Ғазиз Әбішев: Қазақстан мен Түркия бір-біріне не үшін қажет?
Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы байланыстың жаңа кезеңге өткенін көрсетті. Сапар аясында бірқатар саяси, экономикалық және мәдени келісімдер жасалып, Түркия президенті Қожа Ахмет Ясауи атындағы орденнің алғашқы иегері атанды.
Астана, NEGE. Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, бұл сапар жай ғана дипломатиялық кездесу емес, аймақтағы жаңа геосаяси жағдайға байланысты жасалған стратегиялық қадам.
– Қазіргі таңда Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай күшейіп келеді. Мұның астарында не жатыр?
– Қазіргі прагматизм үстемдік еткен заманда кез келген мемлекет сыртқы саяси байланыстарын барынша әртараптандыруға тырысады. Қарапайым тілмен айтқанда, орындықтың аяғы неғұрлым көп болса, ол соғұрлым орнықты болады. Сондықтан мемлекеттер бір ғана серіктеске тәуелді болып қалмауға ұмтылады.
Түркия да дәл осындай саясат жүргізіп отыр. Анкара бір мезетте бірнеше ірі геосаяси жобаны қатар дамытып келеді. Соның бірі – неоосманизм. Яғни бұрынғы Осман империясының тарихи ықпалына сүйене отырып, өзінің аймақтық ықпал аймағын қалыптастыруға ұмтылады.
Екінші бағыт – панисламизм. Бұл жерде Президент Ердоған ислам әлеміндегі көшбасшылық рөлін күшейтуді көздейді.
Үшінші бағыт – еуроатлантизм. Түркия НАТО құрамында, Ұлыбританиямен ерекше байланысы бар әрі қазіргі жағдайда ашық мойындамаса да, Еуроодаққа ұмтылысын толық тоқтатқан жоқ.
Ал осы жобалардың тағы бірі – түркі әлемі. Бұл – «Тұран» идеясы аясындағы ықпалдастық. Мұнда Түркия ортақ этномәдени бірегейлік пен тарихи тамырға сүйене отырып, өзіне тірек болатын одақтастар қалыптастырғысы келеді.
Қазақстан да осыған ұқсас көпвекторлы саясат жүргізіп отыр. Біз еуразиялық интеграцияға қатысамыз, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасымен жұмыс істейміз, АҚШ-пен, Еуропамен, Парсы шығанағы елдерімен байланыс орнатамыз. Сонымен қатар түркі әлемі жобасына да қатысып отырмыз. Яғни «Тұран» идеясы аясындағы ықпалдастыққа Қазақстан да мүдделі.
Бұл – ең алдымен прагматикалық саясат. Бірақ түркі халықтарына тән шығыстық дәстүр бойынша мұндай қатынастар рухани жақындықпен, ортақ тарих туралы идеялармен қатар жүреді.
– Қазақстан мен Түркияның жақындасуында Ердоғанның рөлі қандай?
– Әрине, Ердоғанның рөлі өте маңызды. Әсіресе 2022 жылы Украинадағы соғыс басталғаннан кейін қауіпсіздік мәселесіне қатысты алаңдаушылық күшейді. Сол кезде Ердоған бірнеше рет Түркияның Қазақстанмен әрдайым бірге болатынын айтты.
Тіпті Түркияны Қазақстанның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігінің кепілі ретінде сипаттады. Яғни қандай да бір қауіп төнсе, Түркия Қазақстанды қолдайтынын аңғартты. Бұл сөздерді жай дипломатиялық мәлімдеме деп қабылдауға болмайды. Себебі Түркия Әзербайжанға нақты қолдау көрсетті. Сондықтан Анкараның мұндай мәлімдемелері Қазақстан үшін маңызды сигнал болды.
Осы себепті Қазақстанда Түркияға, соның ішінде Ердоғанға ерекше ықылас бар. Мысалы, Ясауи орденінің Ердоғанға берілуі – символдық әрі орынды шешім. Өйткені ол түркі әлеміндегі ықпалдастықтың және екі ел арасындағы жақындасудың белгісі ретінде қабылданады.
Ал «мәңгілік достық» туралы келісім Қазақстан мен Түркия арасындағы ерекше стратегиялық қатынасты тағы бір мәрте бекітті.
– Түркия үшін Қазақстанның маңызы қандай?
– Қазақстан – Орталық Азиядағы маңызды мемлекеттердің бірі. Осындай жағдайда Қазақстанмен жақын байланыс Түркияның ықпалын күшейтеді. Ал Қазақстан үшін Түркияның қауіпсіздік кепілдіктері мен экономикалық серіктестігі маңызды рөл атқарады. Оның үстіне Қазақстанның Түркиямен саудасында оң сальдо қалыптасқан.
