7 Шілде 12:03
...

Андрей Чеботарев: Қазіргі жағдай Кеңес Одағындағы қайта құруды еске түсіреді

Фото:
Қазір елді алаңдатып отырған басты мәселе пандемия екені ақиқат.

«Альтернатива» өзекті зеттеулер орталдығының директоры Андрей Чеботарев қазіргі жағдайда локдаунның оңтайлы шара екенін айтады. Коронавирустан бөлек, сұхбат барысында елдің саяси өмір жайлы, алдағы парламент сайлауы, билік ішіндегі ықпалды топтар, оппозицияның ахуалы туралы тұщымды ойлар айтылды. Сарапшының пікірінше, қазір билік ішінде екі вектор айқын көрініп отыр. Белгілі бір шенеуніктер мен ықпалды топтар өз орнын әлі анықтап үлгермеген. Олардың кейбірі Елбасының консервативті трендін, кейбірі Тоқаевтың прогрессивті трендін қолдайды.

Соңғы кездері коронавирус пен өкпе қабынуынан қаза болғандардың саны күрт артып кетті. Бәлкім, қатаң шараларға қайта оралу керек шығар. Қалай ойлайсыз?

– Қатаң шараларға оралудың қажеті жоқ. Өйткені, бұл экономикаға кері әсер етеді. Мемлекет бюджетіне үлкен салмақ салады. Салық жинамай, азаматтардың түрлі санаттарына көмек көрсетуге тура келеді. Қазір ұсынып отырған локдаун – оңтайлы шара. Десе де, адамдардың жаппай жиналуына қосымша шектеулер енгізу артық болмас еді.

Кейбіреулер айтып жүргендей, Елбасының туған күнінен кейін елімізде үлкен өзгерістер бола ма? Үкіметтің отставкаға кетуі қаншалықты ықтимал? Жаңа үкіметті жасақтауға кімнің мүмкіндігі зор?

– Өз басым, үкімет отставкаға кетеді дегенге күмәнмен қараймын. Себебі, үкімет Президент қойған міндеттерді шама-шарқынша орындап жатыр. Бұған қоса, жаңа Премьерді тағайындау келісуді талап етеді немесе Ақорда мен Кітапхана арасына жік түсіруі мүмкін. Сондықтан Кітапхана тарапынан сауал туындамаса, Президент бұл мәселені көтеріп, тәуекелге бармайды. Бұл жерде бірнеше түйткіл бар. Қазіргі Премьер-министр Асқар Маминге «Нұр Отан» партиясының жаңа сайлауалды бағдарламасын жасау тапсырылған. Сондықтан Елбасы оны орнынан алуға мүдделі емес. Президент те Елбасымен сөзге келгісі келмейтіні анық.

Бәрі парламент сайлауын күтеді. Содан кейін Үкімет Конституция бойынша отставкаға кетуі тиіс. Жаңа үкімет басшысын сосын тағайындауға болады. Бір төтен жағдай болып, үкіметті қайта құру керек болып жатса ғана, өзгеріс болуы ықтимал. Әзірге бұған ешқандай негіз жоқ.

А.Мамин. Фото: kommersant.ru

– Бізде парламент сайлауы қашан өтеді деп ойлайсыз? Мәжіліс құрамында қандай өзгерістер болуы мүмкін? Парламентке жаңа партиялар ене ме?

– Мерзімінен бұрын сайлау өткізуге қазір ешқандай қажеттілік жоқ. Меніңше, билік үшін сайлауды неғұрлым әрі шегеру тиімдірек болмақ. Бұдан гөрі пандемия мен дағдарысқа қарсы шараларды қолға алу маңыздырақ. Қазір партиялар үшін, тіпті «Нұр Отан» үшін де халықпен тығыз байланысқа түсу мүмкіндігі жоқ. Пандемия жағдайында праймеризді қалай өткізетіні де түсініксіз. Қазіргі жағдайда халық арасында билікке наразылық өршімесе де, белгілі бір дәрежеде апатия кездеседі. Халыққа үгіт-насихат жүргізіп, сайлауға келіп, дауыс беруге шақыру қиынға түседі. Қалай дауыс берілетіні де жұмбақ.  Сайлаудың онлайн форматта өтуін де жоққа шығаруға болмас. Пандемияның екінші толқыны болса, сайлаушылардың бір бөлігін тиісті тетіктермен қамтамасыз етуге тура келеді.

Саяси партияларға келетін болсақ, бұл мәселе байыпты зерттеуді қажет етеді. Алайда, Мәжіліс пен Мәслихаттағы басым орындар «Нұр Отанға» тиесілі болатыны анық.

Мәжілістің есігі төртінші партия үшін ашылып қалуы мүмкін. Мәселен, «Ауыл» партиясы үшін. Бұл екі нұсқа бойынша жүзеге асуы ықтимал. Ауыл Мәжіліске төртінші партия ретінде кіруі немесе ҚХКП партиясының орнын басуы ғажап емес. Жаңа партияларға тоқталсақ, билік бүгінге дейін бұл үрдіске ноқта салып отыр. Түрлі шаралар, құрылтай өткізуге мүмкіндік бермей келеді. Бұл Демократиялық партия, «Біздің құқығымыз» атты партияларды құру бастамаларына қатысты. Мегаполистер мен аймақтардағы жеке азаматтық белсенділерге де қатаң назар аударылған. Бұл биліктің парламенттік және жергілікті сайлауларда бәсекелес жаңа партиялардың пайда болуына мүдделі емес екенін көрсетеді. Партияларға сайлау біткеннен кейін ғана тіркелуге рұқсат етуі мүмкін.

– Кейбір сарапшылар «Нұр Отан» партиясының ішінде ішкі қайшылықтар бар екенін айтады. Сайлау алдында оның қылаң беруі мүмкін бе?

– Әзірге жанжалдар байқалмайды. Бәрі төрағаның орынбасарына кімнің тағайындалатынына, қандай командамен келетініне, партия жұмысын қалай жүргізетініне байланысты болмақ. Әрине, ол жерде ықпалды екі тұлға бар. Бірі – партия төрағасының бірінші орынбасары – Бауыржан Байбек және Парламент мәжілісінің спикері – фракцияны басқарып отырған Нұрлан Нығматулин.  Соңғысы, Байбекке қарағанда, саяси тәжірибесі, салмағы жағынан ерекшеленеді. Алайда, бұл екеуінің арасында ашық кикілжіңдерді байқап отырғанымыз жоқ. Өйткені, бәрін Елбасының өзі реттеуде. Бір қызығы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың партиядағы рөлі байқалмайды. Ол өзін партиядан тыс президент ретінде көрсетіп, партия ісінен алшақ ұстайды. Дейтұрғанмен, сайлауға келгенде, оған таңдау жасауға тура келеді. Партиядан тыс тұра ма немесе бейтарап саяси ұстанымда бола ма? Меніңше, ол партияны қолдайды. Өйткені, президент сайлауында партия оған зор демеу көрсеткен.

Н.Нығматулин. Фото: informburo.kz

Қазір елімізде оппозициялық партиялар жоқ десек те болады. Соңғы кездері Белла Орынбетова және Тоғжан Қожалиева секілді жаңа тұлғалар оппозиция ретінде белсенділік көрсетіп жүр. Ескі көзден Жанболат Мамай мен шетелде тұрып жатқан Әбілязов бар. Еліміздегі жаңа оппозияцияның болашағы жайлы не айтар едіңіз?

– Өзін оппозиция ретінде көрсететін жалғыз партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия. Олардың белсенді жұмыс істемей жүргеніне көп уақыт болды. Билеуші элитамен билік үшін іс жүзінде күресіп жүрген жоқ. Сайлау жақындап келе жатқанда, бұл партия өзін көрсетуі тиіс. Партия деген атқа сәйкес келуі үшін ескі оппозицияның өкілдерін қатарына шақыруы да мүмкін. Оппозицияның қалған бөліктеріне келсек, «Оян, Қазақстан», «Республика» секілді бейресми қозғалыстар немесе «Хақ» және «Демократиялық партия» секілді партия құруға бастамашыл топтар бой көрсетті. Бәрі бұл партиялардың радикалды немесе ұстамды боларына байланысты. Мәселен, Тоғжан Қожалиева бастаған «Хақ» партиясы ұстамды әрекет жасап жатыр. Рұқсатсыз митинг өткізіп жатқан жоқ. Қатаң мәлімдемелерін әлеуметтік желілерде жасайды. Демократиялық партия болса, рұқсат етілмеген наразылық акцияларын өткізді. Сондықтан билік әрекеттеріне қарап, кімді тіркеу керек, кімді тіркемеу керек екенін шешетін болады. Ұстамды әрекет жасап жатқандардың ғана өз мәртебесін бекітуге мүмкіндігі бар.

– Билік демократиялық ұстанымдар туралы биік мінберлерден ашық мәлімдемелер жасап жүр. Елдің саяси өмірін реттейтін заңдарға өзгерістер де енгізілді. Рас, ұзын арқан – кең тұсау жасап, кейбір бостандықтар беріп те жатыр. Десе де, бұл қадамдар азаматтық қоғамның көңілінен шыққан жоқ. Бірақ басқаруда автократиялық үлгі сақталып келеді. Әсіресе, әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер мен полиция арасында. Мұны қалай түсінуге болады?

– Қазіргі режим 2019 жылға дейінгі Назарбаев режимі емес. Қазір жоғары билікте жаңа сападағы конфигурация түзілді: Қауіпсіздік кеңесін басқаратын Елбасы және Президент. Елбасы мен оның төңірегіндегілер саяси жүйенің консервативтік  құрамы саналса, Тоқаев пен оның төңірегі саяси жүйеге либерализация жасауға ұмтылуда. Бұған қоса, осы екі вектор арасында өз орнын анықтамаған белгілі бір шенеуніктер мен ықпалды топтар бар. Кейбірі Елбасының консервативті трендін, кейбірі Тоқаевтың прогрессивті трендін қолдайды. Сондықтан Ақорда тарапынан саяси жүйені либерализациялауға қарай қадамдарды көріп отырмыз. Күштік құрылымдарды Кітапхана басқарып отыр.

Меніңше, біздегі қазіргі жағдай Кеңес Одағындағы қайта құру саясатын еске түсіреді. Қайта құрудан бастап демократизациялауға дейін 4-5 жыл уақыт өткен. Біз осындай жолмен жүріп келе жатуымыз да мүмкін.

Элитаның біртұтас емес екені құпия болмаса керек. Элита ішінде жеке топтар мен кландар бар. Кейбір сарапшылар олардың арасында күрес жүріп жатқанын айтады.  Қазіргі кезде, Тоқаев тұсында, қандай кландар күш алып, қайсысы ықпалынан айырылды?

– Нұрсұлтан Назарбаев кезіндегідей кландарға бөліну айқын байқалмайды. Олар әліптің артын бағып отыр. Толық аяқталмаған билік транзитінде қалай әрекет етерін білмей дал. Әзірге саяси ықпал тетіктерінен Дариға Назарбаева тобының  ысырылғанын көріп отырмыз. Тимур Құлыбаевтың тобы экономикалық ықпалын сақтап келеді. Қалғандары «күту залында».

Айта кетерлік жайт, Елбасы отбасының ықпалы сақталып отыр. Мәселен, Ахметжан Есімовтің қолында «Самұрық-Қазынаның» тізгіні. Ықпалды топтардың текетіресі соңғы кездері айқын байқалмайды. Рас, күрес көрпе астында жүруде. Бұрынғыдай сыртқа шығып жатқан жоқ. Меніңше, қазір элита қоғамдағы наразы көңіл күйдің артуына алаңдап отырған жайы бар. «Сыртқы жаудың» алдында бәрі бірігіп кетті дей алмаймын. Десе де, бір-біріне қатаң қарсы тұрушылық жоқ.

Тегтер: