«Ақ жол» кімге бұйырады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билік тізгінін толық қолына алған соң, осы уақытқа дейін кадр мәселесінде көп өзгеріс жасап үлгерді. Әсіресе, үкімет пен күштік құрылымдарда.
- Оқи отырыңыз: Билік күшті ме, Beeline күшті ме?
Партияларға келсек, бұрынғы «NUR OTAN» «Аmanat» болып, атын ғана ауыстырып қойған жоқ, ығай мен сығайлар сүзгіден де бір өтіп шықты. Билікпен етене кейбір саяси партиялардың хәлі дауыл алдындағы тыныштықты еске түсіреді.
А.Перуашев. Фото: Sputnik
Қазақстандық саяси жауырыншылар дардай аты, бұралаң тарихы бар «Ақ жол» партиясының басшылығында ауыс-түйіс болатынын болжап отыр. Мәселен, саясаттанушы Андрей Чеботарев бұл партияның көшбасшысы Азат Перуашевтың орнын сақтап қалуы екіұдай екенін тұспалдайды.
«Биліктің қысымымен «Ақ жол» партиясының басшысы ауысуы бек мүмкін. Өйткені Азат Перуашев қазіргі ел басшылығы үшін лоялды тұлға емес», – дейді Андрей Чеботарев.
Қазіргі таңда Президент әкімшілігінің үміткерлерге қойылатын ең басты талаптардың бірі – осы лоялдылық. Ал Азат Перуашевке экс-президент Н.Назарбаев пен оның олигархтарына тым жақындығы таяқ болып тиіп отыр. Ол әлденеше рет президенттің қабылдауына кіріп, Ұлттық құрылтайдың мүшесі болып үлгерген «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев емес.
Сонда, оның орнына «Ақ жолға» кім келуі мүмкін? Бұл – ақжолдықтарды қатты алаңдатып отырған басты сауал. Оның жауабын Ақорда анық біледі. Қазірдің өзінде «сайлап қойған» үміткерінің есімін 6 қазан күні жариялауы ғажап емес. Өйткені сол күні «Ақ жолдың» сиезі өтеді.
Десе де, басты үміткерлерге тоқтала кетсек, ауызға ең алдымен ілінетіні қазіргі Мәжіліс депутаты – Айдос Сарым. Ол «Ақ жолға» мүлде бөтен адам емес.
А.Сарым.
Тең төрағалардың бірі болмаса да, партияның іргетасын қалауға сіңген еңбегі бар. Оның үстіне, Қаңтар оқиғасы кезінде бұқаралық ақпарат құралдарына шығып, халықтың алаң көңілін аулап, орнықты, уәжді сөз айта алған саусақпен санарлық адамның бірі.
Естеріңізде болса, аласапыран кезде Ермұхамет Ертісбаев та шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына белсенді сұхбат беріп, Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын ашық айтқан «ерлігі» үшін Қазақстанның Халық партиясы басшысының орынтағына қонжиған-ды.
Осылайша, бұл партия ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ықпалынан шыққан. «Ақ жолдың» тізгінін Айдос Сарымға ұстатса, бұл қиын-қыстау кезде қол ұшын бергені үшін Ақорданың рахметі болуы ықтимал.
Тағы бір үміткердің бірі – Иманғали Тасмағамбетов. Өйткені, кейбір деректер бойынша, қазір президент әкімшілігі мен Иманғали Тасмағамбетовтің арасында келіссөз жүріп жатқанға ұқсайды. Кейбір халықаралық ұйымдардан бір үлкен қызмет бұйырады деген сыбыс бар.
И.Тасмағамбетов.
Иманғали Тасмағамбетовтің шаруашылыққа ептілігі үшін – халыққа, өткізгені үшін шығармашылық адамдарына біршама сүйкімі бар. Десе де, «Назарбаевтың өнімімін» деп ант-су ішкенімен, «ескі Қазақстанда» өзін «ақ қарға» сезінгені байқалады. Тілек білдірсе, тәжірибелі Тасмағамбетов үшін «Ақ жол» лоялдылық сынығы болуы бек мүмкін.
Сондай-ақ кейбір сарапшылар Әлихан Бәйменовті «Ақ жолдың» есігін қайта ашуы мүмкін» деседі. Кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілев, Ораз Жандосов, Төлеген Жүкеевтермен ат құйрығын кесіскенде көпшілік «партия ішіндегі Троян аты» деп осы Бәйменовті атаған. Қанша жерден лоялды екенін дәлелдегісі келсе де, бүгінгі билік Бәйменовке оң қабақ таныта қояр ма екен?..
Ә.Бәйменов.
Десе де, шешім Ақорданың қолында. Президент сайлауынан аман-есен өтіп алса, Парламент сайлауының да төбесі көрініп қалады. «Ақ жол» партиясының парламентте сүбелі үлесі бар екені анық. Бұл дәстүрді Тоқаев билігінің өзгерте қоюы неғайбыл. Гәп – осы тарихы бар партияның парламенттегі орындарды қандай көшбасшымен бөліске салатынында.