6 Мамыр 16:23

І дәрежелі «Айбын» орденіне НЕГЕ Бауыржан Момышұлының емес, Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді?

Kazinform
Фото: Kazinform

Сәуірдің соңында Парламент депутаттары «Айбын» орденінің үш дәрежесіне қазақтың үш батырының есімін беруге қатысты заңға өзгерістерді мақұлдады. Мұны өткен жылы Мемлекет басшысы Түркістандағы Ұлттық құрылтайда ұсынған. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Kazinform тілшісіне берген сұхбатында «Айбын» орденінің I дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің есімімен, II дәрежесін Бауыржан Момышұлының, III дәрежесін Рахымжан Қошқарбаевтың есімімен атаудың мәнін түсіндірді.

Алматы, NEGE. Мәжілісмен алдымен әлемдегі тәжірибеге тоқталды. Ол ешбір елде бір орденнің үш дәрежесін үш адамға бөліп беретін дәстүр жоғын айтты.

– Айбын орденінің үш дәрежесін қазақтың үш батырына бөліп берудің символикалық мәні бар. Біріншіден, бір орденді үш адамға бөліп беретін дәстүр әлемде жоқ. Мысалға, Ресейді алып қарасақ, Кутузов не Суворов орденінің екі дәрежесі де бір адамның атында. Украинада Богдан Хмельницкий орденінің бірнеше дәрежесі болса да, бір адамның атында. Түркияда да Ататүріктің атындағы орден солай, – деді Ермұрат Бапи.

Депутат қазақтың әлемге танылған даңқты батыры көп, алайда әрқайсына орден беру мүмкін емес екенін де атап өтті.

– Қазақтың даңқты батыры көп. Бас-басына орден тағайындай беру мүмкін емес. Сондықтан Президенттің бұл шешімі символикалық тұрғыдан өте дұрыс, – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, мәжілісмен батырларды бір-бірімен таластыруға қақымыз жоғын атап өтті. Ол «мұны уақытпен, белгілі бір саяси жағдайлармен салыстырып қарауымыз керек» дейді.

– Бірақ біздің батырларды бір-бірімен таластыруға қақымыз жоқ. Әрине, Сағадат Нұрмағамбетовпен салыстырғанда Бауыржан Момышұлының әдеби тұлғасы кеңінен танылды. Содан кейін оны Сағадат Нұрмағамбетовтен «жоғары» деп ойлаймыз. Егер Сағадат Нұрмағамбетовтің әдеби тұлғасын сол кезде жазушылар немесе өзі жазғанда ол әлемдік дәрежедегі қолбасшы болып кетуі мүмкін еді. Сондықтан мұны уақытпен, белгілі бір саяси жағдайлармен салыстырып қарауымыз керек. Сондай-ақ, Бауыржанға бірінші дәрежелі берілмеді деп айту – әскери салада сауаты жоқ адамдардың айтатыны. Бауыржанды алға шығарып, Мәскеуді қорғаған, Панфилов дивизиясының полк командирі болған деп жоғары көтереміз. Бірақ тарихи тұрғыдан келгенде Сағадат Нұрмағамбетовке бірінші дәрежесін беру – заңдылық. Себебі ол тәуелсіздік кезінде Қазақстанның қарулы күштерін құрған. Тәуелсіз Қазақстан қарулы күштерінің алғашқы құрылымдарын жасаған. «Спецназдан» (арнайы жасақ – ред.) бастап үлкен әскери құрамаға дейінгі құрылымдарды құрған, қолбасшылық дәрежедегі азамат. Одан қалды, Бауыржан Момышұлының есімін ІІ дәрежелі орденге беру оның дәрежесін төмендетпейді, – деді ол.

Депутат мемлекеттік органдар тарапынан бұл орденге батырлардың есімін берудің мәні «дұрыс насихатталмай» жатқанын тілге тиек етті.

– Сондықтан мемлекеттік органдар мұны тиісті дәрежеде түсіндіре алмай жатыр. Әлде айтатын адамы жоқ, әлде өздерінің айтуға жететін түйсігі жоқ. Шындап келгенде, бұл үш дәрежелі орден Қазақстанның соңғы 80 жылдық тарихына, соғыстың тарихына, екінші дүниежүзілік соғыстың тарихына әділетті берілген баға деп қабылдау керек. Сол тұрғыдан насихатталмай жатыр, – деді ол.

Сонымен қатар, мәжілісмен жастардың патриоттық сезімін арттырамыз десек алдағы уақытта басқа ордендерге батырдың есімін беруді ұсынды. Дегенмен ол «әр рудың батырының» атына орден бере алмайтынымызды да ескертті.

– Бұл – батырлардың атымен аталатын алғашқы ордендер. Ал, егер біз елдің, әсіресе жастардың патриоттық сезімін оятамыз десек, Керей мен Жәнібектен бастап, жерімізді сақтау үшін күресіп, елге танылған Абылай, Әбілқайырларды, Қабанбай, Бөгенбайларды дәріптеуіміз керек. Ежелгі тарихымыздың тұлғаларына да уақыт келе тағы үш-төрт батырдың атымен орденді атауға болады. Тарихи тұрғыдан түйсіне білуіміз қажет. Батырларымызды бағалау - міндет. Қазақта «жау жоқ деме, жар астында» дейді ғой. Әлдеқандай бір қатерлі күн туса, біздің елді, жерді қорғайтын азаматтарға стимул, мотивация болатындай батырлардың атындағы марапат болуы керек. Сол тұрғыдан сараңдық танытпағанымыз жөн, – деп түйіндеді депутат.