23 Маусым 12:15
...

Биыл бізге дым да жоқ. «Еуразиялық банк» қарызды қайтаруды НЕГЕ сағызша созып жүр?

Еураз
Фото: Фото: Nege.kz

«Еуразиялық банк» акционерлік қоғамының үлестірілмеген кірісі 311,5 миллиард теңгеге жетті. Банк мемлекет алдындағы 150 миллиард теңге қарызды оңай қайтара алады. Бірақ, бекітілген график бойынша 2032 жылы ғана қайтарса, теңгенің құнсыздануы мен жылдық инфляцияны есепке ала отырып, баланстағы құны небәрі 66,5 миллиард теңге болып шықпақ. Банк одан тиімді жолдан бас тарта ма?

Өткен аптада банк көп сарапшылар күтіп отырған өзінің 2024 жылғы аудиттелген есебін жариялады. 2023 жылмен салыстырғанда қаржы ұйымының таза кірісі сәл де болса азайған.

Еураз
Фото: "Еуразиялық банк" АҚ 2024 жылғы қаржылық есебі. Аудитор: KPMG

«Еуразиялық банктің» таза кірісі 82,7 миллиард теңгеге жетті. Бұл 2023 жылғы қаржылық нәтижеден шамамен 13 миллиард теңгеге аз. Себебі, банктің проценттік шығыстары ұлғайып кеткен. Онымен бірге әкімшілік шығындары да кәдімгідей артыпты.

Банк акционерлері көп дивиденд алып жатпағандықтан, үлестірілмеген кіріс 311,5 миллиард теңгеге жетті. NEGE дереккөзінің айтуынша, мемлекеттік қарызды ерте қайтару бойынша акционерлердің өз ішінде нақты ауызбіршілік жоқ.

Еураз
Фото: Nege.kz

«Еуразиялық банк» «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ-ға бағынышты саналады. Ал бұл компанияның үлесін 33,3% паритетпен еуразиялық олигархтар үштігінің өкілдері, яғни Машкевич, Шодиев пен Ибрагимованың адамдары ұстап отыр.

Шухрат Ибрагимов мемлекеттік қарызды ерте қайтаруды жақтаса, қалған екеуі «асығудың қажеті жоқ, теңге құнсызданған 2032 жылдары графикке сай қайтарамыз» деген ұстанымда. Графиктен алға озбай, қарызды ең артынан берсе, банктің біршама ұтары сөзсыз. Есесіне, Машкевич пен Шодиевтің өкілдері қанша тырысса да Шухрат Ибрагимов «Еуразиялық банкті» Тимур Турловқа саттырмай қойды. Тіпті азаматтық сотқа жүгінуге дейін барған. Осы банк пен ERG призмасынан біз әкелері дос болып келген олигархтар үштігінің ішінде үлкен сызат пайда болғанын байқаймыз.

Еураз
Фото: Nege.kz

2017 жылы «Еуразиялық банк» АҚ қаржылық тұрақтылығын жақсарту үшін мемлекеттен 4% мөлшерлемемен 15 жылға 150 миллиард теңге алған болатын. Кестеге сай, банк негізгі қарызын – 150 миллиард теңгені 2032 жылы бір төлеммен қайтаруы қажет. Ол аралықта әр жыл сайын 6 миллиард теңге процент төлеп тұрады.

8 жыл ішінде банк мемлекетке сыйақы ретінде 48 миллиард теңге төлеген. 2032 жылға дейін тағы 42 миллиард теңге береді және сол жылы 150 миллиард теңгені толық аударады. Сонда 15 жылда 150 миллиард теңгені 240 миллиард теңге қылып қайтарып беруі қажет.

Осы жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «банк акционерлері қарызды мерзімінен бұрын қайтарсын» деп талап қойған. Банктердің көпшілігі бұл талапқа құлақ аса қоймады. «Еуразиялық банк» АҚ басқармасы да Мемлекет басшысының сөз жүзінде айтқанын емес, өздері қол қойып, іс жүзінде заңды болып тұрған кестені орындауға құлықты сияқты. Бірақ оған Президент көне қояр ма екен?