1 Шілде 16:15

Қазақстанның мұнай мен газы толық цифрландырылмақ. НЕГЕ Энергетика министрлігінің жоспары біз үшін өте маңызды?

Фото:

ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев халыққа есеп беріп, министрліктің атқарылған барлық жұмыстарын бүкпесіз баяндап берді. Сонымен бірге, алдағы жоспарлар да айтылды.

Энергетика саласы ел экономикасының негізгі тірегі болғандықтан, Nege.kz министрдің баяндамасын толығымен саралап, ондағы негізгі тезистерге көңіл бөлуді жөн көрген еді.

Энергетика саласы коронавируспен қалай күресті?

Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты өткен жылдың ақпан айынан бастап Министрлікте мүдделі компаниялардың қатысуымен Сovid-19 жағдайын бақылау жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді. Жобалардағы жағдай туралы жедел мәлімет штабқа күнделікті түсіп отырады. Қазіргі уақытта барлық мұнай-газ компаниялары коронавирустық инфекция таралуының алдын алу және эпидемиологиялық жағдай нашарлаған кезде дайындықты қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.

Онымен қоса, мұнай-газ саласындағы компаниялар коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы күреске белсенді ат салысты. 2020 жылы олар әлеуметтік көмекке шамамен 16 миллиард теңге бөлді. Мұнай компанияларының көмегімен Атырау және Ақтау қалаларында модульдік инфекциялық ауруханалар, Құлсары қаласында көп бейінді аурухана кешені салынды. Қалған қаржыға медициналық жабдықтар, көлік пен материалдар сатып алынды.

Мұнайды қалай өндірдік?

2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай мен конденсат өндіру көлемі 85,7 миллион тонна болды. Ал биылғы жоспар – 85,3 миллион тонна. Бұл ретте былтыр және биыл да ОПЕК+ тарапынан енгізілген және оны Қазақстан орындауға міндеттелген мұнай өндіру бойынша шектеулерді ескеру керек. Өндірілген мұнайдың экспорты 68,6 миллион тоннаға жетті.

Мұнайды қалай өңдедік және бензин НЕГЕ қымбаттады?

2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өнімдерін (авиакеросин, дизель отыны, мазут, бензин) өндіру көлемі 11,5 миллион тонна болды. Бензинге келсек, мұнай өнімдерінің нарығы өте құбылмалы, ол Қазақстанның ішкі нарығында да, көршілес елдерде де салық салу, баға белгілеу жүйесі және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілуі, сұраныстың маусымдылығы, мұнай өңдеу зауыттарындағы технологиялық іркілістер немесе күрделі жөндеулер сияқты көптеген факторларға байланысты. Соның өзінде, ТМД бойынша бензин бағасы жөнінен Қазақстан ең арзан ел болып саналады.

Бірақ, қымбаттаудың жағымсыз салдарымен күресу үшін келесі шаралар қабылданды:

  •  2021 жылдың қаңтарынан бастап жанар-жағар май материалдар экспорты тоқтатылды;

  • Жанар-жағар майды автокөлікпен, сондай-ақ стандартты емес автобактармен және 20 литрден астам канистрлермен әкетуге тыйым салынды.

Мұнай мен газды цифрландыру

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «Мұнай және газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін» пилоттық пайдалануға беру туралы бірлескен бұйрыққа қол қойылды.

Бүгінгі таңда жобаға пилоттық режимде 7 мұнай өндіруші ұйым, 4 мұнай тасымалдаушы ұйым және 3 мұнай өңдеу зауыты қосылған.

Сонда биыл мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға беріледі. Әрі мұнай мен газ конденсатын өндіріп, өңдейтін кәсіпорындардың 60%-дан астамы осы жүйеге қосылатын болады.

Газды қалай дамыттық?

2020 жылы Қазақстан 55,1 миллиард текше метр газ өндірді. Ал биыл 54,4 миллиард текшеметр газ өндіруді жоспарлап отыр. Оның ішінен 10,7 миллиард текше метр газ экспортқа шығарылды.

Бұл сала да цифрланады. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде 2021 жылдың соңына қарай сұйытылған мұнай газы электрондық сауда алаңдары арқылы сатыла бастайды. Бұл осы саланың ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ бизнес үшін әкімшілік кедергілерді жояды. «Газ желісі ұйымдарын» аккредиттеу институты жабылады.

Аймақтарды газдандыру бойынша 51 жобаны іске асыру үшін 38,5 миллиард теңге бөлінді. Қазір елді газдандыру деңгейі 53 пайызға жетті. 9,84 миллион адам газ тұтынып отыр.

Мұнай-газ химиясының болашағы

Министрлік мұнай-газ-химия өнеркәсібін дамытуға қатты көңіл бөлуде. Қазіргі уақытта республикада хош иісті көмірсутектер өндірісі, полипропилен және бензинге арналған октанды жоғарылататын қоспалар шығаратын зауыт, сондай-ақ жағар майларын шығаратын зауыттар жұмыс істейді. Жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс істеп тұрған зауыттардың өнім шығару көлемінің ұлғаюына байланысты жыл сайын мұнай-газ-химия өнімдері өндірісінің өсуі байқалады. Осылайша, 2020 жылы 360 мың тонна өнім шығарылды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 6 есе көп.

2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ-химия өнімдері өндірісінің өсуі 2019 жылмен салыстырғанда 155%-ға артты, оның ішінде өнімнің 80%-ы экспортталды.

Жасыл энергетика

Бұл – болашақтағы басты сала. Көмірсутек дәуірі кетіп барады. Қазақстан осы үрдістен артта қалғысы келмейді. 2020 жылы елдің жалпы энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3 пайызға жетті. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергия көздерінің қуаты 7 есеге өсті. Қазір Қазақстан күн, су мен желден 1635 МВт қуат алады. Жасыл энергияны өндіретін 115 нысан жұмыс істейді.

Осы салаға 1,5 миллиард доллар инвестиция тартылып, 1310 тұрақты жұмыс орны құрылды.

Энергика министрлігінің былтырғы жұмысы көңілден шығатынын және ведомствоның дәстүрлі энергетиканы дамыта отырып, жаңа форматтағы энергия көздерін де ілгерілетіп отырғанын айта кетуіміз керек.

Өз тарапымыздан біз министрліктің биылғы жоспарларының орындалу қарқынын қадағалап отыратын боламыз.

Тегтер: