«Дәмді тамақ жасаймыз» – Шоу-бизнестегі сұлулар НЕГЕ мерекеде сүйіктісінен «оңай құтылғысы» келеді?
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Бұл күнде ер азаматтардың нәзік жандар тарапынан жылы лебіздер естиді. Әркім қалтасына қарай көсіліп, сый-сияпат жасап жатады. NEGE тілшісі сахнада жүрген қыз-келіншектерге хабарласып, сүйктілерін қалай қуантатынын сұрады.
Сонымен, кім шұлық сыйлап, кім қымбат сияпат береді екен?
Қарақат ӘБІЛДИНА, әнші:
Қыдекеңе не алсам да, шақ болып шыға келеді
– Бұйырса, биыл ер азаматтардың мерекесін Қызылорда қаласында қарсы аламыз. Ол жақта Қыдекең өзі ашып берген Қарақат мектеп студиясында 800-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Бұйырса, мереке күні отағасын сол шәкірттердің арсында әнмен, сәнмен құттықтайтын боламыз.
Негізі тек мейрамда ғана емес, әр күні азаматымының қас-қабағын бағып, қуантуға тырысу – менің ұстанымым. Әйел затыжарын қаншалықты қадірлеп, құрметтейтінін сезіндіре білу керек.
Ал халықтың алдында жүргеннен кейін көпке үлгі болуға тиіспіз. Айналада түрлі жағдайлар болып жатқанда, жарын аялап, құрметтеп, үйде жайлы жағдайын жасай білу – әйел затының мемлекетке, қоғамға қосқан үлесі деп білемін. «Кіммен ағарсаң, сонымен көгер» деген. Сондықтан бес күндік тіршілікте сыйласып, әр күнді бір-біріне ұқсатпай, мереке қылып өткізе білу ләзім. Азаматтарымызға жылына қанша мереке арнаса да артық етпейді.
Дүкенге барғанда алдымен балаларым мен Қыдекеңе бірдеңе алуға тырысамын. Арнайы мерекеде ғана инстаграмда жұртқа көрсету үшін әдемі гүл мен сыйлық жасау дегенге қарсымын. Жолдасымды әр күн қуантуға тырысамын. Бір қызығы, Қыдекеңе не алсам да шақ болып шыға келеді. Дегенмен, қыздарым әкелеріне қағаздан түрлі-түсті сурет салып, әндерін айтып, көңілін көтеруге тырысады. Қыдекеңе дүниеден көрі, сондай жүректі қозғайтын сияпат көбірек ұнайды. Ондай кезде тіпті көзіне жас алып, көңілі босап қалады.
Зарина ОМАРОВА, әнші:
Шұлық сыйласам да ренжімейді
– Бір сыйлық алуды ойластырып қойғанмын. Шұлық берсем де ренжімейді, дегенмен «патша көңіл» деген бар ғой. Сондықтан өзіне ұнайтын бір аксессуарды алып берсем деп отырмын. Бағасы екі жүз мың теңгенің айналасында болар деп топшылаймын.
Дегенмен, әйел адамның ер азаматқа сыйлық жасамағанын ұят әрекет деп санамаймын. Керісінше, әйел адамның жарқырап жүргені ер азаматтың қалай жағдайын жасап отырғанын көрсетсе керек. Неге десеңіз, әйелдер қауымы ер адамға бала туып, олардың күтімін жасап, тәрбие беріп, отбасында жылулық орнатуға тырысады. Бұл – ешқандай сыйлықпен өлшенбейтін дүние.
Диана ШАРАПОВА, әнші:
Дәмді ас әзірлеймін
– Мен бұл күні алдымен күйеуім мен баламды және ағамды құттықтаймын. Жүрекжарды тілектерімді жазып жіберемін. Үйде дәмді тағам әзірлеп, әдемі әрі үлкен дастархан жасаймын. Ұлым ер жетіп қалғандықтан, оған тосын сый есебінде өзіне ұнайтын затты алып қоямын.
Бастысы – сыйлық емес, жан жылуы ғой. Күйеуім екеуміздің бас қосқанымызға он бес жылдың жүзі болыпты. Осыған орай сыйлық жасау үшін арнайы мерекені күтіп жүрмей, кез келген сәтте бір-бірімізді қуантуға тырысамыз. Ал шұлық пен сақал қыруға арналған көбікті онсыз да әрдайым сатып аламын. Сондықтан бар мейіріңді салып жасаған дәмді ас көңілін көтереді деп ойлаймын.
Аиша, әнші:
Ол – құпия...
– Әрине, мереке болғандықтан сыйлық жасаймын. Мен жалпы отағасына күнделікті дәмді ас әзірлеп, қуантуға тырысамын. Әдетінше сол дастархан басында тосын сыйымды тарту етемін. Бірақ ол әзірге құпия.