28 Қыркүйек 17:55

Билік күшті ме, Beeline күшті ме?

Фото:

Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, қазақ билігі көрші елдердің үгіт-насихат құралы қызметін белсенді атқарып жүрген телеарналарды жабуға кетәрі емес. Оған тек ұрымтал тұс пен нақты себеп қажет. Beeline Kazakhstan-ның бүгінгі қадамы – істің басы. Десе де, бұл жерде ақпараттық қауіпсіздік пен сөз бостандығы тағы да кереғар келіп отыр.

Аталған ұялы байланыс операторы 5 қазаннан бастап «TV Интернет Дома» және BeeTV сервистері арқылы бірнеше шетелдік телеарналарды көрсетуден бас тартып отыр. Соның ішінде 15 ресейлік телеарна бар.

Атап айтқанда, Кремльдің дауыс зорайтқыш құралы болып отырған «Победа», «Первый канал СНГ», «НТВ МИР», «ТВ Центр» және «Россия 24» телеарналары. Мұның орнын «Еврокино», «Любимое Кино», «1HDmusic» және «Еда Премиум HD» арналары толтырмақ.

Ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі де бұған қатысты түсініктеме берді.

«Бұл жайында хабарым бар. Бүгін Beeline компаниясының мәлімдемесі жария болды. Мұның министрлікке қатысы жоқ. Өйткені, Голландияда орналасқан жекеменшік компания. Олар қолданушыларының талғамын сараптап, өз аудиториясын анықтайды. Соған орай жеке шешім қабылдайды», – дегенді айтты министр.

Дархан Қыдырәлінің пікірінше, Beeline компаниясы шешімінің саясатқа ешқандай қатысы жоқ. Ұлттық заңды бұзбаса, Ресейдің үгіт-насихат құралдарына айналып кеткен телеарналар Қазақстанда көрсетіле бермек.

Beeline компаниясы да  мұның астарында саясат жатқанын терістеп отыр.

«Контенттерді және ұсынымдарды қайта қарастыру – сандық операторлар үшін кәдуілгі тәжірибе. Абоненттеріміздің талғамына сәйкес бұл жалғаса береді», – дейді компания өкілдері.

Айтуынша, қолданушылардың дені – жастар. Сондықтан көңіл көтеретін video-on-demand контентке басымдық беріп отыр екен.

Десе де, Beeline ресейлік арналармен шектелмейді. Бірқатар шетелдік БАҚ қосаққа ілінген. Мәселен, қазақстандықтар француздың «France 24 HD», украиналық «Kvartal TV», немістің «Deutsche Welle HD», түріктің «TRT AVAZ HD» (TRT Avaz HD), Беларусьтің «Беларусь 24 HD», және батыстық «EuroNews English HD», «RTVi HD, Euronews», «CNN International», «РБК» (РБК-ТВ), «BBC World News HD» (BBC World) және басқа да арналарды көре алмайтын болды.

Елімізде Ресейдің агрессивті сыртқы саясатының үгіт-насихат құралдарын жабу туралы жиі сөз болып келеді. Алқалы жиындарда кейбір шенеуніктер тарапынан жария түрде Тоқаевқа да осындай ұсыныс айтылғаны есте. Бұл мәселе төңірегінде қоғамның пікірі сан қилы болып шықты.

Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты:

Тыныш жатқан жыланның құйрығын басудың қажеті жоқ

– Бірінші орында экономикалық мәселе тұр. Beeline компаниясы –экономикалық субъект. Ең алдымен шығынының азайып, пайдасының көбейгенін ойлайды. Телеарналарға жарна төлеу тиімді емес. Ешкім көрмегендіктен, алып тастап жатыр.

Екінші жағынан, бұл еліміздің демографиясына қатысты жағдай деп айтуға болады. Интернет тұтынушылардың негізі – қазақ жастары. Оларды Ресейдің дәстүрлі саяси арналары қызықтыра бермейді. Жастарға өз контенті мен ойын-сауық керек. Beeline компаниясының мәлімдемесі де осыған саяды.

Өзім осы компанияның тұтынушысымын. Жіберген ақпараты маған да келді. Бұл – заманның өзгергені.

Ақпарат министрімен де, басқалармен де сөйлесіп отырмыз. Рас, қоғамда ресейлік арналарды жабу туралы бұрыннан әңгіме айтылып жүр.

Меніңше, бұл жерде жұмсақ тәсілдер керек сияқты. Біз кедендік одақтың мүшесіміз. «Ресейден басқа елдердің – беларусьтің, қырғыздың, армяндардың каналдары неге жоқ?» – деген сұрақ қоюымыз керек. Мәселен, елімізде 100 мыңнан аса әзербайжан тұрып жатыр. Бұл да электоралдық тұрғыдан, басқа қырынан да аз күш емес. «Неге солардың жағдайын жасамаймыз?» деп талап қойып, кабельдік операторлармен келіссөз жүргізу керек.

Тыныш жатқан жыланның құйрығын басудың қажеті жоқ. Бірақ тиісті жұмыстарды жасай беру қажет.

Шавкат Сабиров, «Қазақстанның интернет қауымдастығының» жетекшісі:

Тыйым салсаң, көрерменді ақымақ санағаның

– Өз басым телеарналарды жабуға қарысымын. Бәрін жаба берсек, не болады? Тек өлген адамдар туралы ғана не жақсы сөз айтылады, не ештеңе айтылмайды. Жаман сөз айтқандардың бәрін жаба берсек, өлілер еліне айналып кетеміз.

Батыстың да, Ресейдің де телеарналары көрсетіле берсін. Адамдар қалағанын көреді. Біздің халық – өте сауатты. Сандық технологияларды меңгерген. Әлемде не болып жатқанын бәрі жақсы біледі. Сондықтан жабудың ешқандай мәні жоқ.

Жауып тастаса, бұдан да жаман болады. Көрушілер 100 есе көбейеді. Мәселен, YouTube арнасы арқылы Әбіләзов трансляция жасаған кезде, Қазақстанда интернет өшіп қалып жатты. Нәтижесі керісінше болды. Адамдарда қызығушылық оянды. Қаралымы миллионнан асып кетті.

Сондықтан тыйым салуға болмайды. Тыйым салсаң – көрерменді ненің не екенін білмейтін ақымақ санағаның. Бұл бір-екі телеарнаны ғана көрсететін Кеңес дәуірін еске түсіреді.

Тегтер: