Тимур кетті, Айдан келді. Қырғызстандағы банк саласы НЕГЕ өзгеріс алдында тұр?
Тимур Құлыбаевқа қарасты Halyk тобы өзінің Қырғызстандағы, Ресейдегі және Тәжікстандағы еншілес банктерін сатып бітірді. Енді екі сұрақ бар. Халық Грузия мен Өзбекстандағы банктерімен не істейді? Және «Halyk Bank Kyrgyzstan»-ды сатып алған қазақ инвесторы Айдан Кәрібжанов кейін өкініп қалмай ма?
Halyk тобы өзінің Қырғызстандағы банкін «Visor International DMCC» инвестициялық тобына кіретін консорциумына сатып, мәмілені толықтай жапты. Қазақ бизнесі қазақтарға сатылды деп айта аламыз. Себебі Visor компаниясының негізгі акционері – Айдан Кәрібжанов.
Ол Visor арқылы «Greencity KZ», «Northern Wind Kazakhstan», «Aua Energy», «Aspan Energo», «Sarma Energy» компанияларының акцияларын ұстайды. Негізгі бизнесі баламалы энергия көзі екенін ескерсек, Айдан Кәрібжановқа Қырғызстандағы банкті сатып алу қаншалықты қажет еді деген сұрақ қылаң береді.
Осымен Halyk тобы Ресей, Тәжікстан мен Қырғызстандағы банктерінен құтылды. Бірақ оларды мүлде пайда әкелмейді деп айтпас едік. Мысалы, «Halyk Bank Kyrgyzstan» былтыр 1,86 миллиард теңге (373,6 миллион сом) таза кіріс алған.
Енді топ қоржынында Грузия мен Өзбекстандағы банктер қалды. Олардың былтыр Грузиядағы банк капиталына қосымша қаржы құйғанын ескерсек, жақын арада сату мәселесі күн тәртібіне шықпайтынын түсінуге болады.
«Visor International DMCC» инвестициялық тобы Қырғызстандағы банкті қаншаға сатып алды және осы инвестиция өзін ақтай ма? «Халық Банк» таратқан ресми релизде сату сомасы айтылмаған. Бірақ оның 2023 жылғы қаржылық есебінде Қырғызстандағы еншілес банк бойынша сатуға арналған таза активтер құны 28 миллиард теңге деп көрсетілген.
Сарапшылар, «Halyk Bank Kyrgyzstan» шамамен 15 миллиард теңгеге сатылды деп топшылайды. Себебі, оның үлестірілмеген кірісі жинала келе 10 миллиард теңгеге жуықтаған болатын. Бас кеңсе сату алдында өз дивидендтерін шығарып алатын болса, иә, таза активтері 18 миллиардқа дейін азаяды. Және сатып алушының жеңілдік сұрайтынын да ескеру керек.
Қырғызстандағы банк жылына шамамен 2 миллиард теңге кіріс алып отыратын болса, жаңа қожайындар жеті жылдан кейін өз инвестицияларын ақтайды деп болжай аламыз. Ал Halyk Bank 2023 жылы таза кірісін 693,4 миллиард теңгеге дейін жеткізді. Банктің 56,39 пайыз акциясы «АЛМЭКС» холдингі арқылы Тимур мен Динара Құлыбаевтарға тиесілі.
2024 жыл Тимур Құлыбаев үшін өткен жылдармен салыстырғанда табысты болады деп айта алмаймыз. Оның мұнай-газ секторындағы монополиясы айтарлықтай қысқарды және су тасқыны салдарымен күреске 30 миллиард теңге бөлуге мәжбүр болды.