14 Қыркүйек 08:35
...

Телевизия және мемлекет. «Қазақстан» РТРК» НЕГЕ табыстан айрыла бастады?

Фото:

Жарнама нарығындағы жаңа трендтердің алғашқы соққысы «Қазақстан» телерадиокомпаниясына тиді. Интернеттегі таргеттелген жарнама нарығының өсуі өз кезегінде тележарнама нарығын тарылтуы мүмкін екені бұған дейін де болжанған еді. Бірақ оның тез арада бұлайша іске асарын ешкім күтпеді. Бұл теленарық үшін, өзін телевизия саласында көретін мамандар үшін өте көңілсіз сигнал.

«Қазақстан» РТРК» АҚ 2020 жылдың қаржылық қортындысын шығарды. Корпорацияның активтері 22,2 миллиард теңгені болса, капиталы 12 миллиард теңгеге жеткен. Түсім 29,3 миллиардтан 31,1 миллиард теңгеге өссе де, оны өндірілген тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнының өсуі жуып-шайып жіберген. Нәтижесінде 2020 жылы телерадиокорпорацияның табысы 2019 жылғы 330 миллион теңгеден 231,8 миллион теңгеге төмендеді.

«Қазақстан» РТРК» АҚ 2020 жылғы аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Russell Bedford

Пандемия кезінде интернет жарнама жақсы өссе, керісінше, телекорпорацияның коммерциялық табыстан қағыла бастағанын байқауға болады. 2019 жылы корпорация жарнамадан 2,4 миллиард теңге кіріс көрген болатын. Ал 2020 жылы түскен пайда 1,9 миллиард теңгенің көлемінде болып отыр. Оны пандемияға жабуға болмайды, себебі карантин кезінде компаниялар, әсіресе, FMСG секторы тарапынан жарнама көлемі аса қатты құлаған жоқ.

«Қазақстан» РТРК» АҚ 2020 жылғы аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Russell Bedford

Орталық Азия жарнама қауымдастығының мәліметінше, 2020 жылы Қазақстандағы тікелей жарнама нарығының көлемі 62,56 миллиард теңге болған. Ол 2019 жылмен салыстырғанда 5,2 пайызға аз. Пандемия жарнама нарығына бәлендей жағымсыз әсер бермегенін көріп отырмыз. Осы кезде интернет жарнама 12,5 пайызға өскен, ал телевизия 4,2 пайызға құлаған. Ең зардап шеккені – радио мен баспасөз. Олардың жарнама түсімдері орта есеппен 33 пайызға қысқарған.

Мемлекетсіз «Қазақстан» телерадиокорпорациясының бір күн де жұмыс істей алмайтыны анық. Себебі 2020 жылға арналған мемлекеттік тапсырма шеңберінде корпорация бюджеттен 24 миллиард теңге алған. Сонда 31 миллиард теңге түсімнің 24 миллиард теңгесі мемлекеттен бірден тікелей түскен, ал қалғандары аймақтық ақпараттық тапсырыстар ретінде өңірлерден жиналғанын көруге болады.

2021 жылға арналған республикалық бюджет қосымшасы. Дереккөз: ҚР Қаржы министрлігі 

Таза бәсекелестік танытатын коммерциялық нарықта акционерлік қоғамның тапқаны 2 миллиард теңгеге де жетпейді. Сондықтан корпорация мемлекеттен тапсырыс алмаған жағдайда қазіргі моделімен шығынға батары анық және қаржылық есебінде плюске тек мемлекеттің көмегімен шығып отыр.

Корпорация есеп-шоттарында 2,5 миллиард теңге жатқан. Оның ішінен 192 миллион теңгені «Қазақстан» телерадиокорпорациясы депозитте ұстап, 35 миллион теңге пайда тапты. 2020 жылы корпорацияның басшылық құрамы 12 адамнан тұрғанын айта кету керек. Оларға 2020 жылы 121,8 миллион теңге төленген. Сонда әр басшыға жылына 10 миллион теңгеден келді. Бұл аса көп емес.

«Қазақстан» РТРК» АҚ 2020 жылғы аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Russell Bedford

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының тағдыры да, болашағы да мемлекетке байланысты. Дәл қазіргі күйінде ол жекеменшік формада жұмыс істей алмайды. Шығыны көп, табысы аз.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының дамуымен, қалаларға 5G, ал ауылдарға 4G интернеті жететін болса ютуб пен стримингтік сервистер аудитория назарын көбірек аударып, телевизияның қазіргі үлесін тартып алары анық. Бұл жағдайда «Қазақстан» телерадиокорпорациясына бизнес-моделін өзгертіп (стрим, подписка, контентвизия), зумерлер заманына барынша бейімделуге тура келетін болады.

Себебі, экономикадағы жағдай нашарлайтын болса, мемлекет корпорацияға жыл сайын 25-30 миллиард теңге бөліп отырудан бас тартуы да мүмкін.         

Тегтер: