13 Сәуір 18:56
...

«Хабардан» жағымсыз хабар: 439 млн теңге қайда кетті?

Фото:

Бүгін «Хабар» телеарнасына қатысты екі ақпарат қатар жарияланды. Біріншісі – Есеп комитетінің телеарнаның бұған дейінгі жұмысынан тапқан қаржылай заңсыздығы, екіншісі – жаңадан тағайындалған басқарма төрағасы Берік Уәлиді Президенттің қабылдауы.

«БЕСсимптомно» телеграм-каналының жазуынша, өткен жылы Есеп комитеті «Хабар Агенттігі» АҚ-ны тексеріп, 439 млн теңге көлемінде қаржылық заңсыздықтарды анықтаған. Мемлекеттің 1, 5 млрд теңгесін тиімсіз жұмсаған, мақсатсыз жоспар жасаған, қызметкерлеріне 49 млн теңгені негізсіз үлестіріп берген, тағысын-тағылар.

«Қыруар қаржы жұмсалғанына қарамастан, телеарна хабарларының рейтингі төмен болған. Бұл – түсірілген хабарлардың сапасы төмен болғанының және бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалғанының салдары», – депті республикалық бюджеттің орындалуын қадағалау бойынша Есеп комитетінің мүшесі Нұрлан Нұржанов.

Бірнеше жыл бойы «Хабар» арнасы бюджеттің қыруар қаржысына экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы түрлі фильмдер түсіріп келгені белгілі. Мемлекеттік аудиторлар бұл жерден де кілтипан тапқан. Ешкімге белгісіз жеке кәсіпкерліктер атынан бюджеттің ақшасы игерілген және ол «жеке кәсіпкерлер» бір адамның төңірегіндегілер болып шыққанға ұқсайды.

Естеріңізге салайық, «Хабар» агенттігін 2019-2022 жылдары Ерлан Бекқожин басқарған.

Е.Бекқожин. «Хабардың» бұрынғы басшысы. Фото: ortcom.kz

Телеграм-канал «Хабар» агенттігінің қазіргі басшысы Берік Уәлидің атына да сауал жолдаған. Алайда агенттік басшылары «тексеру аяқталғанша бұл мәселеге қатысты түсініктеме бермейміз» деп шешіпті.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Берік Уәлиді қабылдады.

Фото: akorda.kz

БОРТ №1 телеграм-каналы: «Берік Уәли Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Хабар» Агенттігі» АҚ құрамындағы телеарналардың жұмысы туралы баяндады;

жаңа телемаусымда іске қосуға жоспарланған жобалар мен ақпараттық, қоғамдық-саяси, танымдық бағыттағы контенттерді шығару жөнінде айтты;

Агенттікті техникалық жағынан жаңғырту жоспары туралы мәлімет берді.

Президент мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруда агенттіктің маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, «Хабар» телеарналар тобының жұмысын заман талабына сәйкестендіруді тапсырды», – деп жазды.

«Хабар» агенттігінің төңірегінде болып жатқан қаржылық тексерулер турасында сөз болған жоқ...

Тегтер: