6 Мамыр 18:00

«Құлыбаевтарды не үшін және кім тексеріп жатқанын әзірге ашық айта алмаймын» – Ермұрат БАПИ

Депутат
Фото: Фото: ғаламтордан

Halyk Bank дивидент ретінде 200 миллиардқа жуық теңгені «Алмэкс» АҚ-ға аударған. Аталған холдингтер тобы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев пен қызы Динара Құлыбаеваға тиесілі. Бұл миллиардер отбасының қыруар қаржыны шетелге асырудың «заңды» тәсілі болып шығуы мүмкін деген де күдік бар. 

Мәжіліс депутаты Ермұрат БАПИ «тиісті органдардың құлыбаевтардың үстінен тексеру жүргізіп жатқанын» айтып отыр. Істің мән-жайын анықтау мақсатымен, NEGE тілшісі депутаттың өзіне хабарласты:

– Тиісті органдардың Тимур Құлыбаевтың ісін астыртын тексеріп жатқанын айтып қалдыңыз? Бұл қандай орган? Нақты атап бере аласыз ба?

– Әзірге ол туралы ашық айтып бере алмаймын. Маған ақпарат берген адамдарды ыңғайсыз жағдайға қалдырғым келмейді. Рас, тексеріп жатыр. Бірақ егжей-тегжейін айтуға әлі ерте. Өйткені, бұл – инсайдерлік ақпарат. Бірақ тексеріп жатқаны анық.

– Тимур Құлыбаевты тексеруге не себеп болды? Халық банктің дивиденттері ме, әлде бұдан өзге де күмәнді жайттар бар ма?

– «Дивиденттерді «Алмэкс» АҚ-ға аударған» деген – жаңсақ нәрсе. Halyk Bank-тің негізгі акционері – «Алмэкс» компаниясы. Оның құрылтайшылары – Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева.

Halyk Bank өз акционерлеріне дивидент төлеу туралы шешім шығарды. Акционерлердің шешімі бойынша, 200 миллиард теңгеге жуық ақша Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаеваға төленуі тиіс. Бұл ақша аударылды ма, жоқ па, одан хабарым жоқ. Десе де, бұл құрылтайшылардың заңды ақшасы деп есептелінеді.

Ескі Қазақстан
Коллаж NEGE

Дейтұрғанмен, «Олар осы банкке кезінде қалай қол жеткізді? Кезіндегі жинақ банкті қалай жекешелендіріп алды?» деген сұрақтар бар. Кейіннен Halyk Bank-ке басқа банктер қосылды. Мәселен, «Қазкоммерцбанкті» қосты. Бұл банктерді сауықтыру үшін кезінде бәленбай ақша бюджеттен бөлінді. «Қазкоммерцбанкке» бір миллиардтан астам доллар берілді. Сол «Қазкоммерцбанк» жойылып, Halyk Bank-тің құрамына енді.

Одан кейін басқа төрт-бес банктің басын қосып, Jusan банк құрылды. Оны, тіптен, Қазақстаннан шығарып әкете жаздады. Осындай құйтырқы әрекеттермен, халыққа тиесілі қазына есебінен құрылған қаржылық институттарды жекешелендіріп әкетті.

– «Ескі Қазақстанның» «Жаңа Қазақстанға» өшпенділігі туралы жиі айтып жүрсіз? Себебі неде?

– Елді топан су басып, бюджеттен зардап шеккендерге ақша тауып беру қиын болып тұрған кезде, бұлар демонстративті түрде Halyk Bank-тің жиынын өткізіп, өздеріне 200 миллиард теңге дивидент алып жатыр. Елдің зығарданы қайнап тұрған кезде мұны әдейі нақақ істеген тәрізді. «Сендер зарлап жатсаңдар, біздің мына жақта қағанағымыз – қарық, сағанағымыз – сарық» деп, қаскөйлікпен істеген шешім секілді көрінеді.

Жау қуып келе жатқан жоқ. Дивиденттерін кейін де алуға болады. Мұның бәрі «Ескі Қазақстанның» «Жаңа Қазақстанға» қарсы жасап жатқан амалы деп білемін.

– Кейбір сарапшылардың пікірінше, қайынатасынан кейін Тимур Құлыбаев отыз жыл ішінде сыртқа көп активтерді шығарған адам көрінеді. Мұнымен келісесіз бе?

– Бұл пікірмен келісуге болады. Өзі де, әйелі де – Forbes тізіміндегі миллиардер. Демек, олардың ұрлағаны да, сыртқа шығарғаны да сонша болуы тиіс.

Миллиардер
Фото: ғаламтордан

Өйткені, Қазақстанның жағдайында, яғни 30-40 миллиард доллар көлеміндегі бюджеті бар елде таза бизнесте жүріп, сауда-саттықпен, жылжымайтын мүлікпен айналысып, миллиардер болу мүмкін емес. Тек қана мұнай саласында немесе биліктің ықпалымен үлкен жобаларды игеріп, арасында жымқыру, яғни мемлекет қаржысын ұрлау арқылы ғана миллиардер болуға болады деп есептеймін. Құлыбаевтар – сондай миллиардердің бірі. Демек, олардың да сыртқа шығарған ақшасы өте көп болуы тиіс.

– «Заңсыз активтерді қайтару» туралы заңы қабылдадыңыздар. Осы заң бойынша, Құлыбаевтардың активтері тексеріле ме? Сіз айтқан тексеріс осыны көздейді ме?

– Бұл жағын тұспалдап айтайын. Өйткені, мен де 100 пайыздық дерек жоқ. Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаеваға қарсы істелініп жатқан әрекет «активтерді қайтару» жөнінде болуы керек деп ойлаймын. Бірақ оны қандай құқықтық негіздерде, қандай құқықтық талаптармен жүзеге асырып жатқанын айтып бере алмаймын. Бірақ тексеру жүріп жатқаны туралы нақты ақпарат менің қолымда бар.

Мен мұны қоғамға бір белгі ретінде айтып отырмын. Біз ұрланған активтерді қайтару туралы заң шығардық. Бірақ оның орындалу барысынан хабар жоқ. «Парламент заң шығарып бергенмен, жаңа Қазақстан айналыспай жатыр немесе айналса да, қайтып келген ақшаның қайда кетіп жатқаны құпия» деген қоғамда пікір қалыптасуы мүмкін.

Комиссия
Н.Сүйіндіков активтерді қайтару жөніндегі комитет жетекшісі. Фото: ғаламтордан

– Депутат ретінде өздеріңіз шығарған заңның орындалуын бақылай аласыздар ма?

– Әрине, біздің депутат ретінде шығарған заңымыздың орындалуын талап етуге хақымыз бар. Бұл – парламенттің ғана емес, халықтың мүддесіндегі шаруа. Мемлекеттің мүддесі. Өйткені, бұл – әділеттілікті қалыптастыру қағидаларын қалыптастыратын науқандық шара. Әлдебір мемлекеттік органға тапсырып, олардың ойына келгенін жасауына мұрсат бермейміз. Әрдайым бақылап, тексеріп, алған ақпаратымызды елге жеткізу керек және тиісті мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуін талап етеміз. Менің ұстанымым – осы.

Ұрланған активтерді елге қайтару – өте үлкен мәселе. Елдегі әлеуметтік әділеттілікті қалыптастырудың бір құралы. Сондықтан мұны біз табандылықпен талап етуіміз қажет. Атқарылған шаруа жөнінде қоғамға баяндап беріп отыруымыз керек. Мемлекеттік органдар қалғып кетпесі, самарқау болып кетпесі үшін түрткілеп, қамшылап, талап етуге тиіспіз.