14 Ақпан 21:36

Әкемтеатрдағы дау: Әбдіхалықов кете ме?

Фото:

М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы Мәдениет және спорт министріне, бірер күндікте  Қазақстан президентінің атына дейін хат жазған. Осы мәселеге байланысты бүгін театрға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың өзі келді.

Айта кетейік, хатта театр ұжымы басшысы Сәбит Әбдіхалықовтың орнында қалуын талап еткен. Бас-аяғы 160 адам қол қойған хатта театр басшылығының жұмысына оң баға беріліпті. «Бір жыл ішінде көрермендер саны 30 пайызға өсіп, театрдың жалпы өндірістік тиімділігі 20 пайызға артты. Театрдың ұзақ жылдар бойы жиналған миллиондаған қарызының толықтай жабылуына, театрдың имиджінің көтерілуіне, театр қызметкерлерінің қажетті жабдықтарының қамтамасыз етілуіне ұжым дән риза» деген ұжым «Театрға жаңа басшы келуі мүмкін» деген сыбыстың көп сұрақ туындатып отырғанын жеткізген. «Бір басшымен жұмыс істеп енді үйрене бергенде ауыстырып жіберетін «дәстүр» қалыптасты» дейді.

Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова келеді деген соң, ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған театр ұжымы түгел жиналды. «Мына жағдай елімізге тарап кетті. Бұл біздің театрдың абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Ұжым болған соң, әртүрлі адам болады. Бірақ арандатушылар бірен-саран ғана, көп емес. Үлкен театрға үлкен көзбен қарау керек. Сондықтан басшыны сайлап, аз уақытта алып тастауға болмайды. Бұл жерде шығармашылық еңбек бар. Техникалық құрамда жұмыс істейтіндер таңертеңнен кешке дейін осында жүреді. Олардың да жұмысы ауыр, айлығы төмен» деген басу пікір айтты А.Әшімов.

Ал театрдан шыққан шуға қатысты сөз алған Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың айтуынша, қазіргі кезде театрда репетиция талапқа сай жүргізілмейтін көрінеді. «Үкімет бөліп отырған қаржыға неге тиісті жұмыс істелінбейді? Театрдың жұмысы неге тоқтатылды? Бұған кім кінәлі? Біз мұның бәріне тексеру жүргіземіз. Еңбек тәртібі деген бар. Репетиция тоқтамау керек» деді министр.

Министрдің пікірінше, Сәбит Әбдіхалықовтың өзі жұмыстан кету жөнінде өтініш жазып, электронды поштамен жіберген. «Іле-шала денсаулығына байланысты демалысқа шығып кетті. Менің тапсырмам бойынша, вице-министр телефон соққанда ауруханада жатқанын айтқан. Аманшылық болса, өзі бәрін айтар. Бірақ ол денсаулығына байланысты демалыс алса да, 29 қаңтарда үйлену тойын жасапты. Тіпті, шетелге кетіп қалыпты. Оны да тексереміз. Алайда, ақпарат құралдарын шулатып, дұрыс әрекет істеген жоқ. Біздің талап – үкіметтің берген тапсырмасын, жұмысын, репетициясын уақытында жүргізу керек. Жұмыс тоқтамауы тиіс. Үкімет 1 қаңтардан бастап республикалық театр, өнер ошақтарының жалақысын 50 пайызға көтерді. Сонда сіздер қамқорлыққа деген ықыласты осылай көрсетесіздер ме?

Тағы бір айта кетерлігі, 2019 жылдың желтоқсанында Есеп комитеті келіп, құжаттарды тексерді. Комитеттің әкімшілікке, басшылыққа қоятын сұрағы көп. Жүргізілген есептен кейін директорға 1 млн айыппұл салынды. Театрға күрделі жөндеу жұмысы жүргізіле ме, жоқ па, ол да белгісіз. Өйткені, Әбдіхалықов күні бүгінге дейін жобалау-сметалық құжатты жіберген жоқ. Оны да орынбасарым сұрап, білді. Сіз бен біз, қоғам болып театрдың құрылыс жұмысын күтіп отырмыз. Үкімет қолдап отыр. Алайда, жобалау-сметалық құжат әлі тапсырылмаған. Бұл нені көрсетеді?», – деді министр.

Театр директоры С.Әбдіхалықовпен тікелей байланысып жүрген вице-министр Нұрғиса Дәуешов: «Әбдіхалықовтың басшы ретінде ұжымның материалдық жағын жақсартуы дұрыс. Үкімет театрды күрделі жөндеу жұмысынан өткізуді құптап, тапсырма берді. Ол үшін бізге сметалық құжат керек. Мұны әлі жіберген жоқ. Бұл туралы Әбдіхалықовқа сұрау жіберсек, бұрынғы басшылықты кінәлайды» деп толықтырды.

Әбдіхалықовты кім қолдап, кім даттап отыр?

Алайда, залда жиналған театр актерлерінің өзі екі жаққа бөлініп алған сияқты. Бірі – Сәбит Әбдіхалықовты іскер азамат ретінде қолдаса, екіншісі – мұндай азаматтың қарашаңырақты басқаруына деңгейі жетпейтінін айтады.  Мәселен, белгілі актер Болат Әбділманов: «Жаңа жылға дейін жоспарды артығымен орындадық. Соның арқасында бір айда екі рет сыйақы алдық. Бұл өз тарихымда болмаған жағдай. Осының бәрі жұмыстың нәтижесі. Екіншіден, бұл әңгіме қайдан шықты? Театрды 30 жыл басқарған Мәмбетовтің алтын ғасыры болды. Бірде құлады, бірде тұрды. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігі емес қой, көктемде егін салып, күзде орып алатын. Бұл – өнер. Оған уақыт керек. Келген басшы ортасын қалыптастырады, актерлер дайындайды. Ұжымды шығармашылық атмосфераға әкеледі. Сондықтан басшының тез арада кетуі дұрыс емес. Сәбитті театр директоры етіп тағайындағанда ұжымның 70 пайызы қарсы болды. Бірақ бір жылдың ішінде сол 70 пайызы керісінше өзгерді. Себебі, ол өзінің ептілігімен, пысықтығымен ұжымның жүрегінен орын алды. Қойылымға керектінің бәрін жасады. Бізді ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ. Сәбиттен қорқатындай не болыпты?! Осы ұжымның 70 пайызы Сәбиттің өз орнында қалғанын қалайды. Директор шаруашылық жағына жауапты. Ал шығармашылық жұмысты көркемдік кеңес шешеді» деді.  

Дария Жүсіп, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:  

– 5-6 жыл бұрын «мәдениетсіз» министр Арыстанбек Мұхамедиұлы тәп-тәуір жұмыс істеп жүрген бұрынғы директор Еркін Жуасбекті орнынан себепсіз алды. Ол кезде біздің ұжым үнсіз қалды. Сөйтті де, өз адамын қойды. Бір жыл өтер-өтпес тағы жаңа басшы келді. Бұл не деген сөз? Бұл – театрды ойыншыққа айналдырды деген сөз. Не істегісі келді, соны істеді. Сол әлі жалғасып келеді. Театрды жоғары интеллектуалды, талғамы биік тұлға басқаруы керек. Сәбиттің келгеніне әуелгіде-ақ қарсы болдым. Оны өнегелі адам ретінде санамаймын. Біздің театрдың деңгейінде жұмыс істейтін басшы емес. Осында жылдап жұмысқа келмейтін актерлер бар. Не сахнада, не лездемеде көрмеймін. Бірақ жалақы алады. Мұны ешкім айтпайды. Қойылымдар жоғары деңгейде емес. Өтірік мақтаудың керегі жоқ. Тіпті, ортаңқол дүниеге де жетпейді. Қазір біздің кәсіби деңгейіміз шешіліп жатыр.

Бақтияр Қожа, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

– Театрға жанашыр адамды не үшін орнынан алып жатқаны түсініксіз нәрсе. Министрлікке де, Тоқаевқа да хат жаздық. Сәбит келгелі театрдың көзі ашылды. Одан бұрынғы басшы қарызға кіріп кеткен еді. Қаншама жастар келіп жатыр. Оларға жағдай жасалуда. Театрды бұрынғы дәрежесіне көтеру керек. Одан бұрын да «алып тастайды» дегенде ұжым болып хат жазып, алып қалдық. Тағы да екінші толқу кетті. Біз тағы да өз бетімізбен қолдап отырмыз.

Дария Жүсіп бастаған бірлі-екілі адамға жеке көңіл бөлу керек. Сәбит бәріне тіке айтады. Біз қарапайым, кішіпейіл адамдармыз. Ал олар мұны көтере алмайды. Ондай болса өздерін дәріптейтін жеке театр ашып алсын. Кім қарсы? 

Берік Айтжанов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

– Қарашаңырақ театрдағы келеңсіз оқиға өте ұят болды. Ұжым ішінде ақсақалдардың басшылығымен өзара мәмілеге келіп, шешетін мәселе еді. Мұны халыққа жайып, Әуезов театрының атына кір келтіріп жатырмыз. Бұл – өте ұят нәрсе. Біріншіден, бір жыл бұрын театрға басшы болып Сәбит Әбдіхалықов келді. Ол кезде ішкі наразылығымды білдірдім де, 0,5 ставкаға ауысып кеттім. Мен ондай адамның жетекшілігінде жұмыс істей алмайтынымды білдім. М.Әуезов атындағы театр – қарашаңырақ. Бұл орында өресі биік, білімді, ішкі мәдениеті жоғары, өнегелі адам отыруы керек. Әзіл-сықақ әлемінің бір адамы еліміздегі алғашқы драма театрды басқаруы сұмдық қой! Оған қалай шыдап жүрсіздер? Театрдың деңгейі көтерілді дейсіздер?! Оған дейін залда көрермен тола отырған жоқ па? Шын үңіліп қараңыздаршы, «Қобыландының» көркемдік, шығармашылық деңгейі қалай? Сырт көз көрермен не дейді? Балалар мен жасөспірімдер театрында қойылатын ертегі сияқты. «Қар қызы» ше? Студенттердің дипломдық қорғау жұмысы ғой. Біздің деңгейіміз мүлде түсіп кетті. Сәбит мырза келгелі екінші рет дау-дамайға ұшырадық. Ұжым арасында алауыздық пайда болды. Біз сіздермен иық тірестіріп, бір сахнада жұмыс істейміз. Ертең бір-біріміздің көзімізге қалай тіке қараймыз? Министр ханым, өтініш, бізге дені сау, талғамы биік басшы әкеліңіздерші. Сонда бәріміз қолдар едік.

Саят Мерекеұлы, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:

–  2016 жылы директор болған Ерлан Біләл зейнеткерлерді 0,5 ставкамен жұмыс істеуге мәжбүрледі. Қол қойып бердік. 1987 жылдан бері осы қарашаңырақта еңбек етіп келемін. «Еңбегіміз еш, тұзымыз сор». Сәбиттің кабинетіне кірген адам емеспін. Менің жұмысым – сахнада. Айлығымды уақытылы алып тұрмын. Ал «директор кетеді-міс» деген сыбыстың шыққанына бір айдан асты. Бастық ауыстыру дегенге қарсымын. Соңғы бес жылда үш басшы келді. Бұл шығармашылық ұжымға кері әсерін тигізеді.

Алайда, өзін М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының орынбасарымын деп таныстырған Әлібек Әмірсейітовтің айтуынша, министрлікке жобалау-сметалық құжат жіберілген көрінеді. «2018 жылы қазанда Қаржы министрлігі байқау жариялады. Оның қорытынды сипаттамасы жарияланғаннан кейін 2018 жылдың желтоқсанында келісім-шартқа қол қойылды. Содан қаржының 30 пайызы, яғни, 16 млн теңгесі аударылды. Жалпы, лот бойынша 57 млн теңге бөлінуі тиіс еді. 2019 жылдың 27 желтоқсанына дейін тапсырдық. Мұны мемлекеттік сараптау бойынша тексере аласыздар. Яғни, жобалау құжат экспертизаға берілді. Бұл 45 күн ішінде, 4 наурызда дайын болады. Министрлікке талай рет хат жаздым. Бәрі сақтаулы» деді журналистерге берген пікірінде.

Десе де, театр әртістері директордың орынбасарын танымайтынын, тіпті алғаш көріп тұрғанын айтып, «Біздің театрдың имиджіне нұқсан келтіретін адам қайдан шықты? Неге бұл кісі іріткі салып тұр?» деп аң-таң болысты. 

Сәбит Әбдіхалықов 2018 жылдың желтоқсан айынан директор қызметін атқарып келеді. Ол жұмысын әрі қарай жалғастыра ма, жоқ па, белгісіз. Алайда, министр Райымқұлова «Жаңа әртістерді тыңдадыңыздар. Театр ұжымының пікірі біздің шешімге әсер етеді» деді. Сондай-ақ, министр Сәбит Әбдіхалықовты денсаулығына байланысты демалысы аяқталған соң шақырып, сөйлесетінін айтты. Себебі,   директордың жұмысына қатысты басы ашық сұрақ көп екен.  

Тегтер: