18 Қазан 06:00
...

Алматыда бір жастағы сәбидің өліміне қатысты тергеу басталды

Денсаулық сақтау саласы
Фото: ғаламтордан

Алматыда бір жастағы қыз баланың өліміне байланысты тергеу жүргізіліп жатыр. Сәби қалалық Балалар клиникалық инфекциялық ауруханасында көз жұмған. Ата-анасы дәрігерлер балаға дұрыс диагноз қоймағанына сенімді, деп хаьарлайды КТК. 

Алматы, NEGE. «Бір апта бұрын ауруханада бір жасар қызымнан айырылдым. Бізге ұзақ уақыт бойы ауру тарихын көрсетпеді. Тек сағат 11:40-та баланың жүрегі тоқтағанын айтты. Қызым сондай мейірімді, тәтті, белсенді, өте ақылды еді. Өзі сөйлейтін, тіпті дәретханаға сұранатын. 24 қазанда 1 жас 11 ай толар еді. Жанымды қарып барады», — деді анасы.

Ата-ананың айтуынша, кішкентай Елдана ішінің ауырғанына шағымданып, жедел жәрдеммен инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Онда дәрігерлер оған «энтеровирустық инфекция» диагнозын қойған. Сәбиді бес күн емдеген, бірақ жағдайы нашарлай берген. Елдана жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Тек мәйітті ашқаннан кейін оның ішек түйілуінен көз жұмғаны анықталған.

Туыстары дәрігерлерді немқұрайлылық танытты деп айыптап, полицияға арыз жазған.

«Бұл факті бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне, қалалық Денсаулық сақтау басқармасына және прокуратураға шағым жолданды. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды, іс тіркелді. Алайда әзірге ол ҚР ҚК 317-бабы — «Медициналық қызмет көрсету міндеттерін тиісінше орындамау» бойынша сараланбаған», - деді заңгер Аида Қуандықова.

Ал дәрігерлер өздерін кінәлі санамайды — олар бар мүмкіндікті жасадық деп отыр.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрғанын хабарлады:

«Болған жағдайға объективті және жан-жақты талдау жүргізу мақсатында Алматы қаласы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне тексеру жүргізу туралы хат жолданды. Себептері мен мән-жайына қатысты қорытынды тексеріс пен сот-медициналық сараптаманың нәтижесінен кейін ұсынылады», — делінген басқарманың мәлімдемесінде.

Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қайғы жұтқан ата-ана кінәлілердің жазасыз қалмауын талап етуде.