир Әшімов.

«Ең бастысы ұзақ уақыт жасалатын жабдық пен негізгі құрал-жабдықтар жеткізілді. Әлемнің әр елінен қосалқы жабдықтар тасылды. Олардың жалпы саны 8 836 бірлік болды»

Дамир Әшімовтың сөзінше, инженерлік инфрақұрылым нысандарын дайындау аясында бас қосалқы стансаның құрылысы аяқталып, «Karabatan Utility Solutions» газ-турбиналық электр стансасынан электр қуаты тартылды. Айналмалы сумен қамту блогында резервуарлардың гидросынақтары аяқталып, сорғы бөлмесі мен градирняны монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Полипропилен шығаратын зауыт құрылысына 3 500 адам және 100-ге жуық техника жұмылдырылды. Бір зауыттың өзі 586 жаңа жұмыс орнын ашпақ.

«Бұл расында да бүгінгі таңда бұл елімізде теңдесі жоқ бірегей жоба. Кәсіпорында озық технологиялар мен жабдық пайданалатын болады», - дейді, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Алик Айдарбаев.

«Зауыт қуаты мен онда шығарылатын өнім полипропиленге деген қазақстандық сұранысты өтеп қана қоймай, экспортқа да шығарылады. Жалпы зауыт өндіретін өнім келешекте құрылыс материалдары өндірісі, автомобиль өнеркәсібі сияқты аралас салалардың дамуына және жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға септігін тигізеді»

KAZENERGY форумы асында әлемдік алпауыттар қатарынан табылатын СИБУР осы зауыттың 40 пайыз үлесін алуға шешім қабылдап, келісімді бекітті. СИБУР-дың келуі зауыт өнімін экспортқа шығаруға үлкен қолдау болады. СИБУР дайын контрактілер ұсынуы мүмкін. Зауыттың жылына 500 мың тоннаға дейін полипропилен өндіруге шамасы бар. Алғашында полипропиленнің 11 маркасы шығарылса, болашақта өнім түрі 65 маркаға дейін ұлғайтылады. Полипропилен машина жасау, медицина саласында, электр техникасы, құбыр мен тұрмыстық техниканы шығаруда кеңінен қолданылады. Мысалы, полипропиленнің 500 мың тоннасынан 254 миллиард медициналық бетперде немесе 3145 шақырым полипропилен құбырын жасауға болады.

XIV KAZENERGY Еуразиялық форумы. Фото: kazenergy.com

Нақты келісім-шарттарға қол жеткізумен қатар, биыл KAZENERGY форумы әлемдік декарбонизация (көмірсутектен арылу) трендтерін талқылап көрді. Негізі, бұл ушығып тұрған тақырып. Арнайы панельдік сессияны "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры ұйымдастырған болатын.

Қазіргі уақытта "Самұрық-Қазына" өзінің барлық портфельдік компаниялары үшін төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Оның қандай болатыны біз үшін қызық. «Самұрық-Энергоның» болашақ жекешелендіруі әл-ауқат қорының декарбонизация мәселесін біршама жеңілдетері анық. Бірақ портфельде «ҚазМұнайГаз» бен «ҚазТрансГаз» бар ғой?

Биыл осы пікірсайысқа қатысу үшін қазақстандық және халықаралық ірі компаниялар мен институттардың – "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ, "MASDAR", "Air Products", "Shell Kazakhstan B. V.", "Exxon Mobil Kazakhstan inc" және Азия даму банкінің өкілдері шақырылды. Спикерлер жаңартылатын энергия көздерін, сутегі энергетикасын дамытудың перспективалық бағыттары мен жобаларын, көміртекті ұстап қалу және сақтау технологияларын енгізу жөніндегі бірлескен бастамаларды, сондай-ақ жасыл қаржыландыру құралдарын талқылады.

«Самұрық-Қазына» қоры өзінің алдына келесі 10 жылда парниктік газдар шығарындыларын 10 пайызға төмендету бойынша стратегиялық мақсат қойып отыр. Енді оны іске асыру кешенді тәсілді талап етеді», - дейді, "Самұрық-Қазына" АҚ Стратегия, тұрақты даму және цифрлық трансформация жөніндегі тең басқарушы Ернат Бердіғұлов.

