«Мәскеу мен Пекинді бомбалаймын!» – Трамптың атышулы мәлімдемесін қалай түсінеміз?

АҚШ президенті Дональд Трамптың «Мәскеу мен Пекинді бомбалаймын» деген аудиожазбасы халықаралық қоғамдастық арасында қызу пікірталас тудырып, әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Осы жағдайға байланысты NEGE тілшісі халықаралық саяси процестерді зерттейтін сарапшы, канадалық PhD кандидат Филипп Эйсиден пікір сұрады.
Филипп Эйси – канадалық PhD кандидат және тәуелсіз саяси зерттеуші. Оның зерттеулері соңғы жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне, БҰҰ агенттіктеріне, дипломаттарға және гуманитарлық ұйымдарға Еуропа, Азия, Африка және Оңтүстік Америка бойынша ақпарат беруге пайдаланылады.

Филипп Эйсидің айтуынша, Трамптың бұл мәлімдемесін Ресей немесе Қытайға қарсы ашық соғыс жариялау ниеті деп түсінуге болмайды. Керісінше, бұл АҚШ-тың әскери және саяси күшін пайдаланып, Ресейдің Украинаға, Қытайдың Тайваньға басып кіруін тежеу әрекеті болған.
«Трамптың Путин мен Си Цзиньпинге бағыттаған бұл қоқан-лоқысы АҚШ-тың Ресеймен немесе Қытаймен соғысқысы келгенін білдірмейді. Керісінше, ол АҚШ-тың күшін пайдаланып, Ресейдің Украинаға немесе Қытайдың Тайваньға ықтимал басып кіруін болдырмауға тырысты деуге болар. Бұл қауіп сес көрсету арқылы алдын алу әрекеті болды, яғни шиеленісті күшейту үшін емес, керісінше, соғыстың алдын алу үшін істеген.
Ол Ресей мен Қытайға мынадай белгі берді: егер мен президент болып тұрған кезде Украинаға немесе Тайваньға шабуыл жасасаңдар, біз қатаң жауап қайтарамыз, ал сендер соның ауыр зардабын тартасыңдар. Мүмкін, осындай қауіп Ресейдің 2022 жылдың ақпанына дейін Украинаға кірмеуіне себеп болған шығар. Естеріңізде болса, 2021 жылдың көктемінде Трамптың президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін бірнеше ай өткен соң Ресей Украинамен шекара маңына үлкен көлемде әскери техника мен ондаған мың әскерін жинай бастады. Бұл әрекеттер Украинаға бір жылдан кейін жасалған басып кіруді алдын ала жоспарлау мақсатында жасалды», – дейді сарапшы.
Эйси бұл стратегияны қорқытып тежеу деп бағалайды. Оның пікірінше, Кремль мен Бейжің Трамптың бұл сөздеріне толық сенбесе де, жартылай сенімнің өзі олардың әрекетін өзгертуге жеткілікті болған.
«Трамптың айтуынша, Путин мен Си Цзиньпин бұған толық сенбесе де, жартылай сенуі жеткілікті болған. Себебі, алдын алу үшін (яғни, қорқыту тиімді болу үшін) қарсы тараптың бұл қауіпке толық сенуі міндетті емес, тек белгілі бір деңгейде сеніп, өз әрекетін өзгертсе жеткілікті. Бұл АҚШ-тың ұлттық мүддесіне сай болар еді. Трамп осы арқылы АҚШ-тың ұстанымын нақтылап, қатаң жауап беретінін ескертті. Путин мен Си Трамптың әрекетін құр қоқай деп есептесе де, оны тексеру үлкен тәуекел болар еді, өйткені Трамп әрекетін жүзеге асырып, Батысты Ресейге немесе Қытайға қарсы соғысқа тартуы мүмкін еді.

Еске түсірейік, бастапқыда Путин Украинада ісіне Батыстың араласуына жол бермейді деп ойлады. Ол Батыстың араласуын қаламаған, күткен де жоқ. Алайда Ресей Украинада толық жеңіске жете алмағандықтан, бұл қақтығыс үш жылдан астам уақытқа созылып кетті. Осы уақыт ішінде Батыс елдері Украинаға саяси және әскери көмек көрсетті, Ресейге қарсы санкциялар салды. Нәтижесінде Ресей басқа бағыт алуға мәжбүр болды», – дейді Эйси.
Қорытындылай келе, сарапшы Трамптың бірінші мерзімдегі бұл әрекетін Ресей немесе Қытайды жоюды көздейді деп қарастыруға болмайды, сондай-ақ бұл ядролық немесе жаһандық соғысқа итермелеу емес екенін атап өтті.
«Трамптың бұл әрекеті қақтығысты болдырмауға және өзін бейбітшілікті сақтаушы президент ретінде көрсетуге бағытталған. Шын мәнінде, Трамп алғашқы мерзімінде АҚШ әскерін ешбір ірі әскери жанжалға тартқан жоқ. Мұндай жағдай соңғы рет 1970-жылдары Джимми Картердің тұсында болған», – дейді халықаралық сарапшы Филипп Эйси.