Бұл – сирек кездесетін жағдай. Сондықтан Түркиямен экономикалық ынтымақтастық Қазақстан үшін тиімді болып отыр. Екі ел арасында арнайы экономикалық кедергілер де қойылып отырған жоқ.
– Қазақстан мен Түркияның халықаралық саясаттағы мүдделері қаншалықты ұқсас?
– Түркия өзін жаһандық супердержава ретінде көрмесе де, ірі өңірлік держава ретінде танытқысы келеді. Ал Қазақстан халықаралық аренада «орта держава» мәртебесін күшейтуге ұмтылып отыр. Сондықтан екі ел бір-бірінің амбициясын қолдайды. Өйткені халықаралық саясатта ықпал үшін күреспеген мемлекеттердің тағдырын өзгелер шешеді.
Мұндай жағдайда елдер ірі державалардың ықпалына тәуелді болып қалады. Сондықтан Қазақстан да, Түркия да халықаралық аренадағы өз орнын күшейтуге мүдделі.
– Қасым-Жомарт Тоқаев түрік компанияларын Құрық пен Ақтау порттарын дамытуға шақырды. Бұл порттардың маңызы неге артып отыр?
– Түркия энергия ресурстары мен логистикалық бағыттарды әртараптандыруға қатты мүдделі.
Мысалы, қазақстандық мұнай Ақтау портынан Бакуге, одан әрі Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы Түркияға жеткізілуі мүмкін. Қазір бұл құбыр толық қуатында пайдаланылып отырған жоқ. Себебі Қазақстан үшін Теңіз мұнайын Каспий құбыр консорциумы арқылы экспорттау тиімдірек.
Бірақ Түркия үшін қазақстандық мұнайдың осы бағытпен келуі маңызды. Өйткені Түркия сыртқы шикізатқа қатты тәуелді мемлекеттердің бірі. Соңғы жылдары мұнай бағасының қымбаттауы Түркия экономикасына айтарлықтай әсер етті.
Сонымен қатар Түркия Таяу Шығысқа және шығыс бағыттарына көптеген тауар экспорттайды. Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты Иран бағыты логистикалық тұрғыдан күрделеніп кетті. Сондықтан Түркия үшін Орталық Азия арқылы өтетін балама әрі сенімді дәліздердің маңызы артып отыр.
Тақырыпқа орай: «Қадірлі бауырым»: Тоқаев Ердоғанмен түскен фотосын жариялады
– Түркияда Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп ашылды, ал Түркияның «Маариф» қоры Астана мен Алматыда екі мектеп салады. Білім беру саласындағы ынтымақтастықтың астарында не жатыр?
– Бұл – жұмсақ күш саясатының бір бөлігі. Жалпы, мектептер мен білім беру жобалары халықтарды мәдени әрі менталдық тұрғыдан жақындастырудың дәстүрлі құралы саналады. Түркия Қазақстандағы ықпалын осы бағыт арқылы да күшейтуге тырысып отыр.
Кезінде қазақ-түрік лицейлері, қазіргі БИЛ мектептері Түркияның мәдени және білім беру ықпалын арттыруда өте үлкен рөл атқарды.
Қазақстан үшін бұл салада да халықаралық бәсеке бар. Қазір елде британдық, америкалық және ресейлік білім беру жобалары белсенді жұмыс істеп жатыр. Сондықтан Түркияның бұл бағыттағы белсенділігі де жұмсақ күш саясатының маңызды бөлігі ретінде қарастырылады.
Жалпы алғанда, саясаттанушы Ғазиз Әбішев атап өткендей, Қазақстан мен Түркия арасындағы қазіргі қарым-қатынас эмоцияға емес, нақты геосаяси және экономикалық мүдделерге негізделген. Екі ел де сыртқы саясатта көпвекторлы бағытты ұстана отырып, халықаралық жүйедегі өз орнын нығайтуға ұмтылып отыр.
Сарапшының пікірінше, Түркияның аймақтық держава ретінде күшеюі мен Қазақстанның «орта держава» мәртебесіне ұмтылысы бір-бірін толықтыратын үрдіс. Ал түркі әлемі, логистикалық бағыттар, қауіпсіздік пен білім беру саласындағы ынтымақтастық – осы серіктестікті нақты мазмұнмен толықтырып отыр.
Сұхбаттасқан Әйгерім Кабиденова