Антикордың бұрынғы басшысы Бас прокурордың орынбасары болып тағайындалды

"Мемлекет басшысының өкімімен Асхат Жұмағалиұлы Бас прокурордың орынбасары қызметіне тағайындалды", – делінген Ақорданың хабарламаcында.
Алматы, NEGE. Тиісті құжатқа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Асхат Жұмағалиұлы 1979 жылы 19 тамызда Арқалық қаласында дүниеге келген. Ол Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (2000) тәмамдаған.
Еңбек жолын Астана қаласы прокуратурасында, Бас прокуратураның алдын ала тергеулер мен анықтаулардың заңдылығын қадағалау департаментінде бас маман, прокурор, аға прокурор, Бас прокурордың аға көмекшісі болып бастады (2001-2001). Одан кейін экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының кеңесшісі, тергеу департаменті мен сыбайлас жемқорлық істерін анықтау және алдын алу департаменті бастығының бірінші орынбасары, тергеу басқармасының бастығы (2012-2014 жж.) қызметтерін атқарған.
Бас прокурордың аға көмекшісі (2014-2016), құқық қорғау органдары академиясының ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары және директоры (2016-2018 ж.ж.), Ұлттық тергеу бюросы тергеу департаменті басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (2018-2019) басшысы болған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы , сотқа дейінгі тергеу қызметінің бастығы (2021-2020 жж.) қызметтерін атқарған.
2023 жылғы сәуірден 2025 жылғы шілдеге дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.