«Бұл - ЖЭК, сутегін, көміртекті ұстау және сақтау технологиясын дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру ғана емес, сондай-ақ осы процесті цифрландыру, қаржыландырудың жаңа құралдарын дамыту және маңызды аспект-бұл экологиялылық пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін ілгерілету»

«MASDAR компаниясы әлемнің 30 елінде жұмыс істейді және ТМД кеңістігінде Өзбекстанда, Әзірбайжанда және Арменияда жобаларды іске асырады», - дейді, MASDAR активтер мен техникалық Қызметтерді басқару жөніндегі директоры Мохаммад Абделкадир Әл-Рамахи. Оның айтуынша, Қазақстанда жел энергетикасы ынтымақтастықтың ең перспективалы бағыты болып табылады. Сонымен қатар, олар үшін желдің күші мен жылдамдығы жоғары жерлерде жел генераторларын салу, Каспий теңізінің жағалауында жел электр станцияларын орнату қызық болып отыр.

«Табиғи газ Қазақстанның энергия алудың заманауи әдістеріне көшуі үшін тағы бір негізгі ынталандырушы факторға айналуы мүмкін», - деп, газдың перспективасын жасырмай отыр, Exxon Mobil Kazakhstan басқарушы директоры Динеш Дж. Сивасамбу.

«Республиканы декарбонизациялау бойынша жұмыс шеңберінде газ секторында реформаларды жүзеге асыру жолымен дәстүрліден неғұрлым таза жасыл экономикаға өту кезінде табиғи газдың әлеуетін отын "көпірі" ретінде сезіну және пайдалану аса маңызды»

Сессияға қатысушылар жаһандық климаттың күн тәртібіндегі мәселелерді тиімді шешу үшін мемлекеттер, трансұлттық компаниялар, сарапшылар тобы мен азаматтық қоғам арасында тығыз ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл қажет екенін атап өтті.

XIV KAZENERGY Еуразиялық форумы. Фото: kazenergy.com

Шындығына келгенде, қазір еліміз Азиядағы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жатыр. Қазақстанның тиімді геосаяси және стратегиялық жағдайы барлық Орталық Азия елдеріне өзінің транспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік бере отырып, Орталық Азиядан Шығыс пен Батысқа мұнай мен газ ағындарының тұрақты транзитін қамтамасыз етеді.

«Түркіменстан, Өзбекстан және Қазақстан табиғи газдың ірі қорына иелік етеді. Осыған байланысты, біздің елдерімізге газ-химия саласын дамытудың қолда бар әлеуетін іске асыруға қоса беріліп отырған күш-жігерді үйлестіруді ұсынамын, бұл өз кезегінде экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге және әлемдік нарықта өз орнын алуға мүмкіндік береді», - деп санайды, Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов. Ол үшін, бізге қосылған құны жоғары тауарларды шығара отырып, ресурстарды өндіруден болатын тиімділікті оларды қайта өңдеу жолымен арттыру қажет.

XIV KAZENERGY Еуразиялық форумы. Фото: kazenergy.com

Вице-министр қазіргі уақытта әлемде газ шикізатынан өндірілген өнімге сұраныстың өскенін атап өтті. Орталық Азия өңірінің елдерін біріктіретін газ магистральдары да ынтымақтастықты дамытудың зор әлеуетіне ие болып отыр.

«Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 40%-дан асады. Гелий, метанол, аммиак, этилен, полиэтилен өсудің негізгі драйверлеріне айналады»

Қазақстан ынтымақтастықты тереңдетудің және теміржол мен порт қуаттарын кеңейту, мемлекетаралық электр беру желілері мен құбырлар салу сияқты ауқымды бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың қосымша мүмкіндіктерін қарастыруда. Көміртекті бейтараптық жөніндегі Париж келісімінің жаһандық мақсатын орындау үшін Мағауов өңір елдеріне жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту жөніндегі жұмысты күшейтуді ұсынды.

Қазіргі таңда еліміз "жасыл" экономика тұжырымдамасы аясында алдына нақты мақсат қойып отыр. Елдің жалпы энергия теңгерімінде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3 пайызға жетті. Енді осы үлесті 2025 жылы 6%-ға, 2030 жылы 15%-ға, ал 2050 жылы кемінде 50 пайызға жеткізу көзделген.

Тегтер: