24 Ақпан 17:25

Пандемия да, террористер де емес. Қазақстан экономикасының басты қатері НЕГЕ Путин болып отыр?

Фото:

Владимир Путин бір күнде Қазақстан экономикасына 800 миллиард теңге шығын әкелді. Оған қоса, теңгенің бағамының құлауын тоқтату үшін Ұлттық Банк валюта қорынан 100 миллион доллардан астам қаржыны интервенция түрінде биржаға құюға мәжбүр болды. Бірақ «біздің экономикалық зардабымыз мұнымен тоқтамайды» дейді сарапшылар.   

Үкімет пен Ұлттық Банк ресми басталған соғыстан құлдыраған теңге бағамына қатысты, азаматтардың теңгелей депозиттерден кетуінің алдын алу үшін депозитке 10% қосуға шешім қабылдады. 2021 жылдың соңына таман, жеке тұлғалардың теңгелей депозиттердегі ортақ қаржы көлемі 8 триллион теңгеден асқанын ескерсек, бұл шараға жұмсалатын сома кем дегенде 800 миллиард теңге болуы тиіс. Бұл – «Қазақстан халқына» қорына олигархтардың шаңын қағып, ел-жұрт болып жинаған қаржыдан 7 есе көп. Биыл Ұлттық қордан трансферт ретінде алатын 2,2 триллон теңгенің әр тиыны өңірлердің әлеуметтік бағдарламаларына жоспарланып қойғанын ескерсек, Үкімет пен Ұлттық Банк ол қаржыны қайдан алады?

«Біздің экономика жағымсыз букет алып отыр. Жағдай нашар сценарий бойынша өрбіп кеткенін көріп отырмыз. Рубльдің құлдырауы біздің елге Ресейден инфляция әкеліп, теңгенің құнсыздануына соқтырады», – дейді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов. Оның айтуынша, Ресей инфляциясының әсері біздегі теңгенің долларға қатысты девальвациясының 1 пайызына шамамен 0,43-0,45 пайыз қосып береді.

«Жақында Дүниежүзілік банк шолуын жариялап, Қытай мен Түркияның қарыз нарықтарындағы жағдайға байланысты жаңа жаһандық қаржы дағдарысы қылаң беріп тұрғанын ескерткен. Мұнайдың жоғары бағасына қарамастан, теңгенің жағдайы нашарлайды»

Марат Қайырленовтың пікірінше, бізге тағы бір үлкен қауіп экспорттан келіп тұр. Әлем Ресеймен сауда-саттығын тоқтатса, біздің Ресей арқылы сыртқа шығатын тауарларымызға да шектеу қойылуы мүмкін. Ал әлемдік нарыққа шығатын жолы кесілген Ресей Еуразиялық экономикалық одақ аясында өз тауарларын бізге сатуын күшейтеді. Ол біздегі өндірушілерді тығырыққа тіремек.

«Ресейдің бізге Украинаға теміржол арқылы көмір жеткізуге рұқсат етпегені есімізде. Енді жалпы алғанда, Ресей жері арқылы әлеммен сауда жасау қиынға соғады. Мұнда көптеген қауіптер мен қатерлер бар»

TikMill халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев «Ресей халықаралық SWIFT қаржы жүйесінен шеттетіледі» деген пікірде.

«Ресей қаржылық апат алдында тұр. Оның жағымсыз ықпалы бізге де келеді. Қазір болашақ қаржылық зардабымызды алдын-ала есептеу мүмкін емес»

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың өзіне тигізіп жатқан қаржылық ауыртпалығына көніп келген болатын. Бірақ қазіргі ушыққан жағдайға қаншалықты шыдай алатыны белгісіз. Ұлттық қорда бар-жоғы 55 миллиард доллар жатыр және оны қымбаттаған мұнай есебінен көбейтіп аламыз деген жоспарымыз да бұзылуы мүмкін.

Бірақ біздің тиімсіз одақтан шығуымызға Кремльдің рұқсат бермейтіні түсінікті. Өзінің айтқанына көнбейтін көршілермен қалай сөйлесетінін бүгін Путин анық аңғартты. Сондықтан, ұлттық экономика тар жолда тайғақ кешетін болады.  

Тегтер: