20 Тамыз 15:30

Энергетика министрлігі шикізаттың электронды аукционын біржолата жолға қойды

Фото:

Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған кезекті электрондық аукцион осы жылдың 19 қарашасында өтпек. Ол әдеттегідей gosreestr.kz сайтында ұйымдастырылады.

Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін электронды аукцион екі рет өтті. Былтыр аукционға 10 жер қойнауы учаскесі шығарылған еді. Биыл сәуірде тағы 8 жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион ұйымдастырылды. Аукциондар шикізатты пайдалануға қатысты процесстердің барлығын ашық қылуға мүмкіндік береді.

Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаевтың айтуы бойынша, 2020 жылғы 23 желтоқсанда өткен бірінші электронды аукцион тиімді нәтижелер танытқан. Атап айтқанда, контракттардың жалпы сомасы 61 миллиард теңге болатын 8 жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион жеңімпаздары анықталды.

«Сағыз, Қарабау, Бегайдар, Балқұдық және Қошалақ учаскелері бойынша аукционның 5 жеңімпазынан 1,5 миллиард теңге сомасында қол қою бонустары келіп түсті, барлық учаскелер бойынша келісімшарттар жасалды. Сарайшық және Забурунье учаскелері бойынша 59,6 миллиард теңге сомасындағы қол қою бонустары бюджетке түспеді. Қазіргі уақытта көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі комиссияның осы учаскелер бойынша жеңімпазы туралы шешімі жойылды. Ал учаскелер аукционға қайта қойылатын болады»

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, егер аукциондар бұрын қағаз жүзінде жүргізіліп, қатысушыларға белгілі-бір  қолайсыздықтар туғызса, 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап, жер қойнауын пайдалану құқығын алуға мүдделі тұлға аукциондарға онлайн тәртіпте қатыса алады. Жаңа тетік нарықтың ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, бюрократияны азайтады және бизнес үшін де, мемлекет үшін де шығындарды айтарлықтай қысқартып отыр. Аукцион арқылы жерге меншік құқығы емес, жер қойнауын пайдалану құқығы берілетінін атап өту маңызды.

Аукцион шарттары бұдан да жақсаратын болады. Бұған дейін біз аукциондар өткізу тәжірибесінен кейін, ҚР Энергетика министрлігі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске өзгерістер енгізуді бастап кеткенін жазған болатынбыз. Ол өзгерістер осыған дейін өткен екі аукционның кемшіліктері анықталғаннан кейін қолға алынды. Атап айтқанда, қолданыстағы Кодексті жаңарту, яғни оған өзгерістер енгізу қажеттігі айқын көрінді.

Оның ең басты баптарына қол қою бонусының бастапқы мөлшерінен кем емес мөлшерде аукционға қатысушылардың кепілдік жарнаны енгізуі, аукцион жеңімпазы қол қойылатын бонустың түпкілікті мөлшерін төлемеген жағдайда, екінші қатысушыны аукцион жеңімпазы деп тану, жылына 2 реттен артық емес аукцион өткізуге шектеуді алып тастау мәселесі еніп отыр.

Тегтер: