Рудныйдың бұрынғы прокуроры 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды
 
                                            Қостанайда Рудный қаласының бұрынғы прокуроры Мұрат Оспановқа қатысты сот үкімі жарияланды. Ол пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Алматы, NEGE. Қостанай қаласының №2 сотында ірі мөлшерде пара алуға оқталғаны үшін (ҚК 24-бабы 3-бөлігі, 366-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы) айыпталған Мұрат Оспановқа қатысты қылмыстық іс қысқартылған тәртіпте қаралды.
Сот анықтағандай, 2025 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін Рудный қаласының прокурорының бастамасымен қала құрылыс бөлімінде ревизиялық комиссия анықтаған негізсіз еңбекақы төлеу фактісі бойынша тексеріс жүргізілген.
Осы кезеңде сотталушы ірі мөлшерде пара алуға қылмыстық ниетпен барған. Ол мемлекеттік мекеменің басшысының міндетін атқарушыдан тексерісті тоқтату және қылмыстық қудалаудан босату үшін 20 млн теңге көлемінде пара түрінде ақша беруді жеке өзі талап еткен.
Сотталушы құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан ақша алу кезінде ұсталған.
Сотталушыны 20 млн 100 мың теңге мөлшерінде ақша қаражатын алу кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстады. Пара соммасының бір бөлігі (8 миллион 100 мың теңге) муляж болған.
Тараптардың ұстанымы:
Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы мен оның қорғаушылары айыппұл түріндегі жаза қолдануды өтінді.
ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің санкциясында негізгі жаза ретінде параның 60 еселенгеннен 70 еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салу немесе 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Пара сомасының бөлігі ұқсастырылған ақша болғандықтан Қазақстан Жоғарғы Сотының «Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарын қарау практикасы туралы» нормативтік қаулысының 16-тармағына сәйкес сотталушының әрекеті пара алуға оқталу ретінде сараланды.
ҚК-нің 56-бабы 3-бөлігіне сәйкес, қылмыс жасауға оқталғаны үшін жаза мерзімі немесе мөлшері тиісті бапта көзделген негізгі жазаның ең жоғарғы шегінің 3/4 бөлігінен аспауға тиіс, яғни 9 жылдан аспайды.
ҚК-нің 55-бабы 3-бөлігіне сәйкес, үдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру тәртібімен қаралатын істер бойынша негізгі жаза мерзімі немесе мөлшері тиісті бапта көзделген ең жоғарғы шектің жартысынан аспауға тиіс, яғни 4 жыл 6 ай (9 жылдың 1/2 бөлігі).
Сот сотталушының жеке басын, жасаған іс-әрекетінің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, ҚК-нің 55-бабы 3-бөлігі және 56-бабы 3-бөлігінің талаптарын басшылыққа алып, Мұрат Оспановқа өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айыра отырып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сотталушы «аға әділет кеңесшісі» сыныптық шенінен айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
 
                            