17 Маусым 17:42
...

«Ақ Жайық» тілшілерін бауыздағысы келіп жүрген кімдер?

Фото:

Өткен аптада «Ақ Жайық» редакциясы жергілікті полицияға ресми арыз түсірді. Себебі, бәзбіреулер басылым тілшісіне қоқан-лоқы жасаған. Жалпы, редакция ұжымының айтуынша, мұндай қысым көрсету 30 жылдан бері жалғасып келеді екен. Бұл туралы басылым редакторы газет бетінде және әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Әсіресе, қысым соңғы бір жылдың ішінде күшейіп кетіпті. Тәуелсіз басылым басшылығы мұны өздерінің саяси, экономикалық мәселені ашық әрі жан-жақты жазатынымен байланыстырады.

«Ақ Жайық» басылымы 10 маусым күні Атырау облысы полиция департаменті басшысы Хамза Үмбетқалиевтің атына ресми түрде арыз жазып, онда соңғы кезде редакция тілшілеріне хабарлама жіберу және интернет желілері арқылы қоқан-лоқы жасау жиілігенін айтқан.

Тіпті, редактор Азамат Майтановқа жасалған қорқыту әрекеті жөнінде түсірген арыз негізінде ҚР Қылмыстық кодекстің 115-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, белгісіз біреудің IP-мекенжайы нақты көрсетілсе де, әлі күнге іс ілгері жүрмеген. 

Nege.kz тілшісі «Ақ Жайық» газетінің бас редакторы Азамат Майтановқа хабарласты.

– Азамат, сіздерге қысым көрсету толастамай тұрған көрінеді. Мұны өзіңіздің жазбаңыздан оқып-білдік... 

– «Ақ Жайық» газеті – Қазақстанның алғашқы тәуелсіз газеттерінің бірі. 1993 жылдан бері жарық көріп келеді. Жалпы, қорқытып-үркіту, ескерту дегенді газет ашылғалы бері естіп, көріп келеміз. Себебі, билікке, саясатқа қатысты орынды сын айтамыз. Ашық көзқарасымызды көрсетеміз. Түрлі журналистік зерттеу жүргізіп, ойымызды ашық, бүкпесіз жазамыз. Осы үшін әкім-қаралар, шенеуніктер талай рет сотқа да берді. Бірақ пәлен жылдан бері бәрінен аман-есен өтіп келеміз. Өйткені, біз шынайы, жан-жақты зерттеуге көңіл бөлеміз.

– Қорқытып-үркіту әлі де жалғасып келе ме?

– 2002 жылы газеттің баспаханасын өртеп жіберді. Ол кезде «Ақ Жайық» типографиясы Мұхтар Әблязовтың «Республика» басылымының кезекті санын басып шығаруға батылы жеткен еді.

Сол түні біреу баспаханаға ішінде жанатын сұйықтығы бар бөтелкені лақтырып кеткен. Мұның қасақана жасалғаны белгілі. Тура сол жылы әлдекім редакцияның кіреберісіне адамның бас сүйегін іліп кеткен.

Алайда, полиция мұны еріккен біреудің ойынына балады. 2010-2019 жылдар аралығында сайтымызға бірнеше мәрте шабуыл жасалды. Соңғы кезде журналистерді ашық түрде қорқытуға көшті. Жарияланған мақаланың астына «өлтіреміз» деп пікір қалдырса, енді бірі жекесіне шығып, қысым көрсетеді. Олар кімдер? Біз оларды білмейміз. Біздің жауымыз билік басында, әкімдіктерде болуы мүмкін. Сондықтан редактор ретінде ұжым тілшілерінің қауіпсіздігіне жауаптымын.

– Биліктің тәуелсіз басылымдарға деген көзқарасы өзгерген жоқ па?

– 2019 жылдан бері бас редактормын. Оған дейін редактордың орынбасары болдым. Газеттің интернет нұсқасында веб-редактор қызметін де атқарамын. Біз тәуелсіз басылымдар бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдадық. БАҚ туралы заң жобасына министрлік кабинетінде өздерімен-өздері өзгеріс енгізгісі келеді. Соны неге журналистік қауымдастық ортасында ашық талқыламайды?

Осы ұсыныс далада қалмаса екен. Өйткені, қоғамда алғы шепте кабинетте отырған шенеуніктер емес, журналистер жүр. Сондықтан ашықтыққа бет бұрып, заң жобасы журналистермен бірге дайындалуы керек.

Кейде маған еліміздегі, аймақтағы тәуелсіз басылымдар қорғансыз сияқты көрінеді. Бізге неге көңіл аудармайды? «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорына да арыз түсірдім. Себебі, қарамағымдағы журналистке қастандық жасалса, ол жауапкершілік менің мойныма түседі. Біздің жалғыз қаруымыз – жария қылу. Бізді қорқытатындардың қарасы көбейіп кетті.

Өткенде тарихи тұлға туралы мақала жарияласам, «Сіздер неге қазақтың ұлтшылдарын рухтандырасыздар? Сіздердің тілшілерді бауыздау керек, редакцияны өртеу керек» деп пікір жазыпты. Соны скрин жасап, полицияға арыз түсірдік.

– «Ақ Жайық» газетінің тиражы қанша?

– Қазір қағаз түріндегі нұсқасы азайды. 2 мың данамен шығады. Негізінен интернет сайтқа көңіл бөліп жатырмыз. Оқырманның көбі заман ырғағына сай интернет арқылы оқиды. Сайт оқылады. Күніне 35-40 мың адам кіреді. Мұнайлы өлкедегі ең белсенді, ашық жазатын БАҚ-тың біріміз. Әсіресе, Жаңаөзен оқиғасын, жер мәселесіне қатысты митингілерді, азаматтық белсенділердің соңына түсу дерегін, тіпті басқа басылымдар тісі батпаған дауларды шынайы жарияладық. Сол үшін де билік тарапынан сан мәрте «ескерту» алғанбыз.     

Тегтер: