21 Шілде 18:42
...

Премьер-министр Олжас Бектенов Грузияның экономика және тұрақты даму министрі Мариам Квривишвилимен кездесу өткізді

Үкімет
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Грузияның экономика және тұрақты даму министрі Мариам Квривишвилимен кездесу өткізді.

Алматы, NEGE. Онда сауда мен инвестицияларды дамытуды, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды, көлік-логистикалық байланыстарды кеңейтуді, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) шеңберінде, сондай-ақ АӨК-дегі тауар айналымын арттыруды қоса алғанда, екіжақты ынтымақтастық мәселелері қаралды.

Премьер-министр Қазақстан Грузияны тұрақты және өзара тиімді диалог құратын сенімді экономикалық әріптес ретінде қарастыратынын атап өтті.

2025 жылғы қаңтар-мамыр айларында екі ел арасындағы тауар айналымы $75,2 млн-ды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,7%-ға артық.

Кездесу барысында көліктік-логистикалық өзара іс-қимылды нығайтуға көңіл бөлінді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында елдер арасындағы теміржол жүк тасымалының көлемі 159,5 мың тоннадан асты, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67%-ға артық.

ТХКБ-ны дамытудағы маңызды қадам PTC Holding компаниясы салған жобалық қуаты жылына 120 мың ЖФЭ құрайтын Грузияның Поти портында жаңа қазақстандық контейнер терминалының іске қосылуы болды. Бұл Грузияның негізгі теңіз хабтарының бірінің аумағында жүзеге асырылған алғашқы қазақстандық инфрақұрылымдық жоба.

«Бұл орта дәліз бойынша жүк ағынының көлемін арттыруда маңызды рөл атқаратын бірлескен табысты жұмыстың жарқын мысалы. Аталмыш жоба Қытайдың Ляньюньган және Сиань қалаларындағы логистикалық терминалдарды қоса алғанда, ТХКБ шеңберінде Қазақстанның қолданыстағы инфрақұрылымын үйлесімді түрде толықтырып отырғанын атап өту маңызды. Осылайша, Шығыс Азияны Еуропамен байланыстыратын біртұтас, дәйекті логистикалық тізбек құрылуда»,

— деп атап өтті Олжас Бектенов.

Маршрутты одан әрі дамыту дәліздің тиімділігін арттыруға, қосымша транзиттік жүктер мен инвестицияларды тартуға, сондай-ақ Қазақстан мен Грузияның өңірдің негізгі логистикалық орталықтары ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Батуми мұнай терминалы мен портының қуатын кеңейту, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін - астық, ұн, ет-сүт және кондитерлік өнімдерді грузин нарығына жеткізуді ұлғайту мүмкіндіктері талқыланды.

Грузияның Экономика және тұрақты даму министрі Мариам Квривишвили Қазақстанмен сауда, туризм және логистикалық инфрақұрылым салаларында әріптестікті кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар туристік байланыстарды нығайтудың, экономикалық өсімді ынталандыру мен көлік желісін дамытудың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға және Үкіметаралық комиссия шеңберінде жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін жеткізді.