4 Қыркүйек 17:35
...

Баяғыдай береке жоқ. «Хабардың» қоржыны НЕГЕ жеңілдеп барады?

Фото:

«Хабар» агенттігі 2022 жылдың аудиттелген қаржылық есебін шығарып, өзіндегі жағдайдың аса мәз емес екенін байқатты. Телеарнаның жылдық табысы үш есе қысқарған. Мемлекеттік тапсырыстан да береке қашып барады.

«Хабардың» сырты бүтін болғанымен, іші түтін. 2022 жылдың басында кассада жатқан 2,7 миллиард теңгеден енді тек 1,17 миллиард теңге ғана қалды. 2022 жылдың қортындысы бойынша таза табысы 67 миллион теңгені көрсеткен. 2021 жылы агенттік табысы 151 миллион теңге болғанын ескерсек, кірістің жылдан-жылға азайып бара жатқанын көреміз.

"Хабар агенттігі" АҚ 2022 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: PROGRESSAUDITKZ

2021 жылы «Хабарға» мемлекет ақпараттық тапсырыс арқылы 16,5 миллиард теңге берсе, 2022 жылы тек 14,6 миллиард теңге түскен. Қалғанын «Хабар» жарнамадан, бағдарлама сатудан тапты.

Мемлекет қолдауы азайып бара жатса да, «Хабардың» digital бағыты нарыққа бейімделіп, жақсы нәтиже көрсете бастады. Телеарнаның сайты былтыр жарнамадан 115 миллион теңге табыс әкелді.

«Хабар» ақшаны қайда жұмсады? 3,1 миллиард теңге телевизия сигналын таратуға, 4,3 миллиард қызметкерлердің жалақысына, 1,2 миллиард «Қазмедиа» орталығына, 1,1 миллиард теңге аутсорс бағдарламаларды сатып алуға шығындалған. Онымен бірге телеарна мемлекетке 490 миллион теңге салық төледі.  

Биыл «Хабар» мемлекетке дивидендті аз беретін болды. 2020 жылдың қортындысы бойынша агенттік ақпарат министрлігіне 381,7 миллион теңге, 2021 жыл үшін 105 миллион теңге төлесе, былтырғы жыл үшін аударатыны небәрі 60 миллион теңгенің маңайында болмақ.

Агенттіктің өз серіктестерінің алдында 612 миллион теңге берешегі бар. Авторлар қоғамына 37 миллион теңге, жаңалық тарататын Reuters-ке 21 миллион теңге, түрік сериалдары үшін дистрибьюторларға 38 миллион теңге төлеуі тиіс. «Хабар» тіпті жеке кәсіпкер Ләйла Сұлтанқызына 2,2 миллион теңге қарыз екен.  

Тегтер: