Қазақстандық спортшылар XII Дүниежүзілік ойындарда өнер көрсетеді

2025 жылғы 7-17 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласында XII Дүниежүзілік ойындар өтеді. Бұл байрақты бәсекеде қазақстандық спортшылар да өнер көрсетеді. Бұл туралы «Спорттық дамыту дирекциясы» РМКҚ директорының орынбасары Есет Қалидоллаұлы айтты.
Алматы, NEGE. "Бұл әлемдік дода соңғы рет АҚШ-та өткен болатын. Дүниежүзілік ойындары әдетте Олимпиада бағдарламасына кірмейтін спорт түрлері арасында өтеді. Қазақ елі бұл сайысқа дәстүрлі түрде қатысып, табысты өнер көрсетіп келеді. Биылғы додаға біздің елден 30 дан астам спортшы барады деп жоспарлап отырмыз. Бұл спортшылар бұған дейінгі спорттық жарыстарда нәтижелі өнер көрсетіп, лицензия ұтып алғандар. Қазақстан ұлттық құрама командалары джиу-джитсу, каратэ, муайтай, самбо, спорттық акробатика, спорттық құзға өрмелеу, садақ ату және ушу секілді спорт түрлері бойынша медальдар үшін бәсекеге түседі", - дейді Есет Қалидоллаұлы.
Дүниежүзілік ойындар — Халықаралық Дүниежүзілік ойындар қауымдастығы (IWGA) ұйымдастыратын, Олимпиада бағдарламасына енбейтін спорт түрлерінен өтетін халықаралық көпсалалы жарыс. Бұл ойындар әр 4 жыл сайын өткізіледі.
Биыл бұл байрақты бәсекеге әлемнің әр елінен 5000 ге жуық спортшы және 75 ке жуық команда қатысады деп жоспарланған.
Аталған жарыста спортшылар 34 спорт түрі бойынша 253-тен астам медаль үшін жарысады.