10 Тамыз 15:50

Мұнай-газ саласының ашықтығы. НЕГЕ Энергетика министрлігі салалық Кодекске өзгерістер енгізбек?

Фото:

ҚР Энергетика министрлігі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске өзгерістер енгізуді бастап кетті. Өзгерістер көмірсутек шикізаты бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге электрондық аукциондар өткізудің ашықтығын жақсартуға бағытталған.

2020 жылғы қыркүйек айынан бастап еліміз тұңғыш рет жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін электронды аукцион өте бастады. Бұл ретте, аукцион арқылы жерді иелену емес, уақытша жер қойнауын пайдалану құқығы берілетінін атап өткен жөн. Бұл құқық «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекспен реттеледі. Ал учаскелердегі кез келген технологиялық процестер ҚР Энергетика министрлігі жанындағы жер қойнауын барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияда қаралатын болады.

Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаевтың мәліметі бойынша, 2020 жылғы 23 желтоқсанда өткен бірінші электронды аукцион тиімді нәтижелер танытқан. Атап айтқанда, контракттардың жалпы сомасы 61 миллиард теңге болатын 8 жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион жеңімпаздары анықталды.

«Сағыз, Қарабау, Бегайдар, Балқұдық және Қошалақ учаскелері бойынша аукционның 5 жеңімпазынан 1,5 миллиард теңге сомасында қол қою бонустары келіп түсті, барлық учаскелер бойынша келісімшарттар жасалды. Сарайшық және Забурунье учаскелері бойынша 59,6 миллиард теңге сомасындағы қол қою бонустары бюджетке түспеді. Қазіргі уақытта көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі комиссияның осы учаскелер бойынша жеңімпазы туралы шешімі жойылды. Ал учаскелер аукционға қайта қойылатын болады»

ҚР Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев. Фото: ortcom.kz

Ал араға бір салып, екінші аукцион өтті. 2021 жылғы 23 сәуірде өткен екінші аукционның қорытындысы бойынша 10 жер қойнауы учаскесі бойынша келісім-шарттар жасалды. Олардың қол қою бонусының жалпы сомасы шамамен 9,3 миллиард теңгені құрап отыр.

Осы екі электронды аукцион қолданыстағы Кодексті жаңарту, яғни оған өзгерістер енгізу қажеттігін көрсетті. Оның ең басты баптарына қол қою бонусының бастапқы мөлшерінен кем емес мөлшерде аукционға қатысушылардың кепілдік жарнаны енгізуі, аукцион жеңімпазы қол қойылатын бонустың түпкілікті мөлшерін төлемеген жағдайда, екінші қатысушыны аукцион жеңімпазы деп тану, жылына 2 реттен артық емес аукцион өткізуге шектеуді алып тастау мәселесі еніп отыр.

Қазір Энергетика министрлігі Кодекске осы өзгерістерді дайындап, басқа мемлекеттік органдардың келісімін алу ісін бастап кетті. Одан кейін өзгерістер жобасы депутаттар қарауына жіберілетін болады.

Тегтер: