«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды
15 мамырдағы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Астана, NEGE. Парламентте заң жобасын әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды. Оның мәлімдеуінше, «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» заң жобасы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясын іске асыру мақсатында әзірленген.
«Конституциялық заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесінің жоғары конституциялық-консультативтік орган ретінде құқықтық мәртебесі айқындалады, оның мақсаттары, міндеттері мен қызмет қағидаттары белгіленеді, сондай-ақ өкілеттіктері, ішкі құрылымы және қалыптастыру тәртібі бекітіледі. Заң жобасының негізгі тұжымдамасы қоғам мен мемлекет арасындағы жалпы ұлттық диалогтің тұрақты тетігін жүйелі түрде қалыптастыруға бағытталған», – дейді әділет министрі.
Сәрсембаевтың нақтылауынша, Қазақстан Халық Кеңесі мемлекеттік органдардың қызметін алмастырмайды, ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша келісілген ұсыныстарды әзірлеуге арналған пікір алмасу алаңы болады.
Конституциялық заң жобасында негізгі мәселелер бойынша шешім қабылдайтын жоғарғы басшылық орган – Сессия болатыны айқындалған. Оның құзыретіне заң жобаларын енгізу және референдум өткізу туралы бастамалар кіреді.
Сондай-ақ Төралқа құру көзделген. Оның қызметіне сессиялар аралығында ағымдағы қызметтерді іске асырып, шешімдер әзірлеу кіреді.
Жекелеген мәселелерді пысықтау үшін тұрақты және уақытша комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтары құрылмақ.
Кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және талдамалық тұрғыдан хатшылық қамтамасыз етеді деп белгіленген. Оны мемлекеттік орган ретінде құру ұсынылып отыр.
«Халық Кеңесінің құрамын қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылған. Заң жобасында қоғамның негізгі топтары, этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің тең дәрежедегі өкілдігі көзделеді, яғни Халық Кеңесінің құрамы аталған топтардың ұсынымдарын ескере отырып, 42 мүшеден тең дәрежеде қалыптастырылатын болады», – дейді Сәрсембаев.
Заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімін төрт жыл деп белгілеу, ал Кеңес төрағасын Сессияда төрт жылдық мерзімге Президенттің ұсынысы бойынша және Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасымен сайлау ұсынылуда. Бұл ретте бір адамның Кеңес төрағасы болып екі рет сайлануына жол берілмейді.
Кеңес өкілеттігіне ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, заң шығаруға қатысу, референдум өткізу жөнінде бастамалар көтеру, қоғамдық талқылау мен диалог алаңдарын ұйымдастыру, сондай-ақ қоғамдық бақылауға қатысу кіреді. Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін ұйымдастыру және өткізу функциясы жүктелмек.