9 Наурыз 18:00
...

Бұйырмаған Brent. НЕГЕ мұнай бағасы өскен сайын Қазақстанның жағдайы қиындап барады?

Фото:

Бүгін биржадағы фьючерстердің Brent барреліне берілген құны 125 долларға жетті. Бірақ одан Қазақстанға еш пайда болмай тұр.

АҚШ Қаржы министрлігі «Қазақстанға санкция салынбайды, оның мұнайын ешкім шектемейді» деп ашығын айтса да, Қазақстанның қазіргі жағдайы көбіне АҚШ пен Батысқа емес, Ресейге тәуелді болып отыр.

Себебі, Ресей Қазақстанға ықпалын күшейтіп, әмірін жүргізетін аса тиімді саяси-экономикалық құралға ие. Ол – Каспий Құбыр консорциумы.

Өз аймағы арқылы өтетіндіктен, Ресей осы құбырды кез-келген уақытта «национализация» жасап, консорциумды қалған шетелдік акционерлерден тартып алуы да ғажап емес. Құбыр келіп тоқтайтын Новороссийск портының танкерлерге мұнай құю-құймауы да толық Ресейдің қолында. Ал қазіргі Батыс елдері салып жатқан санкцияларға жауап ретінде Ресей Каспий құбыр консорциумынан шетелдіктерді қуып шығып, портты жауып тастайтын болса, онда Қазақстан экспорттық табысынан айрылып, қиын экономикалық дағдарысқа тап болмақ.

КТК құбыры. Фото: yugopolis.ru

Қазақстан мұнайының 99 пайызы Ресей арқылы экспортталады. Қалған 1 пайызы ғана Атасу-Аалашанькоу құбырымен Қытайға барады. Қытай біздің мұнайға аса зәру емес. Себебі, енді Ресей Қытайға толығымен бет бұрмақ. «Шығыс Сібір-Тынық Мұхит» мұнай құбыры арқылы Қытай Ресейді ұзақ мерзімді келісім-шарттармен байлайтыны және өте арзан бағамен жеткілікті көлемде мұнай алып отыруға Ресейді келістіретіні анық.

Ресейдің Қытайдан басқа нарығы қалмады және енді солтүстік көршіміз Қытайдың барлық шарттарын қабылдауға мәжбүр. Бұл жағдайда Ресей Қазақстанның көңіліне қарап, батыстағы мұнай құбырларын сақтап, ұстап отыратыны да күмән тудырып отыр.

«Бізде мұнай экспортының үш негізгі бағыты бар. Ең бастысы – КТК мұнай құбыры (Каспий Құбыр Консорциумы). Оның қуаттылығы жылына 67 миллион ​​тоннаға дейін жетеді»,  – деп жазады сарапшы Абзал Нарымбетов.

«2021 жылы 53 миллион тонна мұнай экспортталды. Ол біздің жалпы экспорттың 79 пайызына тең. КТК-ның негізгі акционерлері Ресей – 31%, Қазақстан – 21% және Chevron – 15%. Мұнай сорты – CPC Blend»

Осыдан-ақ, біздің экспорттың толық КТК-ға байланып отырғанын көруге болады. «Атырау-Самара» мұнай құбыры өткен жылы бар-жоғы 12 миллион тонна мұнай экспорттады. Ал Қытайға біз 2021 жылы бір миллион тоннаға да жетпейтін мұнай ғана сата алдық.

Сондықтан, мұнай бағасы өссе де, оның геосаяси қауіптері болашақ дивидендтердің салмағын басып тұр. Ресейдің мысы тек саяси ғана емес, экономикалық жағынан да ауырлап жатқаны сезіледі. Біз КТК құбырының орнын тез арада немен алмастыра аламыз? Басты сұрақ осы.

Тегтер: