22 Ақпан 18:17
...

Путин маскасын шешті

Фото:
Ақыры Украина шығысында Ресей бетпердесін сыпырып тастады. Осы уақытқа дейін Донбастағы соғыс

ты «елдің ішкі ісі» деп бет бақтырмай келген-ді.

Бүлікшіл аймақтың тәуелсіздігін танып, шекара маңына алдын ала топтастырған жер қайысқан қолын ақырындап шекараның арғы бетіне ашық өткізіп жатыр. Енді Кремль үшін жасырып, жақауратудың мәнісі кеткен де тәрізді. Батыс елдері Ресейдің бұл әрекетін айыптап, санкциялар тізбегін жариялай бастады. Бұл – екі тарап арасындағы «қырғи-қабақ соғыстың» жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетсе керек.

Фото: Reuters

Соңғы жылдары еліміздің сыртқы саясатта ұзақ жыл ұстанып келген көпвекторлық бағыты елеулі өзгерістерге түскені құпия болмаса керек. Осындай құбылмалы заманда посткеңестік кеңістіктегі саяси дағдарыстың ушығуы Қазақстанға қалай ықпал етпек? Бұл сауал төңірегінде саясаттанушылар Nege.kz порталына пікір білдірді.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Бұл – Ресейдің жанжалдасушы тарап екенін ресми түрде мойындағаны

– Бұл – 2014 жылдан бері өрбіп келе жатқан шиеленістің кезекті кезеңі. Ресей тарапы «Донецкі пен Луганскі – украин жері, бұл – елдің ішкі ісі, «шахтерлері» мен «жасақтары» Киевпен келіспей, орыс әлемін сақтамақ» деп желеу айтып келген-ді. Іс жүзінде әлем бұл аймақта Ресейдің әскер мен қару-жарақ беріп, басшыларын тағайындап отырғанын көрді. Енді Кремль Донецкі пен Луганскінің тәуелсіздігін тану арқылы шиеленістің бір тарабы екенін ресми түрде мойындады. 

Ресейдің жағдайы 2014 жылдан бері мәз емес. Санкциялардың құрсауында. Сегіз жылдан бері өмір сүру деңгейі төмендеп барады. Наразылық күшею үстінде.  Жақсы жаңалықтары жоқ. Ендеше оны қолдан жасау керек. Мұның үйреншікті әдісі бар. Ол – «Біз жау қоршауында тұрмыз. «Орыс әлемін» әрмен қарай да кеңейте бермекпіз. Әріде Қырымды алдық. Енді Донецкі пен Луганскіні қосып алмақпыз», – деп азаматтардың құлшынысын  ояту. Путиннің төмендеп бара жатқан рейтингін қалпын келтірудің тағы бір әрекеті.

Ресей осындай қадамға барған соң, халықаралық қауымдастық тарапынан санкциялардың күшейетіні анық. Десе де, Батыстың Украина үшін әскерін жібермейтіні түсінікті. Бірақ көмекті үдете түседі. Вашингтон мен Брюссельде «Ресейдің қатысы – жанама, украиндықтар өзара келіссін» деген ұстаным да болған. Ресей енді өзінің қатысы барын тікелей мойындап отыр. Батыс енді саяси және экономикалық санкцияларын күшейтетін түрі бар. Қазірдің өзінде рубль бағамы құлдырай бастады. Ресей қор биржасындағы акциялары құлдырап барады. Ресейді әлемдік қаржы жүйесінен шығарып тастауы ықтимал. Бұл қаржылық тұрғыдан Ресей тас дәуіріне оралады деген сөз.

Біздің теңге рубльге, жалпы Ресейдің экономикалық жүйесіне қаншалықты тәуелді екені белгілі. 2014 жылы рубльдің құны екі есе құнсызданған кезде теңге де 220-дан 400 теңгеге дейін бір-ақ құлдилады. Еуразиялық Экономикалық одақ аясында ұпайымыздың бірсыпырасы Ресейдің бақылауында. Сондықтан бізге де тәуекелдер бар.

Меніңше, кең ауқымды соғыс болмайды. Ресей әскерін төгіп жатқанда Украинаның шабуылға бара қоюы неғайбыл. 2014 жылы Ресей соғыс салып, Украинаның 14 аймағын қосып алмақ болған әрекетінен ештеңе шыққан жоқ. Сол кездегі әлсіз Украина бұған төтеп бере алды. Қазір заманауи қару-жараққа ие Киев бұған мүлде жол бермейді. Әрі кетсе, арандатушылық әрекет, экономикалық диверсия болуы әбден мүмкін.

Қазбек Бейсебаев, саясаттанушы:

Қазақстанға бұл саяси дағдарыстың ешқандай қатысы жоқ

– Донецкі пен Луганскі – сегіз жылдан бері Ресейдің қол астында. Экономикасы Ресейге тәуелді. Ақшасы да – рубль. Білім саласы ресейлік бағдарламамен оқытылады. Басшылығын да Мәскеу тағайындайды. «Тәуелсіздігін тану» – іс жүзінде осы жайттарды мойындау ғана. Бұрын де факто еді, енді де юре солай болды.

Мәселе – Украинада ғана емес, НАТО-да.  Ресей НАТО-ның кеңеюіне үзілді-кесілді қарсы. Донецкі және Луганскімен келісім-шарттарға қол қойып, ресейлік әскер осы аймаққа кіреді. Украина бұл аймақты күшпен тартып ала алмайтын болады.

Ресей Батыс мемлекеттері салатын санкцияларға дайын екенін мәлімдеп отыр. Қазақстанға бұл саяси дағдарыстың ешқандай қатысы жоқ. ҰҚШҰ – алты мемлекеттің ортақ қарулы күштері. Бірақ Донецкі мен Луганскінің бұл ұйымға қатысы мүлде жоқ. Бұл аймаққа Ресей тек қана өз әскерін кіргізбек.

ДХР және ЛХР-ді (орысша атауы ЛНР, ДНР – ред.) танудың Қазақстанға керегі де жоқ. Меніңше, Ресейдің өзі де бізге ондай талап қоймайды. Екі-үш күн бұрын ғана Ресейдің лауазымды шенеуніктерінің өзі де «Донецкі пен Луганскі – украина жері» деп келді. Бүгін ғана өзгерді. Оның себебі, Ресей Донецкі мен Луганскіге әскер кіргізуін ресми түрде заңдастырмақ болды.

Тегтер: