Құлыбаев бастаған тренд. Болат Өтемұратов шикізат бизнесінен НЕГЕ кетті?

Банктерге ие болып отырған «Ескі Қазақстан» олигархтары жайлап кен, шикізат сынды бизнестен шыға бастады. Тимур Құлыбаев мұнай-газ нарығынан кетіп, толығымен «Халық банк» тобымен айналыса бастаса, тағы бір олигарх Болат Өтемұратов алтын бизнесінен кетіп, өз назарын қаржы мен телекоммуникация саласына аударды. Осылайша көппрофильді бизнес дәуірі бітіп, монопрофильді тренд қалыптаса бастаған.
Болат Өтемұратов – Қазақстандағы «сәтті келісімдер королі». 2007 жылы ол «АТФ» банкін италиялық «UniCredit» тобына 2,2 миллиард долларға сатып, ел тарихындағы ең табысты сауда нәтижесін көрсеткен еді. Араға 6 жыл салып италиялық инвесторлары аталған банкті 400 миллион долларға сатып әрең құтылды.
Енді Өтемұратов үлестің басым бөлігі өзінің отбасына тиесілі алтын өндіретін «RG Gold» өндірістік алпауытын Қытайдың «Zijin Mining Group» тобына сату келісімін жапты. Қазақстан тарапы сату сомасы туралы тіс жармаса да, Қытай жақтан жеткен ақпарат бойынша алтын өндірісінің негізгі кешені Райгородок 1,2 миллиард долларға сатылған. Демек, шамамен осы соманы «RG Gold» компаниясының сатылған құны деп есептеуге негіз бар.

1,2 миллиард доллар «RG Gold» үшін жақсы баға ма? Бұл қазіргі курспен 650 миллиард теңге. Сатушы жақ, яғни Болат Өтемұратов үшін бұл – өте жақсы баға. Өйткені 2023 жылдың қаржылық есептілігі бекіткеннен кейін, акционерлер компаниядан 97,5 миллиард теңге дивиденд шығарып алған болатын. Ол дивидендтен 14,6 миллиард теңге салық төленгеннен кейін, қалған 82,5 миллиард теңгесін өзара бөліп алды.
Болат Өтемұратов «RG Gold» кәсіпорнының 65 пайыз акциясына иелік етті. Компанияның қалған 35 пайыз үлесі «Resource Capital Funds» АҚШ-тың инвестициялық тобының қолында болды. Былтыр төленген дивидендтен 53,6 миллиард теңгені Өтемұратовтың алғаны анық. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша дивиденд төленетіні туралы ақпарат жарияланбады.

Сонда «RG Gold» 2024 жылдың нәтижесінде тіркелген 107 миллиард теңге капиталымен сатылып отырғаны анық. Капиталдың 103 миллиард теңгесін үлестірілмеген кіріс құрайды. Жыл басында «RG Gold» ЖШС-інде 153 миллиард теңге актив, 43 миллиард теңгелік міндеттеме болған. Компанияда айтарлықтай қарыз жоқ.

Мұндай кәсіпорынды 650 миллиард теңгеге сату Өтемұратов үшін өте сәтті мәміле деп отырғанымыз да сондықтан.
65 пайыз үлесімен есептесек, Болат Өтемұратовтың отбасына осы келісімнен 422 миллиард теңге немесе 780 миллион доллар түсті.
Болат Өтемұратов алтын өндірісінің қызығын барынша көрді. Оның «Верный Капитал» инвестициялық тобы «Райгородок» алтын кенішіне 2014 жылдан бастап иелік ете бастаған еді.
Қазір кеніште шамамен 100 тонна алтын қоры бар. Жаңа қожайын атанған қытайлар оны соңғы технологиямен үнемді игеріп, өз инвестицияларын ақтап алатынына сенімді сияқты.