25 Тамыз 13:30

Хабар VS YouTube. НЕГЕ жаңа медиа «госзаказдағы» ойын ережесін өзгертуге кірісті?

Фото:

Әлеуметтік желілер мен сайттар аудиториясы жағынан дәстүрлі мемлекеттік ақпарат құралдарын басып озды. Енді олар мемлекеттік БАҚ-қа жұмсалатын қаржыдан өздеріне үлес сұрауда.

«Медиа нарығына бәсекелестіктің жаңа деңгейі қажет», – дейді бізбен тілдескен «Salem Social Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Александр Аксютиц. Осыдан бірнеше күн бұрын Александр осы тақырыпқа қатысты бірнеше нақты ұсынысты Премьер-Министр Асқар Маминге жеткізіп, премьер ол ұсыныстармен келіскен болатын. Аксютиц ұсынған статистикалық мәліметтер бойынша, Salem-ге елдегі инстаграм аудиториясының 90 пайызы, ал YouTube көрермендерінің тең жартысы тиесілі. Орташа ай сайынғы қаралымы 50 миллионға жуық. Nege.kz есебінше, Salem – әлеуметтік желілердегі отандық сегменттің ең ірі корпоративті ойыншысы. Себебі, Salem сынды заңды тұлға пайда болмағанға дейін, аудиториямен жеке тұлғалар (блогерлер) жұмыс істеп келген болатын.

Александр Аксютиц ұлттық статусқа ие, медианы бағалайтын тәуелсіз орган құруды ұсынып отыр. Келесі қадам – мемлекеттік ақпараттық тапсырыс (тендер арқылы БАҚ-қа берілетін қаржы) сол орган жариялаған рейтинг негізінде үлестірілуі керек.  

Фото: Александр Аксютиц

 

Қазір отандық рейтинг нарығында 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан ірі ойыншы бар, ол – Kantar Media тобы (TNS Central Asia). 1997 жылы ресейлік Gallup Media және Gallup AdFact компанияларының бастамасымен құрылған.

Егер рейтингті есептейтін компания бар болса, онда басқа есептеуші орган не үшін қажет? Kantar Media есебінше, теледидар көрермен назарының 45 пайызын, интернет – 40%, радио – 13%, газет-журнал 2 пайызын алады. Бірақ ондай статистикамен жаңа медиа өкілдері мүлде келіспей отыр.

«Kantar Media Ресейден контент сатып алатын орыстілді телекомпаниялардың үлесін жоғары қылып көрсетеді, ал ауылда үлкен сұранысқа ие қазақша арналар мен аудиториясы телевизияны артта қалдырған интернетті елемейді» дейді атын атамауды өтінген телекомпания өкілі.

Nege.kz есебінше, бұл салада түрлі мүдделер бір жерге тоғысқан қызық жағдай болып отыр. Мемлекеттік арналар бюджеттен ақпараттық тапсырыс алумен қатар коммерциялық жарнамадан да пайда табуға кет әрі емес. Қазір коммерциялық жарнама (GRP есебінен – Nege.kz ескертуі) Kantar Media рейтингі негізінде бөлінетіндіктен, ресейлік контентті көрсететін жекеменшік телеарналар жарнамадан көбірек пайда табады. Ол мемлекеттік арналарға ұнамайды. Өз кезегінде қазіргі жағдайға жаңа медиа өкілдері (ютубер, блогер, вайнер, зумерлер) де қарсы. Себебі мемлекеттік ақпараттық тапсырыс оларды елемейді. Жаңа медиа да интернетпен көбірек санасатын басқа мекеменің пайда болуын күтеді.

«Осыған ұқсас бастамалар бұған дейін де көтерілген болатын», – дейді Nege.kz сауалына жауап берген Телерадио хабарын таратушылар ұлттық қауымдастығының атқарушы директоры Шолпан Жақсыбаева. «Идея әлі де өзекті, Gallup (Kantar Media – Nege.kz ескертуі) қазақстандық арналардың рейтингін объективті түрде көрсетпейді».

«Жалпы, бұл тағы бір квазимемлекеттік құрылымның пайда болуына және бюджеттен ақша алуға бағытталған бизнес-жоба. Жеке телеарналар үшін оның қажеттілігі күмән тудырады. Негізгі пайдасын көретіндер – мемлекеттік арналар»

«Ақпарат кеңістігінің ұлттық есептегішін құру немесе бұл нарыққа басқа да компаниялардың кіруі туралы мәселе бұрыннан бері бұқаралық ақпарат құралдарында ғана емес, сонымен қатар салалық кездесулерде де талқыланып келеді. Мәселен, Медиа Құрылтайда соңғы 3-4 жыл ішінде біз бұл тақырыпты бірнеше рет күн тәртібіне шығардық, арнайы панельді сессиялар өткізіп, пікірталастар ұйымдастырдық. Сұрақты қазіргі есептеуіш компанияның (Kantar Media – Nege.kz ескертуі) жұмысына көңілі толмаған ақпарат құралдарының басшылары көтеріп жүр», – дейді бізге осы тақырыпқа қатысты түсініктеме берген Қазақстан Пресс-клубының президенті Әсел Қарауылова. «Бірақ оның өзектілігіне қарамастан, бұл жерде біраз сұрақ бар. Енді бастысы кез-келген шешім нарықтың барлық қатысушыларымен келісілуі керек».

«Қазіргі есептеуші нарықта 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыттан бері қалыптасып қалған есептеу практикасы - ара қатынастардың бақылаушысы іспеттес. Ол жүйенің ішінде нарықтың барлық ойыншылары, жарнама агенттіктері, жарнама берушілер, PR-компаниялар айналып жүр.

Нарықтың барлық қатысушылары қазіргі кемшіліктерді анықтап, оларды шешудің жолдарын өздері тапқаны бәлкім дұрыс па еді? Егер жаңа компания құрылатын болса, халықаралық тәжірибені ескеріп, жобаға барынша ашықтық енгізіп, Ресей мен Қытайдағыдай халықаралық компаниямен біріккен кәсіпорын түрінде ұйымдастыру қажет. Соңғы жылдар көрсеткендей, мемлекет ең тиімді менеджер емес.  Дамыған елдердің тәжірибесі бойынша, оларда да Kantar, Nielson және GFK сияқты ірі халықаралық ойыншылар жұмыс істейді. Мені мұндай жобаға мемлекет қалай араласады деген сұрақ мазалайды. Мемлекет медиа нарыққа шектен тыс араласып барады. Ал бұл нарық толығымен тәуелсіз болуы керек»

Мемлекет ақпарат кеңістігіне салалық министрлік арқылы жыл сайын 90 миллиард теңге жұмсайды. Одан бөлек, әр аймақтардағы әкімдіктердің ақпарат пен насихатқа есептеліп қойған жеке бюджеті бар. «Осы қаржыны үлестірілетін ақпараттық тапсырыс механизмінің тиімділігі күмән тудырады», – дейді Александр Аксютиц. «Қаржы халық көрмейтін, оқымайтын ақпарат құралдарына жұмсалып, шын мәнінде үлкен аудиториясы бар бағыттар ескерілмей отыр».

«Қазіргі заманғы жаңа өлшеу тақтасы қажет. Ол дәстүрлі және жаңа медианы қамтуы тиіс. Оның жұмыс нәтижесіне осы нарықтың барлық ойыншыларын қанағаттандыратындай болуы керек»

«Осы жағынан алғанда тағы бір маңызды мәселе бар», – деп жалғастырады Әсел Қарауылова. Бұл – ұлттық есептеуіштің халықаралық тұрғыдан алғандағы беделі. «Ірі жарнама берушілер дегеніміз, әдеттегідей үлкен халықаралық компаниялар. Олар жарнама берген кезде сол жердегі кеңістікті бағалайтын халықаралық компанияның болуын жақсы сигнал деп қабылдайды».

Нарықта 20 жыл ішінде қалыптасқан қатынастарды бірден жоюға болмайды. Бұл мәселе халықаралық тәжірибені зерттеу, нарықтың барлық қатысушыларымен ашық пікір алмасуды қажет етеді. Тек соның негізінде ғана шешім шығуы керек»

Александр Аксютиц инновациялар жарнама нарығында қаражаттың әділ және ашық бөлінуіне әкеледі, бұл отандық БАҚ жұмысының сапасына оң әсерін тигізеді деп отыр. Nege.kz байқауынша, нарықтағы әр қатысушының аталған мәселеге қатысты өз ойы бар және олар бір-бірімен үндесе бермейді. Жеке компаниялар даму бағытының өзіндік жолдарын ұсынса, мемлекеттің ойы мүлде басқа.

Мемлекеттің ақпарат кеңістігіне қатысты ойын 2020-2022 жылдарға арналған ақпараттық саланы дамытудың ұлттық жоспарын оқып отырып, түсінуге болады. Бір нәрсе анық. Мемлекет ақпарат кеңістігінен кетпейді және ондағы ықпалын күшейте беруге мүдделі. Тәуелсіз сарапшылар оның нарық заңына қайшы екенін айтады. Ал мемлекеттің нарық заңына жауап ретінде жылда көрсетіп келе жатқан көзірі бар. Ол – ақпараттық қауіпсіздік.

Тегтер: